15
Жұма,
Қараша

һижри

Қыс мезгіліне қатысты фиқһи мәселелер

Қыс мезгіліне қатысты фиқһи мәселелер

Ислам тарихы

Қыс мезгіліне байланысты кейбір фиқһи мәселелер:

1.Қармен дәрет алуға болады ма?

«Қармен дәрет алуға бола ма?» деген сұрақты қоюдан алдын Құран аятында әмір етілген «жуу» сөзінің анықтамасына тоқталып өткен жөн. Сол арқылы жоғарыдағы сауалымызға жауап таба аламыз. Ғалымдарымыз дәрет алу барысында талап етілетін жууға «тамшылайтындай мөлшерде мүшелерге суды құю және жүргізу» деп анықтама берген. Тамшылаудың мөлшері – дұрыс көзқарас бойынша, екі тамшы. Бұл – Имам Әбу Ханифа мен Имам Мухаммадтың пікірі. Өз кезегінде Имам Әбу Юсуфтан «(тамшыламаса да) тек суды құю» және «құр ағзаларды дымдау жеткілікті» деген көзқарастар жеткен. Осы көзқарасқа сәйкес дәрет алушы адам жуылуы міндет етілген ағзаларды дымдаса және олардан су ақпаса, дәреті дұрыс саналады. Алайда имамның бұл көзқарасы мәзһабтағы қуатты пікір саналмайды. Қармен дәрет алу мәселесіне келер болсақ, қарды пайдалану кезінде мүшелерден тамшылайтын болса, Имам Әбу Ханифа мен Имам Мухаммадтың (Алла оларды рақымына алсын) көзқарасында дәрет алуға рұқсат етіледі. Егер тамшыламайтын болса, аятта әмір етілген жуу ісі орындалмағандықтан дәрет жарамсыз саналады және бұл «мәсіх» (ағзаны дымқыл қолмен сүрту) деп аталады.

2.Суық күнде дәрет алу мәселесі

Әбу Һурайрадан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген хадисте Алла Елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Сендерді Алланың сол арқылы күнәларды кетіріп, дәрежелерді көтеретін нәрсеге бағыттайын ба?» – деді. Сонда олар (сахабалар): «Әрине, уа, Алланың Елшісі!» – дейді. Ол: «Қиын кезде дәретті толық алу, мешітке қарай көп қадам жасау және намаздан кейін келесі намазды күту. Міне сол – Алла жолында күресу» – дейді. Ғұлама әт-Тыбби (Алла оны рақымына алсын): «Осы жердегі «қиын кезде дәретті толық алу» сөзінен мақсат – қыста суық сумен дәрет алу», – деп түсіндірме жасайды. Осыған қатысты ғалым Бәдруддин әл-Хасанидің (Алла оны рақымына алсын) өмірінен мына оқиға риуаят етіледі: оның тақуалығының және құлшылыққа деген ықыласының бір көрінісі – ол жаз мезгіліне қарағанда қыс мезгілінде дәретті кемел етіп алуға қатты мән беретін, сондай-ақ нәпсісін рахатқа үйретпеу үшін мәсісіне де мәсіх тартпайтын. Демек машақатпен, қиыншылықта алынған дәрет күнәлардың кешірілуіне себеп болады екен. Бұл жерде екі мәселе бар:

• Біріншісі – кей адамдар қыс мезгілінде дәрет алуға жеңіл қарап жатады. Дәретті кемеліне жеткізіп алуды айтпағанда, міндетті мөлшер де орындалмай қалуы мүмкін. Мысалы: салқыннан жеңдерін толық түрмеуі өз кезегінде шынтақтың су тимеген жерінің қалып қоюына, солайша дәрет парызының толық орындалмауына әкеліп соғуы мүмкін. Яғни күн салқын екен деп дәрет алуға немқұрайлы қарамау керек. Сондай-ақ Мухаммад ибн Халифа әл-Убби (Алла оны рақымына алсын) жоғарыдағы хадистің шархында: «Ғибадатын қуаттамаққа суықтығын кетіру үшін суды жылыту хадистегі айтылған сауапты алуға кедергі келтірмейді», – дейді.

• Екінші мәселе – дені сау дәретсіз адамға тәяммум соғуға бола ма? Имам әл-Қудуридің (Алла оны рақымына алсын): «Егер жүніп адам суық сумен ғұсыл алғанда «өліп кетемін» деп қорықса, тәяммум соғуына болады», – деген сөзіне Имам Абдулғани әл-Ғунайми (Алла оны рақымына алсын) түсіндірме жасай отырып, былай дейді: «Мұнда «ғұсыл» деп ерекшелеп айтты. Себебі дәретсіз адам суықтан зардап шегуден қорықса, дұрыс көзқарас бойынша оған тәяммум алу рұқсат емес».

3.Шарф бетті жауып тұрған күйде намаз оқу рұқсат па?

Жалпы ауызды жауып намаз оқу мәкруһ саналады. Егер ауызын киімімен жабатын болса, онда мәжусилерге (отқа табынушыларға) ұқсап қалады. Өйткені олар отқа табынатын кезде беттерін орап, жауып алатын болған. Пайғамбарымыз бетін орап намаз оқуға тыйым салды, тек есінеген кезде ауызды жабудың әбестігі жоқ деген.

4.Қолғап киіп намаз оқуға бола ма?

«Сахих Бухари» кітабының «Қатты ыстықта киімге сәжде ету» атты тарауында сахаба көрген табиғин – Хасан әл-Басридің (Алла оны рақымына алсын) мынадай бір риуаяты келтіріледі: «Жұрттар (сахабалар) қолдарын жеңдеріне салып алған күйі сәлдеге және бас киімге сәжде ететін». Осы риуаяттың басқа бір нұсқасында: «Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары қолдары киімдеріне салулы күйі сәжде жасайтын еді, әрі олардың кейбірі сәлдесіне сәжде жасайтын», – делінеді. Аталмыш риуаяттардан байқағанымыздай, күннің ыстықтығы себепті сахабалар сәждеге барғанда қолдары күймес үшін қолдарын жеңдеріне кіргізіп алатын болған екен. Бұл – күн аязды кездерде намазды далада оқыған кісілердің қолғаптарын шешпей оқи берулеріне болады деген сөз. Әйтсе де, еш себепсіз (күн жылы кезде, не мешіт ішінде т.б) қолғап киіп оқудың мәкруһ болатындығын ескерген жөн.

материал «Қыс – мұсылманның көктемі» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: