28
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

Ораза тақуалыққа тәрбиелейді

Мақалалар
Жарнама

Құрметті оқырман қауым! Биыл қасиетті Рамазан айы мамыр айының  27 жұлдызынан басталады. Рамазан айында бір ай бойы ораза ұстау, яғни ауыз бекіту ислам дініндегі бес парыздың бірі саналады.

Ораза араб тілінде «саумун», «сиямун» деп аталады, сөздік мағынасы – бір нәрседен алыстау. Ал ораза сөзі бізге парсы тілінен енген, алғашқыда – рузе деп, сосын урузе болып, артынан ораза деп өзгерген. Шариғат терминінде ораза дегеніміз – таң атқаннан күн батқанға дейін Алла Тағала ризалығы үшін ниет етіп, ішіп-жеуден, жыныстық қатынастан тыйылу.

Құранда Алла Тағала: «Ей, иман келтіргендер! Өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза парыз етілді. Мүмкін тақуалық қыларсындар» деген. («Бақара» сүресі, 183 аят).  

Алла елшісі Мұхаммед (с.а.у): «Ислам бес нәрседен тұрады: Алладан басқа ешбір тәңір жоқ және Мұхаммед – Алланың елшісі екеніне куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, Алланың үйіне қажылық жасау және рамазан оразасын ұстау» деп түсіндірген. (Бұхари, Муслим).

Бұл Құранның аяты мен пайғамбарымыздың хадисінен Рамазан айының оразасы барша мұсылман қауымына парыз екенін аңғарамыз, ал рамазан айының оразасын мұсылмандарға Алла Тағала һижраның екінші жылы шағбан айының соңғы күнінде парыз қылдырды. Осы уақыттан бастап барша мұсылман қауымы жыл сайын рамазан айында ораза тұтып келеді. Ал төмендегі хадистерден біз оразаның қадір-қасиеттерін байқауға болады:

«Рамазан келгенде жәннаттың есігі ашылып, тозақ есігі жабылады, шайтандар кісенделеді». (Хадисті Әбу Һурайрадан (р.а.) имам Бұхари және
имам Муслим риуаят етті).

«Қайсыбір пенде Алла Тағала жолында бір күн ораза ұстаса, Алла Тағала сол күн үшін оның жүзін тозақ отынан жетпіс жылға ұзақ етеді».
(Хадисті Әбу Сағид Әл-Худриден (р.а.) имам Бұхари және имам Муслим риуаят етті).

«Мен Расулуллаға (с.ғ.с.) барып: «Маған бір амал бұйырыңыз. Мен сол амалды орындайын», – деп айтқанымда, ол (с.ғ.с.): «Ораза ұста. Себебі, онымен тең келетін амал жоқ», – деп жауап берді». (Хадисті Әбу Умамадан (р.а.) имам Нәсәи риуаят етті).

«Кім Рамазан айының оразасын шын иман және ықыласпен ұстаса, оның бұрын істелген күнәлары кешіріледі». (Хадисті Әбу Һурайрадан (р.а.) имам Бұхари және имам Муслим риуаят етті).

«Жәннатта Раййан деп аталатын қақпа бар. Ол қақпадан ораза тұтқандардан басқа ешкім кірмейді. Қиямет күні: «Ораза ұстағандар қайда?», – деп жар салынады. Ораза ұстағандар тұрып, сол қақпадан кіреді. Олар кіріп болған соң, қақпа жабылып, одан басқа ешкім кірмейді». (Хадисті Сәһл ибн Саъдтан (р.а.) имам Бұхари және
имам Муслим риуаят етті).

Бұл хадистерден біз ораза ұстаған адамның алатын жақсылықтарымен сауаптарын байқауға болады. Сонымен қатар, құрметті оқырман қауым, ораза бұл адамның өзінің нәпсісімен күресіп, өз-өзін тәрбиелейтін уақыт екенін де естен шығармауымыз керек. Мақаламыздың тақырыбы «Ораза – тақуалыққа тәрбиелейді» болғандықтан, осы тақуалыққа жететін жолдарын қарастырып көрсек:

  1. Ораза кезінде Алла Тағаланы жиі еске алу.
  2. Пайғамбарымыздың (с.а.у)-ның сүннетіне сай болып, оларды тірілту.
  3. Құлшылық-ғибадаттарды көбейту, әсіресе, намаз және құранды көп оқу.
  4. Туған-туыстармен қарым-қатынасты жандандыру.
  5. Аз ұйықтап, құлшылық-ғибадаттарға көп көңіл бөлу.
  6. Көркем мінез-құлықты ұстану.
  7. Оразаны бұзатын істерден аулақ болу.
  8. Оразаны пайдаланып тамақты аз ішуді әдетке айналдыру.
  9. Қайырымдылықты көп жасап, садақа беруді көбейту.
  10. Отбасымен бірге ораза ұстап, оларға көп көңіл бөлу.
  11. Ауызашарға асығу, сәресін ұйықтап қалып, жіберіп алмау.

Оқырман қауым, осы жоғарыда жазылған ескертулерді өзіміздің жадымызда ұстап, жаман әдет-қылықтарымызды артымызда қалдырсақ тақуалыққа жетуімізге болады. Ораза тек қана тамақпен сусыннан тыйылу емес, ол – жамандықтан тыйылып, жақсылыққа тырысу. Алла елшісі Мұхаммед (с.а.у)-нын төмендегі хадистері бұған дәлел бола алады:

«Кімде-кім өтірік сөзбен оған амал қылудан тыйылмаса, Алла Тағалаға оның жеп-ішуден тыйылуының қажеті жоқ». (Хадисті Әбу Һурайрадан (р.а.) имам Бұхари риуаят етті).

«Сіздерден біріңіз ораза ұстаса, жаман сөз айтпасын, дауласпасын! Оны біреу балағаттаса немесе онымен дауласса, ол: «Мен оразамын» деп айтсын». (Хадисті Әбу Һурайрадан (р.а.) имам Бұхари және
имам Муслим риуаят етті).

Қорыта айтатын болсақ, құрметті оқырман, ораза бізге тек қана құлшылық-ғибадат жасап, сауап қана жинайтын ай емес сонымен қатар нәпсімізбен күресетін, сөйтіп тақуалыққа да бет бұратын ай екеніне көзіміз жетті деп ойлаймын құрметті мұсылман қауым. Ендеше, келе жатқан рамазан айы баршамызға мүбәрак болып, пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у): «Ораза тұтушыға екі қуаныш бар: біріншісі аузын ашқан кездегі қуаныш, екіншісі Раббысымен жолыққан кездегі қуанышы» деп айтқандай, барша мұсылман қауымға осы екі қуанышқа жетуімізді Алла Тағала нәсіп етсін!


Асхат СӘЛІМОВ,

«Төлебай» мешітінің бас имамы



Бөлісу: