Періштелер жерде, aспaндa, бaрлық жерде болaды. Олар Алланы еске алатын жерлерде көбірек болады. Ал періштелер қандай жерлерге жоламайды?
Періштелер жағымсыз иістерді ұнатпайды
Періштелердің жағымсыз иісті де ұнатпайтындығын айта кету керек. Муслимнің риуаяты бойынша Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сарымсақ, пияз жеген адам мешітке келмесін. Өйткені адамдар ұнатпаған иісті періштелер де ұнатпайды», – деген. Бұл жерде Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мешіт немесе сол секілді өзге де ғибадат орындарына мүмкіндігінше жағымсыз иіспен бармау керектігін ескертуде.Сарымсақ пен пияз жайлы басқа хадистерде де көп айтылады. Бірақ бұл Алланың аталмыш нығметтерін мүлде жеуге болмайды деген мағынаны білдірмейді. Бұған дәлел ретінде Пайғамбарымыздан (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сіз еш сарымсақ жемейсіз бе?», – деп сұралғанда, – «Маған Жәбірейіл періште кез-келген сәтте уахи әкелуі мүмкін. Сол үшін жемеймін. Ал сендер жей берсеңдер болады», – деген жауабын келтіруге болады.
Періштелер ондай жерге мүлде жоламайды
Періштелер ұрыс-керіс, жанжал болып жатқан жерлерге жоламайды. Бір күні Алланың Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалармен отырады. Бір адам келіп, Әбу Бәкірге (оған Алла разы болсын) былапыт сөздер айтып, оны әбден масқаралайды. Әбу Бәкір бұған мән бермей, үнсіз отыра береді. Әлгі адам екінші мәрте жаман сөздер айтып, тағы масқаралайды. Әбу Бәкір бұл жолы да үнсіз қалады. Әдепсіз адам теріс қылығын үшінші мәрте қайталаған уақытта Әбу Бәкір де оған сөз қайтарып, өзін қорғаштаудың әрекетіне көшкен еді. Алланың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) отырған жерінен тұрып, сыртқа шығып кетеді. Оның ізінше шыққан Әбу Бәкір: – Уа, Алланың елшісі! Менің қылығыма ренжіп қалдыңыз ба? – деп сұрайды. Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): – Ей, Әбу Бәкір! Көктен періште түсіп, ол адамның саған айтқан сөздерін жоққа шығарып, сені қорғаштап отырған еді. Сен өзіңе араша түскеніңде әлгі періште кетіп, оның орнына шайтан отырды. Ал мен шайтанмен бір мәжілісте отырмаймын – деп жауап береді (Бухари).
Періштелер мынадай харам жерлерден алыстау
Жын-шайтандар көбінесе дәретханаларда, үйілген қоқыстарда, арақ-шарап көп ішілетін жерлерде, тағы басқа лас жерлерде болады. Ал, керісінше, мұндай жерлерге періштелер жоламайды. Сондықтан дәретханада тым ұзақ отыра беру дұрыс емес және харам жерлерден аулақ болғанымыз жөн.Үйдің бір бөлмесі әжетхана болғаны секілді, екінші бөлмесі мешіт болуы мүмкін.Әжетхана әдебі жөнінде де көптің біле жүрер нәрсесі жеткілікті. Әуелі: «Я, Алла,ластықтан және лас нәрселерден саған сиынамын» деген дұғаны оқып, содан соң барып әжетханаға сол аяқпен кіріп, шығарда – оң аяқпен шығады. Біз әрдайым Алла Тағала мен періштелердің назарындамыз. Сондықтан, таза жерлерде жүруді, тазалықты ұстануды әдетке айналдырғанымыз абзал. Бұл жайында Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үмбетін әрқашан өзі тұратын үйдің ішін, ауласын таза ұстауға шақырып, былай деген: «Алла Тағала – жомарт әрі жомарт құлдарын жақсы көреді. Алла Тағала – таза, тазаланғандарды да ұнатады. Ендеше, үйлеріңіздің маңайын да таза ұстаңыздар» (Тирмизи) деген еді.
ummet.kz