Екі дүние Сардары, адамзаттың асыл тәжі болған, сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.)-ның туылған айы «Мәуліт» мерекесімен араға жыл салып қайта қауышудамыз. Жаратылғандардың асылы және шыңы болған хазіреті Пайғамбар (с.ғ.с.) милади 571 жылы рабиул айының 12-ші жұлдызы, дүйсенбі күні дүниеге келіп, әлемді шексіз қуаныш пен нұрға бөледі.
Оның дүниеге келуімен Алланың мейірімі тасып, әлемге өзгеріс кірді. Сөздер мен сұхбаттарға мән кіріп, әрбір нәрсе жаңарып, ерекше мағына мен әсемдікке бөленді. Құран Кәрімде Алла тағала өзінің соңғы Елшісі жайында:«Біз сені бүкіл әлемге рахым етіп қана жібердік» деген еді («Әнбия» сүресі, 107-аят).
Ал бұл ақиқатты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бір хадисінде былай деп көрсетеді:«Мен көркем мінезді кемеліне келтіру үшін жіберілдім».
Мұсылман қауымының мәні мен маңызы ерек мерекелері бар. Мәселен, әр аптада келетін қасиетті жұма күні, айлардың сұлтаны – Рамазан және ұлық мейрам – Құрбан айт, тағы басқаларын атауға болады. Бұлардан өзге барлық адамзаттың, тіпті, бүкіл әлемнің ортақ мерекесі тағы бар. Ол – Алла елшісінің дүниеге келіп, әлемді қуаныш пен нұрға бөлеген күні.
«Мәуліт» сөзін төл тілімізге аударғанда туылу уақыты немесе туылған күн дегенді білдіреді. Ислам әлемінде бұл күнді «Мәулудун-Нәби», яғни Пайғамбардың туылған күні деп атайды. Бұл күнді барша мұсылмандар қуанышпен қарсы алады.
Имам әл-Бұхари (р.а.) риуаят еткен хадис шәріпте Алланың Елшісі (с.ғ.с.) былай дейді:«Сендердiң ешбірің менi өз баласынан, әкесінен және барлық адамзаттан артық көрмейiнше (кәміл) иманды бола алмайды».
Исі мұсылман үшін бес күн жалған дүниеде пайғамбар өмірінен алар өнеге көп-ақ. Демек, мұсылманның өмірдегі басты мақсаты – пайғамбарымыздың сүннетіне еліктей білуі. Өйткені, адам баласы өмірде әрқашан өнеге тұтар ұлы тұлғаны іздеп бағады. Ал, Алла тағала пенделеріне:«Алладан, ақырет күнiнен үмiттенгендер мен Алланы еске алып тұратындар үшiн Расулуллада (Мұхаммед пайғамбарда) әлбетте тамаша өнегелер бар»деп баяндауда («Ахзаб» сүресі, 21-аят). Мұхаммед (с.ғ.с.) адамзат баласының өміріне көркем түрде өнегелі болып, жол сілтегеніне еш күмән жоқ. Өйткені, оны барша Әлемдердің раббысы – Алла тағала тәрбиелеп, адамзатқа пайғамбар етіп жіберді. Пайғамбарымыз да (с.ғ.с.):«Мені ең көркем үлгіде тәрбиелеген Раббымның Өзі» деп осы шындықты айқындап берген.
Ислам ғалымдары Пайғамбарымыздың өнегесін насихаттау, өмірбаянын халыққа таныстыру мақсатында «сияр ән-нәби» кітаптарына сүйене отырып қысқа әрі нұсқа баяндайтын өлең-жырлар мен дастандарды дүниеге келтірді.
Тіпті, Кағб бин Зухайыр атты ақын «Банат Суад» немесе «Қасидат Бурда» (шекпен дастаны) деген тақырыпта пайғамбарға өлең жазып, сосын оны Алла Елшісіне оқып бергенде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ризалығын білдіріп, үстіндегі шекпенін шешіп, үстіне жапқан екен. Осы аталған ақынға елiктеп көптеген шайырлар да пайғамбарымызға өз жырларын арнап баққан.
Дін ғұламалары пайғамбарымыздың өнегесін насихаттау мақсатында қысқа-нұсқа жазылған өлеңдерді халықтың ішінде оқуды әдетке айналдырды. Міне, пайғамбарымыздың өмірбаяны толық қамтылып жазылған дастандардың атын сол кездегі халық «мәуліт» деп атады. Өйткені, сол дастандар көбіне пайғамбарымыздың туылған айында оқылатын. Рабиғул-әууал айының «мәуліт» болып аталуы сондықтан. Ал мәуліттің негізгі мақсаты – пайғамбарымыздың өмірбаянын мұсылмандарға жеткізу.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):«Кім бір нәрсені көп жақсы көрсе, оны көп айтатын болады»дейді. Иә, Пайғамбарымызды жақсы көрудің белгісі оның сүннетін орындау және оған көп-көп салауат оқумен орындалмақ.
Алла тағала «Ахзаб» сүресінің 56-аятында:«ӘлбеттеАлла да, Оның періштелері де пайғамбарға (Мұхаммедке) салауат (дұғасын) айтады. Ей, мүминдер! Сендер де Оған (Алла Елшісі Мұхаммедке) салауат және сәлем жолдаңдар» деп бұйырады. Демек, Алланың Өзі де, періштелері де пайғамбарға арнап салауат айтады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде:«Нағыз сараң – жанында атым аталған кезде, маған салауат оқымаған» деген.
Пайғамбарымыздың үмметі болғандықтан оған көп-көп салауат айтуымыз керек. Өйткені, пайғамбарымыз адамзат баласына Алланы танытып, ақ пен қараны, дүние мен ақыретті, тозақ пен жұмақты айыра көрсетіп, адамдықтың асыл қасиеттері мен құндылықтарын үйреткен де ол еді. Және бір хадисте Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):«Кімде-кім маған бір рет салауат айтса, Алла тағала оған он салауат айтады һәм он күнәсі кешіріліп, дәрежесі он есе көтерілмек»дейді. Расында Пайғамбарымызға салауат айтқан сайын Алла бізге он рет салауат айтады һәм он күнәмізді кешіріп, дәрежемізді он есе көтере түседі екен.
Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) тал бойындағы көркем мінезді өзгелерге үлгі ете білген жан. Өйткені, ол туған-туыстарын аса құрмет тұтатын, үй-ішіне аса мән беріп, саңлақ сахабаларымен жақсы қарым-қатынаста болатын.
Өте жомарт, қолы ашық, мейірімді, жұмсақ мінезді. Әрбір сөзі хикмет және насихатқа толы еді. Жылы жүзді болатын. Ешкімге жаман сөз сөйлемейтін, ешкімге жамандық жасамайтын, ешкімнің сөзін бөлмейтін. Кішіпейіл, айбатты және байсалды еді. Уәдесіне берік. Кімге болса да бірінші болып сәлем беретін. Қысқаша айтқанда, жаратылысы да, мінезі де тамаша әрі адамдардың ең кәмілі болған жан.
Айша анамыздан Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мінез-құлқы туралы бір сахаба сұрап келеді. Сонда Айша анамыз: «Құран оқымайсың ба?» дейдi. Сонда ол: «Әрине оқимын» дейді. Айша анамыз оған: «Олай болса, Расулулланың мінез-құлқы Құран болатын» деп жауап қатқан екен. Демек, Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көркем мінез-құлықты Құраннан алған. Олай болса, пайғамбардың өмір жолын оқу, насихаттау баршамызға қажет-ақ. Сонда ғана мұсылман көптеген ислам ілімі мен мәдениетке қанық болары сөзсіз.
Тіпті, кешегі ХХ ғасырдың ортасында Голландияның Лахей қаласында бас қосқан ғалымдар мен ойшылдардың кеңесі дүниенің 100 ұлы, атақты адамын белгілеген. Кеңестегілердің барлығы христиан болғандарына қарамастан бірінші орынға Мұхаммед пайғамбарды қоюға мәжбүр болған. Бұл да болса Алла Елшісінің ұлық екенін көрсетсе керек.
Аллаға шүкір, тәуелсіздік алып, өз алдымызға ел болғалы бері Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен жер-жерде мәуліт мерекелері аталып өтiлуде. Өнегеге толы пайғамбарымыздың өмірі халыққа насихатталумен қатар түрлі тақырыптарда ғылыми-практикалық басқосулар, шығармашылық бәйгелер де ұйымдастырылып келеді.
«Егер Оның (с.ғ.с.) Пайғамбарлығын қуаттайтын айқын мұғжизалар болмаған күннің өзінде Оның (с.ғ.с.) нұрлы жүзін көрген адамның иман етуіне жеткілікті еді» дейді Абдуллаһ ибн Рауаха.
Бір адам Пайғамбарымыздан:«Ей, Алланың елшісі! Қиямет қашан болады?» деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтты:«Қиямет үшін не әзірледің?».
Ол:«Мен парыз ғибадаттардан басқа қосымша құлшылықтар жасағаным жоқ. Бірақ, Алланы және Сізді өте жақсы көремін»деп жауап берді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):«Адам жақсы көргенімен бірге болады»деп жауап қайтарды.
Ислам ғұламасы Әл-Хафиз әс-Суюти өзінің пәтуа кітабында: «Мәуліт дұрыс. Өйткені, халықтың басы қосылады, қасиетті Құраннан аят оқылады, пайғамбарымыз туылғанда болған оқиғалар мен пайғамбарлық туралы жеткен әңгімелер уағыздалады, ысырапқа жол берілмей дастархан жайып, ас беріледі, пайғамбарымыз құрметтеледі, бірін-бірі құттықтап, қуанышпен таралады» деген екен.
Адамзаттың асылы, пайғамбарлардың сұлтаны, үмметінің ерекше қамқоршысы хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) 632 жылы бұл дүниемен қоштасып, мәңгілік мекенге көшті. Алайда, арада қанша ғасыр өтсе де үмметінің Пайғамбарына деген сағынышы артқан үстіне артуда. Біз де пайғамбарымызды жақсы көргеніміз үшін жыл сайын ол кісінің туылған күні «Мәуліт» мерекесін халықтық деңгейде ай көлемінде атап, шаттықпен қарсы аламыз.
Құрметтi ағайын! Келіп жеткен мәуліт айы баршамызға құтты болсын. Ынтымағы жарасқан еліміздің татулығы беки түссін. Алла тағала халқымызға амандық, жерiмiзге тек тыныштығын нәсіп етсін.
ҚМДБ-ның наиб мүфтиі,
«Нұр Астана» орталық
мешітінің бас имамы
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ