25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

«Ифтар» емес, «ауызашар»

«Ифтар» емес, «ауызашар»

Мақалалар
Жарнама

Діни құндылықтардың өркендеуімен бірге діни жоралғыларды дәстүрге айналдырған бауырларымыз көбейіп келеді. Соның бір айғағы міне, рамазан айы басталғалы бері бір-бірін таласа-тармаса ауызашарға шақырып жатқан ағайынды күніге көріп жүрміз. Бұл шын мәнінде шүкір етуге татитын қоғамдық құбылыс.

Алайда, бүгінгі таңда ауызашар дастарханында да әңгіме арқауы болып жүрген бір тақырып бар. Ол болса, кейбір бауырларымыздың дінді ұстанамыз деп арабизацияның әсеріне ұшырап жүргені. Бір ғана мысал, «ауызашар», «сәресі» деген қазақша аттары бар, береке-бірліктің ұйытқысы, татулықтың символы, елдіктің керемет көрінісі болған дәстүрлерімізді «ифтар», «сухур» деп айту.

Ислам діні діни жоралғыларды және соған байланысты шыққан салт-дәстүрлерді міндетті түрде арабша атаумен атаңдар деп міндеттемейді. Біздің ауызашар дәстүрін арабтар «ифтар» деп атайды. Көршілес республикалардағы орыстілді мұсылмандар арасында «разговение» деген атауы бола тұра, «ифтар» сөзі кең қолданысқа ие. Сол сияқты «сухур» сөзі де араб тілінің сөзі. «Закрывание» дегеннен гөрі, «сухур» сөзі кең қолданыс алып кеткендіктен көршілес елдердегі сөйлеу мәдениеті бізге де әсер етсе керек. Ал, біздің бабаларымыздың «ауызашар», «сәресі» деген «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» қазақша баламасы бар емес пе?  Мәселен, Қаблиса жырау бабамыз:

– Бақыт қайда барасың?

– Тарауық намаз оқыған,

Көңіліне аят тоқыған,

Ниетті елге барамын.

...Сәресі сахар ішетін,

Хақ жолына түсетін,

Ниетті елге барамын..., - дейді.

Біздің бабаларымыздың «ауызашар» деген әдемі қазақша сөзі бар. Ендеше, не үшін осы атауларды қолданбасқа.

Құдай Тағала Құран Кәрімнің «Рум» сүресінде тілдердің әр алуандығының өзі Алланың белгілерінен екендігін айтса[1], Пайғамбар ғалайһиссәләмнің хадисінде «Әр халыққа өзінің тілінде сөйлеңдер» деп келеді.

Шын мәнінде, діннің мұраты өзге халықтарды арабтандыру емес, мұсылман қылу. Яғни, дін әр ұлттың өзіндік бірегейлігін сақтай отырып, мұсылмандық жолда өмір сүруді дәріптейді. Ислам ешбір ұлтты араб болуға, тілін, мәдениетін ассимиляция жасауға бағытталмаған.

Сондықтан, мұсылман болуды арабша термин қолданумен біртұтас ұғым ретінде қарап, төл сөздерімізден бас тартатын тенденциядан барынша сақ болған дұрыс.

Асқар Мұқанов

«Нұр Астана» мешітінің Бас имамы


[1] «Рум» сүресі, 22-аят.

Бөлісу: