Бүгін «Әбу Насыр әл-Фараби» мешітінде халық ақыны, сазгер Кенен Әзірбаевтың туғанына 140 жыл толуына орай рухани жиын өтті.
«Жай кезде анау дейміз, мынау дейміз,
Ауырсақ, жан қысылса Құдай дейміз.
Өмірге әкелетін, әкететін,
Алланың жазғанына не етеміз», - деп жырлаған ақын Кенен Әзірбаевтың айтыстары, жыр-дастандары, аңыз-әңгімелері өз алдына бір төбе болса, әндері мен өлеңдері өз алды на мол дүние.
Ізгі шара мешіт жамағатына сайын даламыздың ұлы тұлғаларын, олардың шығармашылығын, елге, дінге, тілге арналған туындыларын кеңінен таныстыру мақсатында өткізілді. «Әзірет Сұлтан» мешітінің наиб имамы, қари Жұманазар Садырханов рухани жиынды қасиетті Құран аяттарымен бастап, иісі қазақтың ақындық-жыршылық дәстүрін ұлықтаған ән кемеңгерінің рухына Құран бағыштады.
Ұрпағына телегей теңіз мол мұра қалдырған ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған жиынға арнайы келген Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, қазақ әдебиетін зерттеуші Серік Негимов Кенен Әзірбаевтың тұлғалық бейнесі мен оның еңбектері жайлы арнайы баяндама жасады. Ақынның жыршылық, сал-серілік өнеріне ғылыми тұрғыдан жан-жақты сипаттама берді.
Жиынға қатысушы жамағат қазақ ғұламасының көпшілікке беймәлім тұстарымен, шығармаларымен танысып, ол жайлы тарихи мәліметтерге қанықты. Мешіт жамағаты халық ақынының ұрпақтары, баласы Әзірбаев Бақытжан Кененұлы және немерелерімен жақынырақ танысып, ардақты әке туралы жылы естеліктеріне қанық болды. Мешіт ұжымы ақын ұрпақтарына және қонақтарға естелік сый-сияпат тарту етті.
ummet.kz