25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Құран Кәрім және ара балы

Дін және ғылым
Жарнама

Бал ежелден қолданылып келе жатқан азық түрі. Ол жалпы адамдардың арасында өзінің тәтті дәмімен белгілі болса, кей халықтардың, әсіресе мұсылмандар арасында емдік қасиеттерімен кең танымал.

Кейінгі уақытта батыс ғалымдары балдың құрамын зерттеуге көбірек көңіл қоя бастады. Соңғы жылдардың өзінде ақ балдың айналасында ғылыми еңбектер бірінен соң бірі жазылып, әлемдік деңгейдегі журналдардан да жарық көріп үлгерді. Олай болуы ғажап емес, себебі Алла Тағала о бастан балдың емдік қасиетін Құранда зікір етіп:

وَأَوْحَىٰ رَبُّكَ إِلَى النَّحْلِ أَنِ اتَّخِذِي مِنَ الْجِبَالِ بُيُوتًا وَمِنَ الشَّجَرِ وَمِمَّا يَعْرِشُونَ

ثُمَّ كُلِي مِن كُلِّ الثَّمَرَاتِ فَاسْلُكِي سُبُلَ رَبِّكِ ذُلُلًا ۚ يَخْرُجُ مِن بُطُونِهَا شَرَابٌ مُّخْتَلِفٌ أَلْوَانُهُ فِيهِ شِفَاءٌ لِّلنَّاسِ ۗ إِنَّ فِي ذَٰلِكَ لَآيَةً لِّقَوْمٍ يَتَفَكَّرُونَ

«Раббың, араға: “Таулардан, ағаштардан және лапастардан ұялар жасап ал!”, – деп нұсқады.

“Сонсоң әр түрлі өсімдіктен же де Раббыңның қолайластырған жолына түс!”. Араның қарындарынан түрлі-түсті сұйықтық шығады. Онда адамдар үшін шипа бар. Шынында мұнда да ойлайтын қауым үшін ғибрат бар» (Нахл 68-69) – деді.

Тафсир Муяссар кітабының бұл аятқа жасалған тәпсірде былай делінді:

«(Әй, Пайғамбар!) Осылайша Раббың Алла Тағала араға тауларда, ағаштарда немесе адамдардың соққан құрылыстары мен шатырларында омартасын (ұясын) салуға илхам жасады. Сөйтіп қалаған жемісін жесін деді. Рызығына жетуі үшін Раббысының ол үшін жасаған жолдарын қолданып таулардан, ағаштардан ризық іздеуін әмір етті. Алла Тағала араларды қанша ұзаққа алыстаса да омартасын қайта оңай табуы үшін жолын табуды жеңілдеткен. Кейіннен осы араның ішінен түрлі-түсті ақ, сары, қызыл және тағы басқа балдар шығады. Онда адамдар үшін түрлі ауруларға қарсы шипа бар. Расында араның жасап жатқан ісінде түсіне білген, ой жүгірте алған қауым үшін Раббысының қаншалықты құдіретті екенін көрсететін күшті дәлелдер бар.»

Ал хадистерде бұл туралы Абу Саъид әл-Худри (р.а) мына оқиғаны жеткізді: «Бірде бір кісі Алла елшісіне (с.ғ.с) келіп:

–Уа, Алланың елшісі, бауырымның іші өтіп жатыр,–деді. Пайғамбар (с.ғ.с):

–Оған бал бер,–деді. Әлгі кісі Пайғамбардың (с.ғ.с) айтқанын орындады, артынша келіп:

–Уа, Алланың елшісі, бауырыма бал бердім, алайда іші одан бетер өтетін болды,–деді. Пайғамбар (с.ғ.с) қайтадан:

–Оған бал бер,–деп қайтарды. Дәл осылай бірнеше рет қайталанды. Сөйтіп үшінші, не төртінші рет қайта келгенінде әлгі кісі:

Бауырым жазылды,–деді. Сонда Пайғамбар (с.ғ.с):

–Алла турасын айтты, ал алдаған бауырыңның іші еді,–деді. (Бухари)

Жалпы адамзат балдың шипалық қасиетінің бар екенін бұрыннан байқаған. Адамдардың арасында омарташы адамдардың өзгелерге қарағанда ұзақ, әр салауатты өмір сүретіндігі туралы да айтылып жатады.

Тарихшылардың айтуы бойынша «Пифагор теоремасының» иесі әйгілі философ Пифогор тоқсаннан астам жыл өмір сүрген екен. Олай болуының себебі ол тек бал және қара нанмен ғана азықтанған деседі.

Сол сияқты медицинада атымен ант қабылданатын ұлы тұлға Гиппократ та 108-ден астам жыл өмір сүрген. Оның осыншама ұзақ ғұмыр сүруінің сыры әр күнін балмен бастағанында.

Жалпы ежелгі мысырлықтар, гректер және римдіктер де балды азды-көпті ем ретінде қолданғандарын білдік. Сонымен қатар Құранға дейінгі түскен самауи кітаптарда да ол туралы айтылған екен. Ендеше Құранның «Онда адамдар үшін шипа бар» деген аятында нендей мұғжиза, нендей кереметі бар деген сынды сұрақтар қойылуы мүмкін.

Оның жауабы мұнда: расында ара балының мұғжизасы оның шипа екенін айтуымен ғана шектелмеген. Алайда бұл аяттың мұғжизасын мына үш нәрсемен баяндауға болады:

Бірінші: Алла Тағала аятта: «қарындарынан түрлі-түсті сұйықтық шығады» деп қана шектелген. Онда «қарындарынан бал шығады» деп нақтылап айтпаған. Осылайша Алла Тағала адамға араның ішінен бал ретінде нақты не шығатынын зерттеп білсін деп нұсқаған. Ол бәлкім бал, бәлкім патшайым араның азығы, бәлкім ара желімі, бәлкім тісіне я аяғына жабысқан гүлдің аталық ұрығы, я да араның уы болуы мүмкін. Адамдар оның не нәрсе екенін зерттеп, неден құрылатынын зерттеулері керек. Бұл бірінші, яғни зерттеп, танысу кезеңі болып табылады.

Екіншісі: арадан шыққан нәрселерде адам үшін шипа бар. Әлгі нәрселердің қайсы бірі болмасын, жекелеп алар болсақ әрқайсысында шипа бар. Балдың өзі шипа, патшайымның азығы да шипа, желімі шипа, гүлінің аталық ұрығы шипа, керек десе уы да шипа. Адам бұл нәрселерде шипаның бар екенін оны зерттеместен қайдан біле алады? Сол үшін адам бұл нәрселерді лабораториялық жолмен зерттейді. Сөйтіп әрқайсысының емдік қасиеттеріне жеке-жеке тоқталады. Себебі бұл заттардың кейбірі вирусты жоятын қасиетке ие, екіншілері иммунитетті қуаттайды, тағы біреуі көзге, тері және тістерге пайдалы тағысынтағы... Бұл екінші кезең, яғни бірінші кезеңде жеке-дара танысқан заттарды лабораториялық жолмен зерттеу кезеңі.

Үшіншісі: Алла Тағала аятта «Онда адамдар үшін шипа бар» деді, «адамдардың барлығына бірдей шипа бар деген жоқ. Демек, бұл заттардың қайсысын қай адамға қолдану керек екенін зерттеу керек. Ал бұл бұлса зерттеудің үшінші, яғни әлгі танылып, зерттелген заттарды нақты қай адамдарға қолдануға болатындығы туралы зерттеу жұмыстарын жасауға үгіттеу.

«Онда адамдар үшін шипа бар» деген бір ғана ауыз сөз, аяттың бір бөлігі ғана, алайда мұғжизалық тұсы көп, біз дағы тек арадан шығатын сұйықтықтарды ғана атаумен шектелдік.

Алайда араның балының шипасының мұғжизасынан тыс мұнда тағы бір жанамалы мұғжиза және бар. Ол – жоғарыда келтірген аяттағы балдың шипасына толыққанды қол жеткізу үшін қойылған үш кезең. Бұл деген зерттеудегі ғылыми қадамдар. Ғылымда қалаулы нәтижеге қол жеткізу үшін зерттелгелі жатқан затты белгілі бір тәжірибеден өткізу керек. Ол тәжірибе белгілі бір қадамдардан, кезеңдерден тұрады. Аят та балдың қасиетін осы ғылыми қадамдар бойынша келтірген. Дәл осы тәжірибелерді ғылыми жолға қойғаны үшін Франсис Бекон (1561-1626) Европаның үлкен философ ғалымы болған еді. Ал Құранда ғылыми тәжірибе қадамдары оу баста ақ көрсетліп қойған екен. «Шынында мұнда да ойлайтын қауым үшін ғибрат бар».

ummet.kz

Бөлісу: