«Жастар жалын жүректі, өршіл намысты, биік рухты болса, ол елдің еңсесі биік болады»
Н.Ә.Назарбаев
«Қартайған адам не жақсы, не бақсы болады» – депті зерттеуші-ғалым Немат Келімбетов. Расымен де, елдің ортасында көп жүрген соң көрген-білгені, тоқығаны көп ауылдың қазыналы қарттарымен жиі жолығамыз. Бірде сәті түсіп, Сыр еліне іссапармен барғанда, ауылдың сыйлы бір ақсақалмен дәмдес болдық. Ақсақалдың сөз саптауы, сәлихалы, сарынды әңгімесінен өмірден көрген, түйгені мол дана адам екені білініп тұр. Әңгімеміз жарасым тауып, шүйіркелесіп кеттік. Өзі бала кезінен бастап, намаз оқиды екен. Айтпақшы, дана туралы француздың бір данышпаны «жастық шақ – даналықты меңгеруге, ал кәрілік – оны қолдануға арналған уақыт» деген екен. Шынымен-ақ, әлгі ақсақал менің көзіме дана адам көрінді. Ұзақ әңгімеден кейін ақсақал «жасың нешеде?» деп, төтесінен сұрақ қойды. Менде еш кідірместен, «отыздан асып барамын» - дедім, жауабымды естіген қария ұзақ үнсіз қалды. Мен де бірдеңені бүлдіріп алдым ба деген оймен ыңғайсызданып отырып қалдым. Сәлден кейін «ау, ақсақал Сіздің жасыңыз қаншада» деп мен қарсы сауал тастадым. Сонда әлгі кісі «менің жасым 25-те, ал сенен жасыңды сұраса 18-де деп айт», – деген болатын. Осылай дегеніне аң-таң болып, ақсақалға қарап «шариғатта өтірік айту күнә ғой» - деп едім, әлгі кісі «ай шырағым-ай, өмір қартайсада көңіл қартаймайды ғой, ал көңілі жас адамдар құлшылықта ықыласты, еңбекте табысты, әрбір күнге шүкіршілігін айтудан жаңылмайды» деп жауап берген еді. Қайран, абыз ақсақалым! Жасымды сұрағандарға «жасым 18-де деп, жауап беріп келемін, бірақ кейде көңілім қартайып бара жатқандай сезіледі».
Абай:
«Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек,
Ашуың – ашыған у, ойың – кермек.
Мұңдасарға кісі жоқ сөзді ұғарлық,
Кім көңілді көтеріп, болады ермек?» деген өлеңін жазғанда 41 жаста екен. Әрине, бұл физиологиялық қарттық жас емес екені түсінікті жайт. Абай сол дәуірдегі қазақ қоғамындағы әлеуметтік институттар қайшылығының асқынып, кері кетіп бара жатқан рухани жұтаңдықты қарттықпен байланыстырып, өте шебер суреттеген. Міне бұның өзі дана қартымыз айтқандай, көтеріңкі көңіл-күйдегі жастықты ұстап тұру үшін тынымсыз еңбекқорлықпен махабаттан келетіндігін түсіндірсе керек. Ал, жастық шақты сол Абай атамыз:
«Жастықтың оты жалындап,
Жас жүректе жанған шақ.
Талаптың аты арындап,
Әр қиырға салған шақ», – деп суреттеуі де бекер емес.
Жастық шақ – керемет кезең
Қазіргі жас ұрпақ – қоғамның болашақ қайраткері, еліміздің тірегі, ертеңгі ел тізгінін ұстайтын үмітіміз. Келешектің кемелді болуының кілті өсіп келе жатқан ұрпақтың қолында. Сондықтан, рухани ізгілікті, жаңару заманына лайықты, өзін-өзі басқара алатын жан-жақты тұлға тәрбиелеу күн тәртібінен ешқашан түспек емес. Қоғамдағы әрбір азамат иманы кәміл, денсаулығы мықты, рухани дүниесі бай, жаны мен тәні кіршіксіз таза, танымдық белсенділігі мен шығармашылық қабілеті ерекше тұлға болса нұр үстіне нұр.
Жастық шақ – адам өміріндегі мүмкіндігі зор, қайрат-жігерге толы керемет кезеңі. Алла тағала Құрандағы «Рум» сүресінің 54-аятында: «Ол сондай Алла сендерді әлсіз жаратып, сосын әлсіздіктен кейін күш-қуат беріп, сосын күштен кейін нашарлатып, қартайтты...», – деген. Түсінген жанға аяттың пәлсапалық мәні тереңде. Жастар қолындағы мүмкіндікті жіберіп алмай, дер кезінде, пайдалы іске жұмсаса, ертең орны толмас өкінішке қалмайтыны анық. Бойда күшің қайнаған жастық шақ қайта келмейді, кәрілік жетсе, жеңбей қоймайды. Қазақтың біртума перзенті Міржақып Дулатовтың: «Жастық – біздің өміріміздің жазы. Жаздан кейін күз келеді. Сол секілді жастықтан соң кәрілік жетеді. Шаруасына жинақы кісілер жаздың күні қыстың азық-түлігін даярлап қояды. Адам да жасында өнер-білім, жақсы мінездерді бойына жинауға тиіс. Мұнсыз ол қартайған шағында рахат тіршілік ете алмайды», – деген ұлағатты сөзінің тағылымы ұшан-теңіз.
Құран жастардың ісін үлгі етеді
Алла тағала Құранда жастық жігерін ізгілікке, адамзаттың екі дүниесіне қайыры тиетін істерге жұмсаған пенделерін үлгі қылады.
Пұтқа сыйынып, рухани азғындаған елін жастығына қарамастан, Аллаға және адамгершілік қағидаларына шақырған Ибраһим пайғамбар;
Әке-шешеге мойынсұну, үлкен кісілерге құрмет жасау тұрғысында үлгі болған бала Исмайыл пайғамбар;
Өзінің арын қорғап, салауатты өмір сүруге өнеге болған сұлу жігіт Юсуф пайғамбар;
Жас өмірлерін шынайы сенім қалыптасу үшін құрбан қылған Құранның «Кәһф» сүресінде айтылған үңгірде қалған жастар туралы көптеген мысалдар келтірілген.
Пайғамбардың ұлы ісінде жастардың рөлі басым
Адамзатқа рақымдылық ретінде жіберілген соңғы пайғамбар Мұхаммедтің мойнындағы міндеті ауыр еді. Надандық қараңғылығына батып, әділдік пен зұлымдықты, обал мен сауапты, ұят пен арсыздықты, мейірім мен қатыгездікті ажыратып жатпайтын қоғамды имандылық дәнін сеуіп, қараңғылықтан шығару оңай шаруа емес еді. Адамзаттың асылы аз қиыншылық көрген жоқ. Алайда, аз ғана 23 жылдық мерзімде үлкен жетістіктерге жетті. Бұған Алланың жәрдемінен кейін айналасына жиналған жалынды жастар ерекше еңбек сіңірді. Мәселен, алғашқы қиын жылдары мұсылман болғандардың ішінде Омар ибн Хаттаб (р.а.) 27 жаста, Талха ибн Убайдулла (р.а.) 14 жаста, Зубайр ибн Аууам (р.а.) 16 жаста, Сағд ибн Абу Уаққас (р.а.) 17 жаста, ал хазіреті Әли тіпті бала болатын. Бірақ, осы сахабалардың әрқайсысы Ислам нұрын шартарапқа жаюда өлшеусіз үлес қосты.
Алла елшісінің жастық шағындағы игі істерінің бірі
Мұхаммед пайғамбарлық келмей тұрған жастық шағында да келелі істердің басы-қасынан табылған. Солардың бірі «Хилфул-фудул» деп аталатын адам құқықтарын қорғау ұйымына мүше болатын. Ол Меккенің әлеуметтік-экономикалық жағдайы өте нашарлаған кезі еді, пайғамбардың жасы жиырмалар шамасында болатын. Зұлымдық кеңінен етек алып, жан, мал, ар-намысты сақтау мүмкін болмайтын халге келеді. Меккенің жергілікті халқы сауда жасауға және Меккені зиярат етуге келген басқа жақтың адамдарына қоқан-лоқы жасап, заттарын тартып алатын. Зұлымдыққа ұшыраған адамдар ақыларын қайтару үшін кімге барарын білмей дал болатын. Сол кезеңде сауда жасап Меккеге келген Йемендік бір саудагердің заттарын Ас-бин-Уәил деген бір меккелік адам күштеп тартып алады. Осы оқиғаға байланысты Йемендік саудагер Әбу Кубәйс тауына шығып, айқайлап, ақысын қайтару үшін тайпалардан көмек сұрайды.
Зұлымдықтың шегіне жеткен осындай оқиғаларға тосқауыл қою мақсатында жергілікті тайпалардың алдыңғы қатарлы адамдары Абдуллаһ бин Жудан деген кісінің үйіне жиналып ақылдасады. Онда жиналғандар ешкімге зұлымдық жасамауға, жауыздыққа тосқауыл қоюға және зұлымдық көрген адамдардың ақыларын қайтару мақсатымен қоғамдық ұйым құрады. Мұхаммед пайғамбар жас кезінде қатысқан және құрылуына үлкен ықпалын тигізген бұл қоғам «Хилфул фудул» деп аталды. Ықпалы ұзақ уақытқа дейін жалғасқан бұл қоғамдық ұйым зұлымдықтың алдын алып, Меккедегі бұзылған тәртіпті қайта қалыптастырды. Ардақты пайғамбар өзіне пайғамбарлық білдірілгеннен кейін сахабаларға «Абдуллаһ бин Жуданның үйінде жасалған анттасуда мен де бар болатынмын. Маған сол анттасу көптеген байлыққа ие болудан артық. Қазір де мені сондай мәжіліске шақырса, келісер едім», – деп еске алады екен. Демек, жастар қоғамдағы кереғар іс-әрекеттердің алдын-алуда белсенді болып, Отанды қорғауға және елге адал қызмет етуге қай уақытта да дайын болуға тиіс.
Осы орайда, қазіргі қоғамдағы иманды жастардың сипаты қандай болуы керек деген заңды сауалға хал-қадерімізше жауап беріп көрейік.
Біріншіден, Құдайдан қорқу.
Алладан қорқу – адамзат бойындағы ең асыл қасиет. Алланың әрдайым бізді бақылап тұрғандығын сезініп, Оның жазасынан қорқып, сауабынан үміт етіп, ешбір қиянат пен қылмысқа, күнә мен обалға бармау. Бүгінде бүкіл қоғам осындай қасиетке ие жандарға мұқтаж екені даусыз. Ал мұндай жандар иманды адамдардың арасынан ғана шығатыны сөзсіз. Халқымыздағы «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген сөздің мәні терең. Себебі, қолына мүмкіндік тиген кісі Құдайдан қорықпаса, қолындағы құзыретін немесе аманат ретінде берілген қызметін жеке басының мүддесі мен құлқыны үшін пайдаланып, зұлымдық пен қиянаттың, күнә мен обалдың неше түріне барса одан не үміт, не қайыр. Құдайдан қорқа білген жанға Алла тағала өзім қамқор болам деп уәде еткен. Құранда «Талақ» сүресінің 2-3 аяттарында: «Кім Алладан қорықса, оған бір шығар жол пайда қылады және оған ойламаған жерден ризық береді. Ал кім Аллаға тәуекел қылса, сонда Алла оған жетеді. Сөзсіз Алла өз бұйрығын атқарады. Расында, Алла әр нәрсеге бір өлшеу қойған», – дейді. «Құдай деген қор болмас», – дейді халқымыз. Ендеше, адамға сынақ үшін берілген тіршілікті мағыналы етудің бірден-бір жолы – Алладан қорқып өмір сүру.
Екіншіден, ата-анаға жақсылық жасау.
Адамның жарық дүниеге келуіне себеп болған ата-ананың өмірдегі орны айрықша. Ата-ананы қадірлеп, оларды Алланың рақымына бөленуге лайық деп білетіндер – бұл дүниеде де, арғы дүниеде де бақытты жандар. Оларды өздеріне жүк санап ауырсынғандар, көңілін қалдырып налытқандар – келешегіндегі бақытын байлағандар. «Ата-анаға лайықты дәрежеде құрмет көрсетпеу – Хақ тағалаға қарсы келумен бірдей күнә», – дейді дін ғұламалары. Сондықтан, Алла тағала өзіне құлшылық етуден кейінгі екінші орында ата-анаға жақсылық жасауды міндеттейді. Әрбір иманды жас ата-анасын ардақтап, олардың алдындағы парызын білуі тиіс. Алла тағала өзінің разылығын ата-ананың разылығына, ашуын ата-ананың ашуына байланыстырып қойды. Бұл жайлы Мұхаммед пайғамбар: «Алла тағаланың разылығы – ата-ананың ризашылығында, Алла тағаланың ашуы ата-ананың наразылығында», – деп ескертеді. Басқа бір хадисінде: «Әке – жәннаттың ортаңғы қақпасы. Қаласаң, оны тәрк ет, қаласаң сақта» – деген.
Бүгінгі күні ата-анасынан достарын, әйелін артық көріп, солар үшін ата-анасын ренжітіп, көз жасына қалып жататын жастар кездеседі. Бірақ ата-анасын жарылқап, оның жүзін жадырата алмаған, оларға опа бермеген жан ешкімге опа беріп қарық қылмайтынын ұмытпауымыз керек.
Үшіншіден, білімді болу.
Иманды жас білімді болады. Адам баласы тек білім арқылы ғылымды, дінді үйренеді, дүниені таниды, табиғаттың құпия сырларын ашады, ғылымды дамытады, болашағына жарқын жол ашып, келешекке бағыт белгілейді. Сондықтан, әрбір иманды жас парыздарын адал атқарып, мамандығын жақсы меңгеріп, халқымызға, елімізге пайда келтіруге ұмтылуы тиіс. Жастық шақ – нағыз білім алатын кез.
Дегенмен жастық шақ – нәпсінің күшіне мініп, құмарлықтың та қайнап тұратыны кезі болғандықтан, адамдардың көбі өткінші қызықтарға алданып, өмірінің ең жалынды кезеңін мәнсіз өткізіп алатыны өкінішті.
«...Ғалым болмай немене,
Балалықты қисаңыз?
Болмасаң да ұқсап бақ,
Бір ғалымды көрсеңіз.
Ондай болмақ қайда деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз,
Сізге ғылым кім берер,
Жанбай жатып сөнсеңіз?
Дүние де өзі, мал да өзі,
Ғылымға көңіл берсеңіз...» – деген дана Абайдың сөзін әрбір жас жадында ұстаса игі болар еді.
Төртіншіден, уақыттың қадірін білу.
Иманды жас уақыттың қадірін біледі. Себебі, Жаратушының адам баласына берген баға жетпес, қайтып оралмас құндылықтарының бірі – уақыт. Уақыт біздерге тегін дүниедей көрінгендіктен, бағаламай жататын кезіміз көп. Уақытты босқа өлтіру, пайдасыз істермен айналысу қолыңдағы алтынды босқа шашқаннан да зиянды. Себебі, уақытты ештеңемен айырбастап ала алмаймыз. Судың да сұрауы бар, уақытты ұтымды пайдаланған адам барлық нәрсеге қол жеткізуге мүмкіндік табады. Алла Тағала бүкіл жақсылық пен нығметтерінен жауап алады. Соның ішінде ең алғашқы сұралатыны – уақыт пен өмір. Хазіреті Әли: «Уақыт – қылыш. Егер сен онымен шаппайтын болсаң, ол сені шабады», – деген екен.
Бесіншіден, көркем мінезді болу.
«Адамға ең алдымен білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі»,–деген данышпан Әл-Фараби. Сондықтан, жастардың біліміне сай мінезі биязы болса, нұр үстіне нұр. «...Ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыты болады», – дейді Абай атамыз. Жалпы әдептілік пен көркем мінез – адамның нағыз көркі. Өз бойына әдемілік пен әдептілік, қарапайымдылық пен кішіпейілділік, жомарттық пен сабырлылық, адалдық пен ізгі қасиеттерді жинақтай білген адам иманды да әдепті болатыны сөзсіз. Сырты қанша сүйкімді болғанмен, бойында адам сүйер қылығы жоқ адамдар қоғамда ешкіммен жуыса алмайды.
Көркем сөйлеу, адамдармен жақсы қарым-қатынаста болу, адамдарға сабырлы болып, оларға жәрдем беру сияқты ұнамды мінез-құлықтарды ислам өте жоғары бағалайды.
Мұхаммед пағамбардың жұбайы Айша анамыз: «Мен пайғамбардың былай деп айтқанын естідім: «Көркем мінезді мүмін адам дәреже жөнінен ораза ұстап, түнімен құлшылық еткен кісімен теңеледі», – деген.
Әрине, жастарға артылар жүк жеңіл емес. Алланың берген тәуелсіз елін сақтап, жарқын болашаққа сүбелі үлес қосу міндеті тұр. Бүгін барлық мүмкіншілікті пайдаланып, еліміздің кемел келешегі үшін еңбек ету асқақ мақсаттарға жеткізеді. Жастар – елдің үміті, бабаларымыздың аманаты. Осы аманатты арқалауға лайық жастардың келбеті мен бейнесін Мағжан Жұмабаев өзінің өлең жолдарында:
«...Алаш айбынды ұраны,
Қасиетті Құраны,
Алаштың олар құрбаны,
Мен жастарға сенемін!
Мен сенемін жастарға,
Алаш атын аспанға -
Шығарар олар бір таңда,
Мен жастарға сенемін!»
Тұрар ӘБУОВ,
дінтанушы