Қиямет күні төрт кісі есеп-қисапсыз, азапсыз жәннатқа кіру үшін қақпаның алдына шақырылады.
Біріншісі – оқыған іліміне амал жасаған ғалым. Екіншісі – қажылығына қажылықты бұзатын амалдарды араластырмаған адам. Үшіншісі – дін үшін соғыста қаза тапқан шейіт. Төртіншісі – халалдан дүние тауып, оны риясыз Алла жолына жұмсаған жомарт кісі. Төртеуі жәннатқа кім бірінші кіреді деп, өзара сөз таластырады. Алла оларға қазылық ету үшін Жәбірейіл періштені (оған Алланың сәлемі болсын) жібереді. Жәбірейіл (оған Алланың сәлемі болсын) әуелі шейіттен сұрайды:
– Сен дүниеде жәннатқа бірінші болып кіруге лайықты қандай амал істедің?
Шейіт оған:
– Мен Алла разылығы үшін дін жолындағы соғыста шейіт болдым, – дейді.
Жәбірейіл:
– Шейіттің сауабын сен кімнен естідің? – дейді.
– Ғалымдардан естідім, – дейді ол. Жәбірейіл:
– Ендеше әдеп сақта! Ұстазыңның алдын кесіп өтпе, – дейді.
Сонан соң Жәбірейіл періште қажы мен жомартқа да дәл осындай сұрақтар қояды. Олар да шейіттің айтқандарына ұқсас жауап береді. Сол уақытта ғалым тұрып:
– Уа, ұлық Раббым! Егер сахидің (жомарттың) маған көрсеткен жомарттығы, істеген жақсылығы себеп болмағанда, мен ілім ала алмаған болар едім, – дейді. Сонда Алла Тағала:
– Ғалым дұрыс айтады. Уа, жәннат қақпасының күзетшілері! Жомарт бастап, қалғандары соңынан еріп кіру үшін жәннаттың есіктерін айқара ашыңдар! – дейді. Алла Құранда адамдардың білімсіздігі мен сауатсыздығынан күнә мен ширк жасайтынын және олардың білімсіздігі олар үшін сылтау болмайтынын білдіреді. Егер сауатсыз болу, білімсіз болу сылтау болғанда, Құран сауатсыздығы мен білімсіздігі үшін Аллаға серік қосушыларды үзірлі пенделер деп баян етер еді. Керісінше мүшриктерді баяндағанда, оларды сауатсыз, білімі жоқ пенделер екенін, алайда бұл кемшіліктері олардың тозаққа түсуіне үзір бола алмайтынын ескертеді.
Дүние мен ақырет бақытының кілті – білімде. Білім – амалдардың ең абзалы. Білім мен хикмет – мүминнің жоғалтқан мүлкі, оны қайдан тапса алуы тиіс. Білім жолы – жәннат жолы. Хадисте: «Кімде-кім білім алу мақсатында жолға шығатын болса, Алла оның жәннатқа апарар жолын жеңілдетеді», – деген (имам Мүслим).
материал «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабынан алынды,
ummet.kz