26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Матуриди мәзһабының фақиһы – Әли ибн Осман әл-Уши

Ақида
Жарнама

Ислам ғылымы тарихындағы орны ерекше тұлғалардың бірі – Әли ибн әл-Уши. ХІІ ғасырда өмір сүрген әл-Уши «әл-Әмәли» деген ақида саласындағы рисәләсымен танымалдыққа ие, сондай-ақ, ол Матуриди кәләмшысы және Ханафи мәзһабының фақиһы әрі хадис ғылымының терең  білгірі саналады. Тарихи деректер бойынша, ол Ферғана қойнауында бүгінгі Қырғызстан аумағында орналасқан Ош қаласында дүниеге келген.

Негізінде ғалымның ғұмыры жайлы мәліметтер әдебиет көздерінде өте қысқа қайырылған. Уши өмір сүрген кезеңде сол аймақта Селжұқтықтар, Қарахандықдар және Қарақытайлар арасында саяси күрес жүріп жатқан болатын. Құрши және Ибн Құтлыбоғаның алғашқы Ханафи мәзһабы ғұламаларының өмір-тарихын жік-жігімен жазған «Табақатында» Ушидің ата-тегі жайлы қысқаша мәлімет қана беріп, кәламға қатысты қасидасын (қара өлең) тілге тиек етумен шектеледі.

Атақты хадисші ғалым Заһаби оның «Шәһидалық» болғандығын, Насыруддин әс-Самарқандиден дәріс алғандығын және Қади Әбу Насыр Ахмед ибн Мұхаммед әз-Зәһиди әл-Бұхариге ижәзә бергендігін айтады[1]. Әл-Уши «Нисабул-Ахбар» атты еңбегінің кіріспесінде қайнар көз ретінде қолданған әдебиеттердің авторлары тізбегінде өзінің ұстаздарын да атап өткендіктен, оның кімдерден тәлім алғандығы, сондай-ақ қандай білім ордаларына барғандығы жайлы мәлімет алуға болады. Осыған қарағанда, Бұхара мен Самарқандтан бөлек сол төңіректегі бірқатар қалаларды аралап шыққан Уши, жоғарыда Зәһәби тілге тиек еткен ұстазы Насыруддин әс-Самарқандиден басқа ықтималды көзқараспен атасы болып келетін  Әбу Абдулла Насыруддин Мұхаммед бин Сулеймән әл-Уши, Әбул-Мәхасин Заһируддин Хасан бин Али әл-Мәрғинани, Абдулла№ бин Әбул-Музаффар ән-Нәсәфи, Әбул-Қасым Махмуд бин Али бин Насыр ән-Нәсәфи, Аләддин әл-Усменди, Әбул-Қасым Али бин Хусейн әл-Бистәми, Әбул-Ғуср әл-Пәздәуидің ұлы Ғимәдуддин Хасан бин Али әл-Пәздәуи және Сәйфуддин Мұхаммед бин Мұхаммед әл-Бахарзиден тәлім алды. Бұлардың ішінде Насыруддин әл-Уши мен Заһируддин әл-Мәрғинанидің «әл-Һидәя» авторы Бурһәнуддин әл-Мәрғинаниге ұстаздық етулері Ушидің «әл-Һидәя» авторымен бірге тәлім алған болуы мүмкін деген пікір ұялатады.

Зәһәби Ушидің шәкірттері арасында Әбу Насыр Ахмед бин Мұхаммед әл-Бұхари әл-Аттабиді ерекше атап өтеді. Ал, «Әл-Әмәлиге» түсіндірме жазған Шәрәфуддин ән-Нәжжәри Ушидің ата-тегі тізбегінде «қади» дәрежесін арнайы атағандықтан, оның қазылық қызметін атқарғандығын және ол жайында басқа да еңбектерде «шейх», «имам», «алләмә», «мухаққиқ» сияқты атаулардың қосарланғанына қарап, оның өз дәуірінің атақты ғұламасы болғандығын аңғаруға болады.

Әл-Уши Фиқһ және хадис ғылымына қатысты еңбектер жазса да, көбінесе кәламға байланысты қасидасымен аты шығып, осы саладағы қайнар көздер арасында айтарлықтай із қалдырған. Ушидің поэзиямен де шұғылданғандығы айтылады, алайда бірде-бір еңбегі біздің заманымызға жетпеген. Бірақ, «әл-Әмәли» атты еңбегі оның поэзиядағы шеберлігіне дәлел болады.

Кәтиб Челеби «Кәшфуз-Зунун» атты еңбегінде Ушидің һижра жыл санауы бойынша 569-жылы (миләди 1173-жыл) тірі болғандығын, «әл-Фәтәуәс-Сирәжийя» және «әл-Әмәли» атты еңбектерін осы жылы жазғандығын айтса, тағы бір жерде һижри 575-жылы (миләди 1179-жыл) қайтыс болған деп келтіреді. Ал, бағдаттық Исмайыл Паша Ушидің һижра жыл санауы бойынша 575-жылы оба сырқатынан қайтыс болғандығын айтады.[2]

Еңбектері:

1. «әл-Әмәли». Матуриди ақидасына байланысты жазылған бір рисәлә (кітапша, шағын еңбек) болып, «әл-Қасидәтул-Ләәмийя» және «Бәдул-Әмәли» деп аталады. Бұл рисәләнің қара өлең түрінде қысқа әрі терең мағыналы тәсілмен қаламға алынуы үйренуге де, үйретуге де қолайлы болып, қысқа уақыттың ішінде медреселерде қолдан-қолға түспейтін мәтінге айналады. «Әл-Әмәли» кітабына көптеген түсіндірмелер жазылған әрі бірқатар тілдерге тәржімаланып, бірнеше рет басылып шыққан.

2. «Ғурәрул-ахбар уә дурәрул-әшғар». Бүгінгі күнге жетпеген бұл еңбекте күнделікті тұрмыс-тіршілік мәселелеріне қатысты хадистер арқылы насихаттар  мен хикметті өлеңдер қамтылған. Уши кейіннен осы еңбегінен таңдап алған мың сахих хадиспен «Нисабул-ахбар ли тәзкиратил-ахияр» атты еңбегін жазады. Әрбіреуінде он хадис қамтылып, жүз бөлім (баб) халінде жүйеленген «Нисабул-ахбардың» күнімізге алпыс шақты нұсқасы жеткен.  

3. «Муснәду Әнас ибн Мәлик» (Жузу фи риуәяти Әнас бин Малик ъан Расулилләһ би иснәдин уахид). Уши бұл еңбегінде Әнас бин Маликтен (р.а.) жеткен, ұстазы Насыруддин әл-Ушиден шамамен үш шүз хадисті риуаят етіп, оларды отыз сегіз бапта жүйелеген.

4. «әл-Фәтәуәс-Сиражийя». Ханафи фиқһ ғұламасы Юсуф бин Ахмед әс-Сижистани «Миниятул-муфти» атты еңбегінде осы кітаптың тәртібін негізге алып, әсіресе, басқа кітаптарда болмаған бірқатар мәселені содан келтірген.

5. «Мухтәлифур-риуая» – Нәжмуддин ән-Нәсәфидің «әл-Манзуматун-Нәсәфийя фил хиләф» атты еңбегіне жазылған түсіндірме (шарқы). Кейбір әдебиеттерде «Сәуақибул-Ахбар» және «Нуурус-Сираж» атты кітаптардың да Ушиге тиесілі екендігін айтады.

Қуат ЕРҒАЛИҰЛЫ, 

«Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы

Бөлісу: