04
Дүйсенбі,
Қараша

һижри

Оразадан кейінгі 10 кеңес

Оразадан кейінгі 10 кеңес

Мақалалар
Жарнама

Уақыт бір сәтке кідіріп қалсын ба? Рамазан сынаптай сырғып өтті. Алла қабыл етсе, қасиетті айда әркім Ұлы Жаратушыға ұнамды қайырлы амалы арқылы өзіне тиесілі сауапқа кенелді. Бойға рух, санаға нұр құйылған Рамазаннан кейінгі айларда да иманды сақтау, жұмаққа жетелейтін құлшылыққа ықылас таныту – мұсылманның мұраты.

Ол үшін не істемек керек? Ойланып, керек он кеңесті өзімізге айтуды абзал көрдік. Бәлкім, сіздің де қаперіңізде қалар, кәдеңізге, игілігіңізге жарар. Сонымен...

1. Нәпсінің сағын сындырған сәт – аштық. Оразаны тек Рамазанмен байланыстыру әбестік болар. Пенденің шектен тыс қалауы қас-қағым сәт сайын түрткілеп тұрады. Ендеше, оған қарсы күш тек ораза екен. Нәпсіні тыйып, тәубеге келтіретін осы бір теңдессіз құлшылықты аптасына, тіпті айына бір рет жыл бойы жалғастырсақ жақсылық емес пе? Өзге де кезеңдерде ораза ұстаудың өзіндік мәні зор. «Жыл бойы ораза болса ғой, шіркін» деп әсерленген бір ағамыздың сөзінде жан бар.

2. Рамазанда Алланың сөзіне үңілдік. Ой түйдік, әсерлендік. Оразадан кейін қалайша «Қош бол, Құран!» демекпіз. Тірілер үшін түскен қасиетті кітапты неге басқа айларда серігімізге айналдырмасқа. Ұдайы Құран оқудың өзімізге, өзгеге, отбасына, қоғамға пайдасы мол. Әр әрпіне сауап жазылып, Алланың берекеті жауады.

3. Жүректі мешітке байлау. Алланың үйіне кірген құл өзін құрғақ жерден суға түскен балықтай сезінеді. Мешітте оқылған намаздың сауабын санап жатпай-ақ қоялық.

4. Рамазан – ағайынның арасын жақындата түсіп, қарым-қатынасын күшейтетін, тума-туысты, көрші-қолаңды біріктіретін ай. Ауызашар дастарқанында бұған көзіміз жетті. Туысқандармен байланысты үзбеуді тек Рамазанмен шектемеу. Ағайын әр кез керек. Қуанышы мен қайғысында бірге болу – мұсылманның міндеті.

5. Рамазан келісімен жетімдер, қарттар, мүгедектер үйін іздеп кететін әдетіміз бар. Құдды олар бізге 11 ай бойы жайнап, шат-шадыман, бақыттан басы айналып, шаттықта шалқып өмір сүретіндей сезіледі. Басқа кезде уақытымыз жоқ. Әрине, бұл біздің үлкен сылтауымыз. Рамазанда қамкөңіл жандарды жағалап, қайырлы іс бітіргендей өзімізді ақтағымыз келеді. Қамкөңіл жандармен жиі жүздесу – өз өміріме шүкірлік сезімді нығайтпақ. Олардың хәлін білу, мүмкіндігінше көмектесу, садақа, ауызашар беру үшін отыз күн оразаны күту шарт емес-ау.

6. Оразада онша ашуланбаймыз, сабыр сақтаймыз. Санада бір ғана ой қатып қалған: бастысы оразам бұзылып кетпесінші. Құлшылығымыз қабыл болу үшін айналадағы адамдардың ұсақ-түйек сөзі мен ерсі әрекеттерін елемейміз. Шіліңгір шілденің бір күнін шөлдеп, аш өткізгеннен өзге түк пайда таппағанның сипатынан болып қалмайық деп қорқамыз. Басқа уақытта ашулануға, кек сақтауға, ғайбаттауға болады деген Раббымыздан «рұқсат қағаз» алып қойғандай күй кешеміз. Рамазаннан кейін де көркем мінез таныту – ізгілік пен игілікке жол ашады. Иә, көркем мінез – көркіміз.

7. Нәпіл намаздарға көңіл бөлу. Кейде бес уақыт намазды «түгелдеп» жүргенде өзімізді жәннаттан «жолдама» алып қойған жандай сезінеді екенбіз. Өмірден өткен ізгілер «пенде қосымша құлшылығымен, нәпіл ораза, намазымен Жаратушыға жақындап, Оның рақымына бөленетінін» айтыпты.

8. Рухани іздену. Соқа жер жыртқан сайын жылтырап, өткірлене түсетінін ауылдан шыққан бәріміз білеміз. Спортшы шыныққан сайын бабында жүреді. Рухани ізденіп, діни ілім алсақ, көкейдегі күмән сейіледі, ілім артады, иман күшейеді. «Мұсылманның бір күні екінші күніне ұқсаса – ұтылыста», – депті ғұламалар. Мұны атам қазақ: «Көп тұрған су сасиды», – деп бір ауыз сөзбен түсіндірген ғой.

9. Әрдайым дұғада болу. Ораза бойы Жаратушы Иемізге дұға-тілекті көбірек айтып, мұң-мұқтажымызбен бөлістік, қажетімізді сұрадық. Рамазанда мейірімді, дұғаны қабыл етуші Алла Тағала басқа айларда да осынау теңдессіз сипатынан айырылған емес, айырылмайды да. Дұға – мұсылманның қорғаны, қаруы, таянышы, сүйеніші, т.б. Адамзаттың асылы болған пайғамбарлар да әр ісінде, әр сөзінде дұғаны тастамаған. Мұны атам қазақ: «Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер», – деп әспеттеген. Көсегемізді көгертіп, өмірімізді өнеге ететін дұға-тілекті әрдайым айтып жүрудің маңызы зор.

10. Әрдайым Алланы еске алу. Рамазан – біз бен Раббымыздың арасындағы риясыз құлшылық. Ораза – Алланы көбірек еске алуға жетелейтін құлшылық. Біз кейде дүниелік болмашы жетістігімізді, аз-кем байлығымызды, қызметтік өрлеуімізді өзіміздің жеке қабілетімізбен, ақыл-ойымызбен, парасаттылығымызбен байланыстырып жатамыз. Болмашы тамшыдан жаратылған пенде екенімізге мән бермей, Ұлы Алланың құдіретін ұмытып жатамыз. Жер басып жүргеніміздің өзі Жаратушы Иеміздің сыйы, нығметі емес пе? Барша жаратылыстардың ішінде мұсылман болып жаратылуымыздың өзі теңдессіз нығмет емес пе? Алланы көбірек еске алу адамның бес күндік өмірге келудегі мақсатын айқындап беруге, Құдайға ұнамды құл болуға серпін береді.

Ағабек Қонарбайұлы

Бөлісу: