Сен бәрін үйреніп, біліп, мыңдаған сөрелерді кітаптарға толтырсаң да, амал жасамасаң, Қияметте саған іліміңнің ешқандай пайдасы жоқ.
Керісінше біле тұра атқармаған амалдарың үшін қатты сұраласың. Ілім ол – құрал. Ал адам оның іске асырушысы. Егер құралды іске асырмасаң оның саған келіп-кетер пайдасы жоқ. Мысалға: Бір дәрігер ауырып қалса және ауруының еміне қолданатын дәрінің не екенін білсе, расында да сол дәрі ауруына ем болса, дәріні қолданбаған жағдайда тек қана білуі оған жәрдем бермейтіні анық.
Діннің көркі болған Имам Ғазалидің (Алла одан разы болсын) «Әй-юһәл уәләд» кітабында ілімге сай амал жасау жайлы былай дейді:
«Ей, балам! Насихат айту оңай. Оны қабыл ету қиын. Өйткені дүниенің соңына түсіп, құлқынының құлы болғандарға насихат әсер етпейді. Керісінше тыйым салынған нәрселер олардың сүйікті істеріне айналады. Әсіресе дүнияуи мақсаттар мен нәпсінің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ғылым үйренетіндер осы топтың ішінде. Өйткені олар «ғылым иесі болу үлкен азаптан құтқарады, амал етудің қажеті жоқ» - деп есептейді. Бұл – философтардың сенімі. Субханалла! Олар ғылым үйренгеннен кейін (Алланың Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) айтқандай) оған сай амал жасамаудың күнә болатынына ап-ашық дәлелдер бар екенінен бейхабар».
Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бір хадис шәріпте былай дейді: «Қиямет күні азап тұрғысынан адамдардың ең қатты қиналатыны – Алла оған білімі арқылы пайда бермеген ғалым». Яғни, шариғи білім алып, ол ілімді кәсіп ретінде таңдаған кез-келген ризық талап ету жолындағы іс-әрекетінде басшылыққа алмаған адам қасіреттердің ең қауіптісіне душар болары анық.
материал «Жүректерді оятушы» кітабынан алынды,
ummet.kz