«Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінде әдеттегідей жамағатқа арналған бейсенбілік ақ дастархан жайылды.
«Әл-Фараби» мешітінің «Жастар ісі» бөлімінің ұйымдастыруымен өтетін бейсенбілік жиынға арнайы келген республикалық бас мешіттің наиб имамы Әділхан Оразов жамағатқа көркем насихат айтты.
«Исламдағы жастардың орны» тақырыбындағы насихатта жастық шақты пайдалы өткізудің жолдарына тоқталып, Құран аяттарынан және Пайғамбардың (с.ғ.с) өнегелі өмір жолынан көркем мысалдар келтірді.
Атап айтқанда, ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с): «Қиямет күні, бес нәрседен сұралмайынша – құлдың аяқтары тұрған жерінен тапжылмайды:
1.Өмірін қалай өткізгендігінен;
2.Жастық шағын қалай және немен өткізгендігінен;
3.Дүние-мүлкін қайдан тауып;
4.Дүниесін қай жерге жұмсағандығынан;
5.Білімін қалай қолданғандығынан» (Тирмизи, Қиям, 1), - деген хадисіне кеңінен тоқталып, талдау жасады.
Сондай-ақ, наиб имам Алла Елшісінің (с.ғ.с) Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген хадисін: «Жеті түрлі адамға Алла Тағала ешбір сая жоқ күні аршының көлеңкесінен жай береді, Олар: 1) Әділ имам (басшы); 2) Аллаға бойұсынып, ғұмырын құлшылықпен өткізген жас жігіт; 3) Мешітке жүрегі байланған кісі; 4) Бірін-бірі Алла жолында жақсы көріп, Алла разылығы үшін бас қосып, Алла разылығы үшін мәжілістерінен айырылатын екі адам; 5) Мансапты да көрікті әйел шақырғанда: «мен Алладан қорқамын» деп харамнан қашқан ер кісі; 6) Оң қолы бергенін сол қолы білмейтіндей жасырын садақа еткен кісі; 7) Жалғыз қалғанда Алла Тағаланы еске алып, егіліп көзіне жас алған адам». (Бұхари) тілге тиек етті.
Бұдан бөлек, жастық шағын ғылым мен білімге, басқаларына пайдалы болуға арнаған сахабалар мен ислам ғұламаларының өмірінен үлгі боларлық оқиғаларды ортаға салды.
Көркем насихат соңында Әділхан Әліханұлы жамағатты иманымызды күшейтіп, жастық шақты ел игілігі үшін сапалы әрі пайдалы өткізуге, игі істермен айналысуға шақырды.
ummet.kz