28
Сенбі,
Желтоқсан

һижри

Рамазан – күллі мұсылманның сағына күтетін, қимай қоштасатын айы

Мақалалар
Жарнама

Қызылорда қалалық «Айтбай» мешітінің наиб имамы, дінтанушы Қайырбек ОТЫЗБАЕВ:

Қайырбек Тоқтықбай­ұлы, бір күннен кейін  қасиет­ті  Ораза айы төрімізге енеді. Рамаза­н айы мүбарак болсын! Ораза – Исламның бес парызының үшіншісі. Осы ретте әңгімемізді қасиетті парыз­ды орындау тұрғы­сында  бас­тасақ...

- Иә, барша мұсылманды сағындырған, әрі айлардың ішіндегі сұлтаны бол­ған қасиетті Рамазан айы да келді. Мүбарак Рамазан – күллі әлем мұсылмандарының сағына күтетін, қимай қоштасатын айы. Өйткені, адам баласының тәнін, жан  дүниесін тәрбиелейтін ораза­ құлшылығы осы айда парыз етілген. Сонымен қатар, адамзатты ақиқат жолға үндейтін қасиетті Құран да осы айда түсірілді. Сондықтан, бұл айда жасал­ған әрбір жақсы амалдар елеусіз қалмай, сауабы еселен­е түседі. Алла тағала былай дейді: «Әй, мүміндер! Сендерге  бұрынғыларға  парыз қылғандай ораза парыз қылынды... Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілді. Сендерден кім Рамазан айында болса, ораза ұстасын...» («Бақара» сүресі, 183,185-аяттар). Ардақты пайғамбар Мұхаммед (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауапты бір Алладан ғана күтіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгелдей кешіріледі», - деп айтқан. Үш шарт­тың аясында, яғни мұсылман болу, ақыл-есі дұрыс және балиғат  жасқа толған әрбір кісіге Рамазан оразасын ұстау  парыз  болып  табы­лады.

Оразаның пайдасын айтсаңыз...­

- Ораза жекелеген адамды алдымен Алладан қор­қу­ға, қиыншылық кезіксе, сабыр­ етуге, өзіндегі бар дүниесіне қанағат пен шүкір етуге, адами қасиеттерін дамыт­ып, көркем мінез-құлқын жақсартуға, қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырындағы алтын уақытын жақсылыққа, екі дүниесіне пайда әкелер игілікті істерге жұмсауға үйретеді. Сондай-ақ, ораза қоршаған қоғам үшін де аса пайдалы. Адамдарды бірлікке және бір тәртіпке үйретеді. Барлық адам баласын күнә атаулыдан сақ болуға шақырады. Адамдардың бір-біріне мейірімді болғанын жақсы көреді. Міне, Рамазан – осындай қадір-қасиетімен ерекшеленген рухани тәрбие айы.

- Бұл  Рамазан  айында  дұға-тілектің қабыл болуы жайында  не  айтылады?

- Әрбір пенде тіршілікте жаратушы Аллаға мұқтаж екені ақиқат. Ал, Рамазан дұғаны көбірек жасаудың үлкен мүмкіншілік сәті. Өйткені, ораза ұстаушының жасаған  дұғасы  қабыл  болады. Бұл жайында Пайғамбарымыз (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): «Шындығында ораза ұстаушының ауызашарда қылған дұғасы қайтарылмайды», - деп айтқан. Демек, ораза ұстап, көптеген жақсылықтарға қол жеткізгеніміз секілді, ауызашар сәтінде алақан­ымызды Аллаға жа­йып, қажетімізді сұрау да – бір бақыт. Көзді ашып-жұм­ғанша өтіп-ақ кететін ораза күндерімізді сауапты әрі игі істермен өткізіп, алақанымызды бір Аллаға жайып, игі амалымыздың қабыл болуын сұрап, көп-көп дұға жасаған дұрыс болады.

- Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Ержан қажы Мал­ғажы­ұлы қасиетті Рамазан айын­а байланысты халыққа үндеуінде  не  айтты?

- Еліміздің Бас мүфтиі, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төр­ағасы Ержан қажы Малғажы­ұлы биыл да Рамазан айының құрметіне дәстүрге айналған үндеуін жария етті. Бас мүф­ти асыл дініміз Исламдағы «садақа жария» ұғымына ден қойды. Яғни қоғамның, халықт­ың игілігі үшін жа­салуы­ керек сауапты (мешіт-медресе, аурухана, балабақша, спорт кешендерін тұрғызу, көше, көпір салу, ауызсу тарту) істерге шақырды. Үндеуде: «Меценаттар мен кәсіпкер азаматтарды жалпы жұршылыққа қажетті нысандарды тұрғызу жұмысына белсене араласып, жанашырлық танытуға шақырамын. Өйт­кені, Рамазан – қайырымды жандар үшін мол мүмкіндіктер маусымы. Оразада жасалған әрбір қайырлы іс – үлкен са­уап», - делінген. Сондай-ақ: «Қоғамда кісі ақысын жеу, баланы аяусыз ұру, педофилизм, нәрестені далаға тастау, өз-өзіне қол жұмсау, ажырасу, кейбір азаматтар арасындағы қатыгездік жағдайлар, арақ-шарапқа тәуелділік, отбасындағы келіспеушілік, террорлық оқиғалар сынды  жалпы адамгершілік  құндылықтарға жат әрекеттер көрініс табуда. Пендені рухани тұрғыдан аздыры­п, елдің тыныштығын бұзып, қоршаған  орта мен бүкіл  қоғамның тұтастығына үлкен зиянын тигізетін мұндай жаман­ әрекеттерге жұрт болып­ жұмылып қарсы күресуіміз керек­. Бүгінгідей бірлі­гіміздің арқасында мұндай жағымс­ыз, жаман оқиғалардың   жолын  кесе аламыз», - деп бүгінгі қоғамның өзегіне айналы­п бара жатқан жат қылықтарға  тосқауыл болу керектігін  де  баса  айтқан.

Бағалай білсек, Рамазан – мол сауап жинайтын қасиетті ай. Сол үшін қасиетті айдың құрметі үшін үндеуде айтылғандай азық-түлік, көкөніс пен тұрмыстық заттарға жеңілдік жасалып, Құдайы астар мен садақалар ауыз­ашар уақытында ұйымдастырылса, тойлар ішімдіксіз өткізілсе, жамандықтың бастауы болған арақ-шараптың сатылуына барынша жол бе­рілмесе, қандай жақсы?! Үндеуде көтерілген өзекті мәселелерге бейжай қарамай  мұсылман баласы ретінде үн қатып, Рамазан айын құрметтесек, жақсы істің өнегесі де, тәрбиенің бастауы да осы болмақ.

- Рамазан айы шапағаты мол, ізгілік пен ілтипатқа, мейі­рімге толы. Сондықтан осы айды қуанышпен қарсы аламыз. Жыл бойы жасамаған жақсылығымызды осы айда көрсетеміз. Жалпы, қазақта «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» дейді ғой. Қайырымдылық шараларын жарнамалау имандылық тұрғысынан қарағанда қаншалықты дұрыс?

- Бірде Мұхаммед (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымыздан бір кісі: «Уа, Алланың Елшісі, ең жақсы адам кім?» – деп сұрағанда, ол кісі: «Ең жақсы адам – қоғамға, елге пайдасы тиген пенде», – деп жауап берген екен. Қараңызшы, жақсы адам қоғамға, елге пайдалы болғаны. Демек, адам баласы елі үшін қылатұғын жақсы­лығын міндетсінбей, мақтанбай бір Алланың разылығы үшін жасағаны дұрыс. Онсыз жасалған­ жақсылықтың сауабы да жоқ болмақ. Тек, Рамазан айында ғана сауап іс жасау керек екен деген теріс түсініктен толықтай арылуымыз керек. Жыл оны екі ай жақсы істеріміз, сауап амалдарымыз күнделікті тірші­лікте мұсылманның серігіне айналуы қажет. Ал, оразада жасалған әрбір қайырлы істің сауабы көп. Сондықтан, бұл айдың ішінде мол сауапқа кенелу­ үшін әрбір иманды жан жақсылықта жарысатыны сөзсіз. Алла Елшісі (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Шама-шарқыңызға  қарай  сауап  амал жасаңд­ар. Өйткені сендер жақсы­лық жасауда жалық­пайынша, Алла да сендерге сауап­ жазуда­н жалықпайды. Алланың құзырында қабыл болаты­н  амал – аз да болса игі істің  тұрақты  жалғасып  тұр­ғаны». Демек, оразада көбірек сауап іс жасаған болсаңыз, Рамазан айынан кейін «осымен бітті» деп тоқмейілсуге болмайды. Одан кейінгі айлар­да да аз болса да игі, сауап­ты істерді тұрақты жалғастыру керек. Яғни, бір кісі басқа айларда кешірімді болған­ болса, Рамазан айында тіпті көбірек кешірімді болу керек. Өзге айларда қайырымдылық, жақсылық жасап келе жатқан болса, Рамаз­ан айында Ораза айыны­ң басқа айлардан ерекшелігі  секілді, қасиетті айдағы  жасаған жақсы істері өзге айлардан әлдеқайда  шоқтығы  биік  болып ерекше көрініп тұр­ғаны  жөн.

Пайғамбарымыздың (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын): «Оң қолыңмен бер­ген­іңді сол қолың көр­ме­сін», - деген мәнді хадисі бар. Бұл  хадис  берген  сада­қаңды,  жасаған қайырымды істеріңді міндетсінбей, анаған-мынаған мақтанып айтпау керектігін білдіруде. Жұртқа мақтанып көрсету үшін емес, тек шынайы түрде Алла ризалығы үшін болса, ол  жақсылыққа  сауап­ жа­зылады. Өмірде адамдардың арасында кіш­кентай  жақсылық  жасаса, соны міндетсінетін, алушыны ренжітетіндер де жоқ емес. Жалпы, жасалған қайыр­ымдылықтың сауабын жоя­тындай мақтану, мін­детсіну сынды теріс ниетт­ерден сақтанып, өзгелерге жақсы жағына­н ой салса немесе өнеге болса екен деп ақпараттандырып жатса, оның еш айыбы жоқ. Өйт­кені, БАҚ пен бүгінгі әлеуметтік  желілер – үлкен мүмкін­шілік  алаңы. Қайда­ғы арсыз­-ұятсыз  дүниелерден гөрі  өзгеге­  ой салып, ғибрат болатындай сауапты істер жақсы ниетт­е насихатталып жатса, жастарға да, халқымызға да өнеге болмай ма?

Жалпы, Алла Ораза мен намазды адамдарға парыз етіп берген. Ал бірақ намаз оқымаған  адам нағыз күнә­һар  деген   сөзді   қалай түсінуге болады? Сонда намаз оқымай  жүрген  пенделердің барлығы қанша сауап істер істесе де, күнде еш жамандық жасамаса да, ауыр күнәға батып­  жүреді  ме?

- Парыз болған ораза амалы секілді, намаз да – өз алдына Алланың иман келтірг­ен  құлдарына әмірі. Кейде қоғамнан мынадай теріс пікірлер естіп қаламыз. Мәселен, «намаз оқымасаң, тұтқан оразаң қабыл емес, сауабы жоқ», «намаз оқымасаң, онда ораза­  ұстамай-ақ қой» деп теріс түсінік берілуде. Айтпағым, намаз оқымайтын көптеген кісілер «мойнымдағы парыз амал ғой, биыл ораза ұстайын!» деп жақсылыққа ниет етеді. Қараңыз, ораза ұстау арқылы бір пары­з амалын болса да, мойнынан түсіреді. «Ой, мен намаз оқымаймын, маған­ ораза тұтуға болмайды» екен деп, көшеден естіг­ен сөзге еріп кетсе, онда оразаның сауабынан қарап  тұрып  қағылмақ. Дәл сол секілді намаз да – мұсылман үшін иманнан кейінгі екінші парызы. Оған ешқандай сылтау жүрмейді. Яғни, сіз айтқандай «мен сауап істер жасап жүрмін, жаманшылық жа­самаймын ғой» деп айтумен мойнындағы парыз болған намаздан  босатылады деген сөз тумайды. Кім жақсылық  жасаса  біреу  үшін  емес, ең  алдымен  өзіне  болмақ. Құ­ранда­ былай делінеді: «Әлде­кім­ ізгі іс істесе, сонда өзі үшін. Ал кім  жамандық  істесе­, ол да өзіне» («Жәсия» сүресі, 15-аят). Ал, намаз – Құдай алдын­дағы сұрауы бар парыз амалдың ең маңыздысы. Құранның көптеген жерінде: «Намаз оқыңдар және зекет беріңде­р», - деген аяттармен намазды­ң маңызды парыз ғибадат екендігі білдірілген. («Бақара» сүресі, 238-аят) Хадис­те: «Намаз – діннің тірегі», - делінген. Мойынның жар бермеуінен көп адам әлі де намаздың қадір-қасиетін білмей, оған жақындай алмай жүргені ақиқат. Оразада аузы берік екенін біліп тұрып әдейі оразасын бұзған адам қандай күнәлі болған болса, намаздың парыз екенін біліп тұрып, жалқаул­ық, немқұрайлылық себебім­ен намазды тастаса неме­се  қашқақтаса, оның да өзіндік күнәсі бар екенін ескерг­еніміз жөн. Сіз айтқандай, намаз оқымай жүрген пенде­лердің барлығы қанша жақсылық жасаса әрі күнде еш жамандық жасамаса, оның да Алла құзырында сыйы болмақ. Сол үшін «жақсылық жасап жүрмін, мен күнә жасамаймын» деп, парыз болған намаздан сытыла, сылтаурата қашуға болмайды. Қайта мойнымдағы міндетімді шама-шарқынша өтейін, бес уақыт, бес намазымды қаза қылмайын деп ниет­тенсе, қандай жақсы. Өйткені, намаз – арсыздықтан, жаманшылықтан сақ­тайтын  бірден-бір жол.

- Мешіттің наиб имамы қызметіндесі­з. Өзге  дін  өкілдерін қалай  айыруға  болады?

- Жуырда Астана қаласында ІІ республикалық имамдар Форумы өткізіліп, онда «Ханафи мәзһабы  мен  Матуриди  сенім мектебі – Қазақстандағы Ислам­ның дәстүрлі жолы» ұстанымы бекітілген болатын. Мұны бұрыннан бабаларымыз ұстанып келе жатқан рухани мектеп десек болады. Алайда Діни басқарма ұстанып отыр­ған бағытымызға қыңырлық таныт­ып, одан  теріс  айналған жандардың пікірінен, сөзін­дегі дөрекілігінен, ата-анасына қарсы келу және сыртқы жүріс-тұрысынан, сақалды ұсқынсыз бейберекет өсіру, балақтарын кесу сынды оғаш көріністерінен ажыратуға болады. Бас мүфтидің имамдарға айқындап берген төрт бағыты бар. Соның бірі – теріс ағымдағылармен жұмыс жасау. Аллаға шүкір, мешіт жамағаттарының ынтымағы мен бірлігі үшін айтарлықтай жұмыстар қолға алынуда. Әсіресе күнделікті уағыз-насихат, айлық дастарқан, қоғамдық іс-шаралар мен спорттық ойындар өткізу бірізділікке түсіп келеді. Соның  арқасында  жамағаттың бірлігі бекемделіп келеді.

Шындық. Шаңырақ құрмаған, діни рәсіммен некесін қи­дырған  жастар, орта  жастағылар арасындағы «талақ» мәселесі. Мешіттен берілетін неке қағазын алу үшін заңды органның неке қию туралы куәлігін талап ету енгізілді ме?

- Шариғатта «неке» – шаңыр­ақ көтеруші ер мен әйелдің ұсыныс және қабылдау арқылы сөз байласуы дегенді білдіреді. Яғни, неке қидыру дегеніміз – үйленуге кедергісі жоқ екі жұптың куәгерлердің алдында сөз байласуы арқылы адал жолмен қосылып, перзентті болып, киелі шаңырақ көтеруі деген сөз. Ардақты Пайғамбарымыз  (Алланың Оған салауаты мен сәлемі болсын) былай деп өсиет етеді: «Үйленіңдер. Расында мен, үмбетімнің көптігін мақтан етемін». Аллаға шүкір, қазіргі жас отбасы­лар ең алдымен ме­шіт­ке келіп, өздерінің ақ некелерін қидыртуда. Алай­да­ отбасының қадірін бағаламай, болмашы нәр­селер­ден бірінен-бірі ілік іздеп өз шаңырақтарын шайқалтып, түбінде «талақ» ажырасу мәселесіне дейін барып жататын­дар да бо­лады. Міне, осындай жағдайда, мешіт имамдарының кінәлі болып қалмауы үшін мешіттегі неке қағазын алу үшін алдымен заңды органның неке қию туралы­ куәлі­гін талап ету мешіт­тердің неке қию жөніндегі талап­тарын­да анық көрсетілген. Онсыз мешітте­рде қазір неке қиылмайды.

- Бейіт  жанынан  өтіп  бара жатқанда көлік ішінде отырып бет сипау немесе көлікті жол жиегіне қойып, ішінде  отырып  Құран  бағыштауға  бола  ма?

- Әрине, болады. Дүние­ден өткен марқұмдарға Құран бағыштау – сауап іс. Ең болмағанда «жатқан жерлер­і жәннат, имандары саламат болсын!» деп бет сипау да дұға болып табы­лады. Егер жолаушы тым асығыс болмаса, жол жиегіне тоқтап, білген Құранын оқып, оның сауабын мар­құмдарға бағыштаса, ол да болад­ы.

Құран оқытқан орын­дарға, жерлеу рәсімдеріне бара­мыз. Қол жайып, бет сипай­тын әдетіміз бар. Сол кездегі айтар сөзіміз қандай: «Әумин» әлде «Әмин»?

-Жалпы, діни рәсімдерге барудағы негізгі мақсатымыз дұға жасап, марқұмға сауап тисе екен дейміз. Ол жерде Құран оқылады, дұға жасалады. Ал, мұсылман бауы­р ретінде дұғаға «әмин» немесе «әумин» дейміз. Яғни, «Алла қабыл етсін, сауабы­н жазсын» деген ниетім­іздің көрінісі. Екеуі де қолданыстағы сөздер болға­ндықтан, аса  алшақтық  жоқ деуге болады. Қазақ әу бастан бата бер­генде: «Әумин десең маған, бата берейін саған», - деп те қолданған. Соған бола «олай емес, былай» деп талас-тартыс жасау керек емес.

Ораза  тұтып үйде жат­қан адам  мен  жұмыста жүр­ген адамның сауабы туралы айтсаңыз.­

- Екеуінің де ықылас-ние­тіне байланысты. Яғни, ұстап жатқан оразасының сауабын бір Алладан үміт етіп, өзін бүкіл жаманшылық әдеттерден бойын тыйса­, Рамазанның берекесі осы ғой. Ал, құлшылықты сылтау етіп, күнделікті тіршіліктен  бас тартуға тағы болмайды. Алайда ораза айын  жақсылап  құлшылықпен өткізу үшін еңбек демалысын соған туралап алып, қасиетті айды Құран оқу­мен, нәпіл ғибадаттармен өткізсе,  оның орны бір бас­қа. Жұмысты әркім өз тір­шілігі үшін жасайды. Дегенмен, жұмыстағы қиыншылыққа, шөлдеу мен аштыққа төзіп, сабыр етер болса, Алла қаласа, оның да сауабы болары сөзсіз. Ниетіміз, тілеген  дұға-тілектеріміз  қабыл болсын!

- Әмин. Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға алғыс білдіремін!

Сұхбаттасқан

Н.ҚАЗИҚЫЗЫ

"Халық" газеті

Бөлісу: