24
Сейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Қадыр түні Қыдыр ата келе ме?

Қадыр түні Қыдыр ата келе ме?

Мақалалар
Жарнама

Асыға күткен Қадыр түні де келді. Осы бір ерекше кешітің қадыр-қымбаты жайлы сұраушылар тіптен көбейе бастады. Ислам құндылықтарының жаңғыруымен Қадыр түнін күзету халқымыз үшін дәстүрлі шараға айналып келе жатқаны көңіл қуантады.

Біреулер бұл түнді жылдың ең бір қастерлі сәті ретінде ғанибет білсе, діни білімі таяз кейбір бауырларымыз дұрыс емес сенімдерге бой алдырып жатады. Айталық, «бұл түнде аппақ (кей айтылымдарда жасыл) киінген Қыдыр ата үйлерді аралап жүреді. Оны таң атқанша күту керек. Қыдыр ата үйге кірсе, бар тілегі беріледі. Қолын алған кісінің арманы орындалады деген пікірлерді шын деп сеніп жүрген бауырларымыз бар.

Алайда, дініміз бойынша бұл айтылымдардың негізі жоқ. Қадір түнінің мәні ол емес. Тарихқа көз жүгіртсек, бұл түн – Құранның түсуімен айырықша бағаланады. Сондай-ақ, Құран Кәрімдегі «Қадыр» сүресінде айтылған бірқанша елеулі қасиеттерімен бағалы.  Яғни, Құранның түсе бастауы, Жебірейіл ғәләйһисәләмнің және барлық аспан періштерлерінің жерге түсуі, бұл түннің мың айдан қайырлы болуы, таңға дейін игілік түні болып жалғасуы сынды сипаттар аталмыш түннің қадір-қасиетінің айырықша екенін білдіреді.

Қадыр түнінің атауының да Қыдыр атаға еш қатысы жоқ. «Қадір» деген сөз – сөздікте «ұлы», «орасан зор» деген мағынаны бідірсе, мағынауи тұрғыда бұл түннің аятта айтылғанындай мың айдан қайырлы түн болуымен қатысты.

Тағы бір жаңсақ түсініктер бойынша бұл түні есік, терезені ашып қою керек екен. Сонымен қатар үйдегі ыдыс атаулыға су құйып қойса, үй-үйді аралап жүрген періштелер сол судан дәм татса, бақ қонады, жақсылық болады дейді. Ақиқатында олай емес, себебі, болмысы нұрдан жаратылған періштелер ішіп-жеуге де, бір жерге кіру үшін есік, терезені ашуға да мұқтаж болмайды.

Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с) өз басы Рамазан айының барлық түндерін қадірлеп, соңғы түндерді ұйқысыз ғибадаттармен өткізген. Сондықтан бұл түнді негізсіз соқыр сенімдермен өткізу – Қадыр түнін тиісті деңгейде бағаламау болып саналмақ. Керісінше, осы түнді нәпіл намаздар оқып, мешітке келіп, уағыздар тыңдап, дұға жасап, өзінің және болашағының қамы үшін құлшыныс жасаумен абаттандырған дұрыс.

Дұға жайында айтқанда Пайғамбар ғалайһиссаламның мына бір кеңесіне құлақ түргеннің артықтығы жоқ. Хазіреті Айша анамыз Пайғамбарымызға:

– «Иә, Алланың елшісі (с.ғ.с.)! Қадір түнінде қайтіп дұға етейін?»,-деп сұрайды. Пайғамбарымыз(с.ғ.с.) былай деп жауап береді:

– «Ей Раббым, сен өте кешірімдісің, кешіргенді жақсы көресің, мені де кешіре гөр»,-дейді. (“Риазүс-салихин”, 2-том, 467-бет).

Ummet.kz

Бөлісу: