25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Зұлхижжа айының 5 ерекшелігі

Зұлхижжа айының 5 ерекшелігі

Құрбан Айт
Жарнама

Алла Тағала өз пендесі үшін көбірек сауап жинап алсын деп  кейбір күндерді басқаларынан артық етіп қойды. Соның бірі – Зұлхижжа айының алғашқы он күні.

Алла Тағала Құранда: «(Зұлхижжа айының алғашқы) он кешіне серт»[1], – деп ант етті. Бұл ант осы күндердің ұлықтығы мен маңыздылығын көрсетеді.

Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағаланың құзырында осы он күнде жасалған ізгі амалдан абзал әрі сүйкімді игі іс жоқ. Ендеше сол кезде тасбихты (субханалла), тахмидты (әлхамду лиллә), тахлилді (лә иләһа илләлла), тәкбірді (Аллаһу акбар) көбейтіңдер», – деген[2].

Дінімізде келген сенімді деректер негізінде осы он күнге қатысты бірнеше үкімдер мен артықшылықтарды атап өтуге болады. Олар:

Зұлхижжа айының алғашқы он күні қасиетті күндер болып есептелінеді. Сондықтан осы кезде ынтамен ғибадат ету, көбірек ізгі іс істеу қажет. Өйткені, хадистерде сол уақытта орындалған игі істердің сауабы еселеніп берілетіні айтылған.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағалаға осы он күнде істелген игі істен жақсырақ амал жоқ», – деді. Сахабалар: «Уа, Расулалла! Сонда Алла жолында соғысу да оған тең келмей ме?» – деп сұрады. Алланың елшісі: «Алла жолында соғысу да оған тең келмейді. Тек жанымен әрі малымен жорыққа барып, кері қайтпаған адамның жағдайы бөлек», – деп жауап берді[3].         

Зұлхижжа айының алғашқы сегіз күнінде ораза ұстау – мұстахап. Бұл күннің оразасы хадисте айтылған жалпы ізгі істердің қатарына жатады. Бірақ, осы күндері арнайы ораза ұстау жайында нақты дәлел-дәйектер жоқ.

Арапа (зұлхижжаның тоғызыншы) күні ораза тұту – сүннет. Өйткені, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ол күні ораза ұстады әрі ол күні мұсылмандарды ораза тұтуға үгіттеді.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Арапа күні ораза ұстау арқылы Алладан өткен және келесі жылдың күнәсін кешіруді үміт етемін», –  деген[4]. Бұл – арапа күні ұстаған ораза екі жылдық (өткен және келер жылғы кіші) күнәні кешіреді дегені. Алайда, қажылықта жүрген адамдар арапа күні ораза ұстамайды.

Айт (зұлхижжаның оныншы) күні және ташриқ (11, 12 және 13-ші) күндері ораза ұстауға шариғатымыз рұқсат етпейді. Өйткені, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза және құрбан айт күндері ораза тұтуға тыйым салды[5] және «Ташриқ күндері – ол ішіп-жеу және Алланы еске алу күндері»[6], деді.

Құрбан айт (зұлхижжаның 10, 11 және 12-ші) күндері бай адамға құрбандық шалу – уәжіп. Алла Тағала: «Раббыңның разылығы үшін намаз оқы және құрбандық шал»[7], – деп бұйырады. Хадисте: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құрбандыққа екі ақ қошқарды жатқызып, аяғымен тіреп, бисмилләні және тәкбірді айтып, бауыздады»[8], – деп айтылған.

Құрбандық шалу Алла Тағалаға жақын болу үшін, күнәлар кешірілу үшін, Жаратушы Иеміздің көптеген нығметтеріне шүкір ету үшін, бай мен кедейге кеңшілік жасау үшін міндеттелді. Өйткені, осы күні барлық адам Алла Тағаланың қонағы болады, құрбан етінен жейді, оны тарту етеді, одан садақа береді.

Құрбан шалу арқылы пенде Ибраһим пайғамбардың сүннетін жандандырады. Құрбан айт күні Ибраһим пайғамбар өзінің баласы Исмаилды құрбандыққа пида еткенін еске алады, олардың бір мінезділігін, қайыспайтындығын және Құдайға деген сүйіспеншілігін үлгі тұтады.

Алла Тағала елімізге амандық, жұртымызға тыныш бергей! Барша мұсылман халқына бұл айды сауапты істермен өткізіп, Жаратқан Иеміздің мейірімі мен кешіріміне кенелуді нәсіп еткей!

 

[1] «Фәжр» сүресі, 2-аят.

[2] Ахмад, Табарани риуаят еткен.

[3] Әбу Дәуіт, Ибн Мажә риуаят еткен.

[4] Муслим риуаят еткен.

[5] Бухари, Муслим риуаят еткен.

[6] Муслим риуаят еткен.

[7] «Кәусар» сүресі, 2-аят.

[8] Бухари, Муслим риуаят еткен.

дереккөз: www.muftyat.kz

Бөлісу: