16
Сенбі,
Қараша

һижри

Діни ағартумен имамдар мен кәсіби теологтар ғана айналысуы тиіс – Бас прокурор

Мақалалар
Жарнама

Мемлекет басшысының тапсырмасымен үстіміздегі жылғы 29 қыркүйекте облыста басталған «Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы бойынша әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу үшін ведомствоаралық топ бір ай бойы қарбалас жұмысты қорытындылады. Топ жетекшісі Бас прокурор Жақып Асанов облыстық әкімдікте үкіметтік емес ұйымдар және облыстық басқармалар мен департаменттер басшылары, қала жұртшылығымен кездесіп, атқарылған жұмыстарды саралады, осы бағыттағы өзіндік ой-тұжырымдарымен бөлісті.

Жиынды қысқаша сөз сөйлеп ашқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев топ мүшелерінің ортақ мәселелерді бірігіп шешудегі қолдау-көмектеріне ризашылығын білдірді.

Еліміздің Бас прокуроры Жақып Асанов өз кезегінде республикалық жұмыс тобы мүшелері ұстанған жеті бағыттың жүзеге асу жайы тарата баяндады. Оның айтуынша, азаматтардың проблемаларын бірлесіп шешу мақсатында елден 230 үздік сарапшы іріктеп алынған. Оның құрамында 55 дәрігер, 16 әлеуметтік қызметкер мен психолог, 10 теолог, 10 ғалым, 13 қаржыгер мен кәсіпкер, 14 имам бар. Олардан басқа біраз орталық мемлекеттік органдардың өкілдері де тартылды. Сарапшылар әрбір алтыншы ақтөбеліктің жағдайымен танысты.

Бас прокурор мұндай ауқымды іс-шараның елімізде тұңғыш рет өткізіліп отырғанына назар аудара келіп, бұл жұмыстың мүлде жаңа форматы екенін жеткізді. Жоба аясында 2,6 мың іс-шара өткізіліп, оған бес аудан мен Ақтөбе қаласында 145 мың адам қатысты.

Орталықтан келген мамандар жергілікті жерде бизнестің бірқатар өзекті мәселелерін шешуге көмектесті. Басқа өңірлердегідей, облыс тұрғындарының жартысы – ауыл тұрғындары. Шыны керек, ауылдарға инвестор тарту оңай емес. Осы себептен де 108 ауыл әкімі халықпен қалай жұмыс істеу керектігі туралы дағдыларды игерді, жергілікті тұрғындар 850 бизнес-идеямен қамтылды. 81 семинар мен дөңгелек үстел өткізіліп, 1 мыңнан астам адам өз бизнесін ұйымдастыруға және жүргізуге оқытылды. 237 өз ісін бастап жатқан әйелдер визаж бен жарнама бойынша шеберліктерін шыңдады. Даму институттары желісі бойынша да ауқымды жұмыс атқарылды. Қазіргі уақытта жалпы құны 5 миллиард теңгеден астам сомаға 227 жоба қаралу үстінде. Жиынтығында даму институттары 125 жоба үшін 3,1 миллиард теңге несие берді.

Бас прокурор табыс табамын, кәсіппен айналысамын деген ауыл тұрғындарына жергілікті әкімге бару­ды ұсынды. Олардың бұл бағытта сауалдарға жауап беруге, көмекші, кеңесші болуға міндетті екенін атап өтті.

Жақып Асанов өңірде елімізде алғашқылардың бірі болып ауыл әкімдерінің деректер базасы іске қосылғанын, онда әрбір тұрғынның қандай әлеуметтік көмек алатыны, отбасында мүгедектер бар ма, мемлекеттің көмегі қажет пе, сол жөніндегі ақпарат болатынынан хабардар етті. Айналдырған бір айда әлеуметтік мәселе бойынша 46 мың адам қамтылды. Соның ішінде 4,6 мың адамға көмек көрсетілді. Топ мүшелері тұрғылықты жердегі 502 мүгедекке барып, олардың 136-сы көмек алды. Аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан 6,5 мыңға жуық азаматқа әлеуметтік атаулы көмек алудың тәртібі түсіндірілді. Сарапшылардың қатысуымен бес ауданда бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Оларға қатысқан 701 адамның ара­сынан 123 жұмыссыз жұмысқа орналастырылды. Еңбекақы төлемеген 153 кәсіпорын басшыларымен өткен кездесуден кейін 232 жұмысшы осы кезге дейін ала алмай келген 9 миллион теңге еңбекақыларына қол жеткізді.

Сарапшылар аудандардағы 1960 жылы дүниеге келген әйелдермен кездесіп, оларға зейнеткерлікке шығу қарсаңында еңбек өтілін реттеу, тағы да басқа мәселелер жөнінде кеңес берді. Айта кетейік, өңірде осы жылы туған 5300 әйел бар.

Осы кезеңде еліміздің үздік дәрігерлері 9637 азаматты тексеріп, 1008 тұрғынға көмектесті. Олардың ішінде 301-ін республикалық орталыққа жіберді, ал 707 сырқат бірден сол жерде ем алды. Аудандар бойынша «Денсаулық» медициналық пойызы жүріп отырды, оның дәрігерлері 5 ауданда 5279 адамды тексерді, олардың ішінде 1921 адамға қосымша ем алу үшін медициналық мекемелерге жолдама берілді. 14899 мектеп оқушысы профилактикалық тексеруден өтті, олардың ішінде 1055-і сауықтыруға алынды.

Топ мүшелері дін мәселелеріне байланысты да жан-жақты жұмыстар жүргізді. Жалпы алғанда, 20 мыңнан астам адамды қамтыған 149 іс-шара өткізілді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 61 имамды аттестаттаудан өткізіп, нәтижесінде олардың әрбір алтыншысы бұл сыннан өтпей қалды.

Осы күндері облыс тұрғындарының өтініші бойынша 20 жергілікті имамның біліктілігі арттырылуда. 5 аудандық және ауылдық мешіттерде еліміздің басқа өңірлерінен келген 6 тәжірибелі имам тағайындалды. Аудан орталықтарында 3 мешіт үлгілі етіп жасақталды. Мешіт қызметшісінің мінсіз бейнесін қалыптастыру үшін имамдар мен дін өкілдеріне «Имамның бір күні» фильмі көрсетілді. Барлық телеарналардан антитеррорлық бағыттағы роликтер, спектакльдер мен фильмдер көрсетілді.

– Тек имамдар мен кәсіби теологтар ғана діни ағарту көздері ретінде қызмет етуі тиіс, – деп атап өтті Бас прокурор.

Ол қазақстандық интернет сегментінде экстремизм мен радикализмге қарсы жарнама жасауды ұсынды.

– Біз Ақтөбеде жастар интернеттегі псевдодіннің құрбаны болған отбасылық трагедия жайлы «Есігімді қаққан кім?» атты спектакльді көрдік. Спектакль қазір ел аумағында көрсетілуде. Оны әсіресе, мектептерде, жоғары оқу орындарында, барлық кинотеатрларда көрсету қажет. ІТ-мамандарға айтарым, сіздер де қосылыңыздар, қазақстандық интернетте экстремизм мен радикализмге қарсы жарнама болатындай жағдай жасайық, – деді Жақып Асанов.

Әлеуметтік желіде 18 промо-ролик орналастырылды, 9 деректі фильм мен 2 спектакль көрсетілді. Оларды 13 мың адам қарады. «ҮоuTubе» желісінде де арнайы «Аntі Теrrоr» арнасы жасалды. Әлеуметтік желілерде «ҮоuTubе» желі­сінен экстремизм мен терроризмге шақыратын бейнелерді өшіру жөніндегі нұсқаулық орналастырылды.

– Бүгінгі күні біз радикалдың типтік әлеуметтік-психологиялық портретін жасадық. Бұл бейненің артында не кәнігі бандит, не маргинал тұрғанын анық білеміз. Десек те, олардың көпшілігі исламның не екенін білмейді. Бұны түсіну бізге жақын арада оларға қарсы іс-қимыл жасаудың тәсілдерін түзетуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті Бас прокурор.

Әрбір азаматтың теракт болғанда немесе оның қаупі төнген кезде не істеу керектігін білуі мақсатында аймақтың 23 мың тұрғынымен 199 іс-шара өткізілді. Бұл дағдыларға үйрету үшін 2,5 мың мектеп оқушысы мен мұғалімдерге 30 сабақ өткізілді. Қоғамдық орындарда 12 мың тұрғынға тақырыптық көрнекі буклеттер таратылды. Адамдарға теракт қаупі немесе ол жасалған кезде не істеу, бұл туралы кімге және қандай арналар арқылы хабарлау керектігі, мұндай жағдайда өзіңді және жақындарыңды қалай қорғау қажеттігі айқын түсіндірілді.Терактілерден қорғану жүйесі 49 нысанда жүргізіліп, төтенше жағдай туындаған кезде жасалатын әрекеттер үйретілді.

– Әрине, біздің жұмысымызға баға беру әлі ерте. Дегенмен, қазірдің өзінде жекелеген бағыттар бойынша алдағы уақытта қайта бағдар ұстау керектігін білеміз. Бір айда жүзеге асырған жұмыстарымызды мұқият талдаймыз, азаматтардың нақты проблемаларын шешудің үлгі-модельдерін жасап шығарамыз және оларды басқа аймақтарда да пайдаланамыз, – деп түйіндеді ойын Бас прокурор.

Оның айтуынша, барлық бағыттар бойынша жергілікті жерлерде басқарушылық шешімдерді түйінді түрде және тиімді қабылдау үшін мемлекеттік органдардың жұмысында нені және қалай өзгерту керектігі туралы ұсыныстар жинақталған. Жұмыс барысында заңдар мен заңға тәуелді актілерде көптеген кемшіліктер мен тосқауылдар анықталған. Топ мүшелері экстремизм мен терроризмге қарсы мемлекеттік бағдарламаға түзетулер дайындауды қолға алуда.

– Егер топ құрамында келген дәрігер ең болмаса бір ақтөбеліктің өмірін құтқарса, не бір шаруа қожалығы ауылшаруашылық техникасын алса немесе радикал бұрынғы ойынан қайтып, дәстүрлі мазхабқа оралса, бір ай бойғы жұмыстың зая кетпегені, – деді Бас прокурор.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев әкім­шілік пен жергілікті құрылымдар барлық бағыттар бойынша жұмыстарды жалғастыратындығын айтып, алдағы 10 қараша мен 10 желтоқсан аралығында қалған 7 аудан қамтылатынын жеткізді. Ол үшін жергілікті сарапшылардан осындай топтардан басқа экстремизмді қаржыландыру көздерін анықтайтын сегізінші топ құрылатынан хабардар етті. Сонымен қатар, облыстағы өткен бір ай ішінде атқарылған жұмыстар қорытындысы бойынша айтылған барлық ұсыныстар қолдау табатынын жеткізді.

«Халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасының қарапайым халықтың әлеуметтік мәселелерін оңтайлы шешуге деген ықпалы айқын аңғарылды. Биліктің берекелі істерге бетбұрыс жасауы адамдардың бойында ертеңгі күнге деген сенімділікті бұрынғыдан гөрі нығайта түсті. Тұрақтылық пен тыныштықты сақтауда барша жұрттың жұмылуы нәтижелі болатынына көздері жетті. Ал жергілікті биліктің бұл бастаманы лайықты жал­ғастыруға ықылас танытуы оның өміршеңдігін көрсетеді.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ, 

«Егемен Қазақстан»

Бөлісу: