Әбу Кәбшә әл-Әнмәри (Алла разы болсын) Пайғамбарымыздан (с.ғ.с) мынадай хадисті жеткізеді:
«Сендерге бір сөз айтамын. Мұқият болып, көкейлеріңе қондырып алуға тырысыңдар. Мына дүниеде адамдардың төрт түрі болады:
Алла оған байлықты да, ілімді де берген адам. Ол Алладан шынайы қорқады, әрі рақымына бөленеді. Алла алдындағы міндетін толық өтейді. Бұл – ең ұлық дәреже.
Алла ілім берген, бірақ байлық бермеген адам. Ол адамның ниеті өте таза болады. «Егер менің пәленше секілді байлығым болғанда жақсы жаққа жұмсар едім», – дейді. Осындай ниетімен әлгі бірінші адамның сауабымен теңеседі.
Алла байлық беріп, бірақ ілім бермеген адам. Ол малмүлкін дұрыс жаққа жұмсай алмай, зиянға ұшырайды. Раббысынан қорықпайды, әрі Раббысы да оны рақымына алмайды. Алла алдындағы міндетін білмей, ең төменгі адам сатысынан болады.
Алла ілім де, байлық та бермеген адам. Ол әрдайым «пәленше секілді байлығым болғанда сол істеп жүрген істің бәрін жасар едім», – дейді. Осы ниетімен жоғарыдағы адамның ауыртпашылығына тең түседі» (Имам Термизи хадис жинағында келтірген №2325 хадис).
Ілімсіз адамның ниеті де дұрыс болмайды, әрі малмүлкін де жақсы жаққа сарп етпейді. Ғалымдарымыз айтпақшы, ілім – пайғамбарлардың мирасы. Байлық – патшалардың, басшылардың мирасы. Ілім иесін қорғайды. Ал байлық иесі, керісінше, байлығын күзетіп, қорғайды. Ілім бөлісу арқылы көркейе түсіп, шыңдала бермек. Ал байлық таратумен азая түспек (садақадан басқасы). Тіпті, ілім иесімен қабірде де бірге болады. Ал байлық өліммен аяқталмақ. Күнәһар да, тақуа да, мұсылман да, мұсылман емес те – бәрі де байлыққа ие бола алады. Ал ілімге тек шынайы мүмін ғана қол жеткізеді. Ғалымға басшылар да, патшалар да – бәрі жүгінер. Ал бай адамға тек мұқтаждар мен кедейлер ғана жүгінбек. Ілім иесін Раббысына, ал байлық өз иесін тек дүниеге ғана шақырады.
Жоғарыда айтылған аят-хадистің барлығы ілімнің қадірқасиетін анық баяндады. Әбу Сәғид әл-Худри (Алла разы болсын) риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай деген: «Біраз уақыт өткен соң сендерге ілім ізденушілер келеді. Егер оларды көрсеңдер: «Алла елшісінің өсиеттері, қош келдіңдер!» – деп айтыңдар да, оларға жеткілікті түрде ілім беріңдер» (Ибн Мәжә «Сунанның» кіріспесінде келтірген №247 хадис).
материал «Не үшін оқу?» кітабынан алынды,
ummet.kz