27
Жұма,
Желтоқсан

һижри

Ысырапшылдықтан сақтанайық

Мақалалар
Жарнама

Біз аштықты көрген жоқпыз. Әйтсе де, ата-әжелерімізден сұрапыл ашаршылық жылдарындағы нәубет туралы естіп өстік.

Тіпті, тәуелсіздік алғаннан кейінгі қиыншылық есімізден шыға қойған жоқ. Сондықтан шығар, біздің болмысымызда ысырап етпеу, асты қадірлеу деген секілді ұғымдар берік орналасқан. Өкінішке қарай, кейінгі жастар асты құрметтеуден қалып бара жатқан сыңайлы.

Бұлай ой түюімізге қазіргі кезде белең алып бара жатқан туған күнмен «құттықтау дәстүрі» себеп болып отыр. Мұндай «дәстүр» қалай орындалады? Әлеуметтік желілердегі видеоларға сүйенсек, туған күн иегерін достары құттықтап жатқан кезде біреуі торт әкеліп, туған күн иегерінің бетіне жапсырады. Немесе мерекесін тойлап жатқан адамды бағанға байлап қойып, үстінен жұмыртқа лақтыру, ұн шашу секілді өздерінің «жоралғыларын» орындайды. Жастардың бұл әрекетін қалай түсінуге болады? Туған күнді осылай құттықтаудың мәдени этикасы туралы сөз қозғамай-ақ қоялық. Алайда тамақты ысырап етіп, шашып тастайтындай не көрінді?

Жалпы біреудің бетіне торт жапсыру, жұмыртқа лақтыру күні кеше шыққан «дәстүр» емес. Америкадан басталған бұл ғұрып негізі саясаткерлерге наразылығын білдіру құралы ретінде қолданған. Содан бері осы бағытынан айныған жоқ. Әлі күнге наразылықтың белгісі болып келеді. Бірақ бұл тәсіл біздің елге туған күнмен құттықтау дәстүрі болып еніпті.

Ысырапшылдыққа асыл дініміз исламда тыйым салады. Құран Кәрімнің «Ағраф» сүресінің 31-аятында «....Ішіңдер, жеңдер бірақ ысырапқа жол бермеңдер! Расында Алла тағала ысырап қылушыларды жақсы көрмейді» делінген. Тойдағы ысырап туралы жұмған аузымды ашпаймын. Онда әйтеуір тамақты ішіп-жеу үшін әзірлеп, қалғанын туған-туысқа салып беріп жібереді ғой. Алайда, қазіргі жастардың тамақты ойын-сауық үшін ысырап етуін ақтап алуға келмейді.

Бір тілім нан таппай отырған қаншама қандасымыз бар. Артылып жатса, соларға неге бермеске? Жастардың әрекетін ақылсыздыққа балауға болар. Бірақ оларға «әй дейтін әже, қой дейтін қожа» болмағаны ма? Ендеше, тамақты төгіп, оның қадір-қасиетін қашыратындай әрекет ешқашан құпталмауы тиіс.

Әби Фатима,

Зейнеткер

Талас ауданы

 

Бөлісу: