17
Жексенбі,
Қараша

һижри

Дінде экстремизм жоқ

Мақалалар
Жарнама

«Экстремизм» термині – сөзбе-сөз (лат. Еxtremus - шеткі) шектен тыс көзқарастарды ұстанып, шектен тыс əрекеттерге бару қоғамдағы тәртіп пен нормаларды жоққа шығару деп анықталады. Экстремизм – әр уақытта әрқалай көрініс беретін өте күрделі құбылыс.

Соңғы жылдары елімізде дәстүрлі емес діни ағымдар мен секталар көбейіп кетті. Олардың басым көпшілігі Ислам атын жамылған және протестанттық прозелитистік ағымдар десек болады. Еліміздің рухани тұтастығын сақтағымыз келсе, осы ағымдардың канондық-доктриналық һәм агитациялық ерекшеліктерін екшеу өте өзекті.

Тарихта дәстүрлі Ислам шеңберінен шығып кетуші ағымдар аз болмаған. Олардың көпшілігі уақыт көшіне ере алмай жойылып кеткенімен, идеологиялық сарқыншақтары осы күнге дейін сақталып қалды. Оның дәлелі – теріс пиғылды ағымдар дәстүрлі Ислам доктринасына, ұлттық ауызбіршілігімізге сұрқиялықпен сына қаққысы келіп, қоғамда бүлік тудыруда.

Атап айтқанда, Қазақстан аумағында сот арқылы тыйым салынған 23 лаңкестік және экстремистік ұйымдардың ішіндегі «Такфиризм» тобының "төркіні" болып табылатын салафилік-уаһабилік ағым қазіргі қоғамға аса қауіпті.

Сарапшылар бұл ағым өкілдерінің бүгінгі күнде үш топқа бөлінгенін айтады: тәкпіршілдік, суруриттік, мадхалидтік. Осы үш топтың саяси көзқарастары әртүрлі болғанымен негізгі діни сенімдерін қалыптастырған көсемдері мен ғалымдары, оқитын кітаптары, ұстанатын ақидалары бір. Олар ақидаларының негізі ретінде Ибн Таймияның концепцияларын қолданады.

Ибн Таймия – 1263 жылы солтүстік Сириядағы Харранда дүниеге келген. Ол салафизм ағымының негізін қалаушы. Ислам ғұламалыры бірауыздан қабылдаған қағидаларға қарсы келіп, дін негіздеріне жататын «Таухид» ілімін «улухия», «рубубия» және «асма уа ас-сифат» деп үшке бөлуді негіздеп, шектен тыс әрекетке барған. Алайда, бұл негіздерді Ислам ғұламалары бірауыздан теріске шығарғандығы мұқым мұсылман әлеміне мәлім. Бұл жөнінде саудиялық замандасымыз, шейх, доктор Омар Абдулла Камил «Калиматун хадиятун фи баяни хатои ат-таксим ас-суласии лит-Таухид» (Таухидтті үшке бөлудің қателігі жөніндегі трактат) атты еңбегінде жан-жақты дәйектеп жазған. Автор таухидтың «Улухия» (тәңірлік), «Рубубия» (жаратушылық) бөліктерінде тартыс жоқ екенін, алайда «Асма уа ас-сыфат» (Алланың есім және сипаттары) бөлігінде салафилер шатасатынын жеткізген.

Сонымен қатар, Ибн Таймия Құран Кәрімдегі «Мүтәшабиһ» астарлы аяттар мен астарлы мағынадағы хадистерді тікелей, сөзбе-сөз мағынасында түсінуге үндеген. Мысалы, ол «Түннің үшінші бөлігінде құлшылық еткен пендеге Алланың мейірімі түседі» деген мағынадағы хадисті «Алланың өзі түседі» деп, қате түсіндіреді. Сунниттік (Аһлі ас-сунна уал-жамағат) ақида бойынша Алла тағаланы «түсу», «бір орыннан екінші жерге қозғалу», «ұйықтау», «демалу» сияқты адами, антропологиялық, жаратылысқа тән сипаттармен сипаттауға тыйым салынған. Мұндай сипаттар Алла Тағала хақында кемшілік болып табылады. Бұл негіз Құран Кәрімнің: "Оған ұқсайтын нәрсе мүлде жоқ!" («Шура» сүресінің 11-аяты), "Алланы ештеңе ұқсатпаңдар" («Нахл» сүресінің 74-аяты), "Алла тағаланың еш теңдесі жоқ" («Ықылас» сүресі, 4-аяты) секілді аяттарынан алынған.

Бұл тұрғыда бір тарихи дерек келтіре кетейін. Әйгілі араб саяхатшысы Ибн Баттута (ХІІІ ғ.) өзінің «Тухфату ан-нузар фи ғараиб ал-амсар уа аджаииб ал-асфар» деген кітабында радикалды ойларымен танымал болған Ахмад ибн Таймияның Дамаск қаласындағы уағызын тындағанын, сол жерде орын алған оқиғаға куә болғанын былай жеткізеді:

– «Ибн Таймия «Алла түннің үшінші бөлігінде бірінші аспанға осылай түседі» деп, мешіт мінберінің баспалдақтарынан төмен түсті. Сол кезде Ибн әз-Заһра атты Мәлики мазхабының фақих ғалымы орнынан тұрып, оның бұл сөзі дұрыс еместігін, исламға қайшы екенін айтты. Мешіт жамағаты наразылық танытты. Соңында, жамағат оны (ибн Таймияны) аяқ киімдерімен ұрып, мешіттен қуып шықты...». Сондай-ақ, Ибн Баттута аталмыш кітабында сол замандағы мысыр патшасы ән-Насыр Жоғарғы Сот шешімімен Ибн Таймияны экстремистік ойлары үшін Каирдегі Цитаделде орналасқан түрмеге қамағанын және оның сол қамауда жатып өлгенін жазған.

Ислам дінінде экстремизмге жол жоқ. Бүгінде салафизм өкілдерінің ата-бабаларымыз ежелден тұтынған, атадан балаға, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан Қазақстан Республикасындағы дәстүрлі жол – Исламның Ханафи мазхабындағы канондық нормаларды жоққа шығарулары, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен тәртіпке бағынбай, мешіттерде бүлік тудырулары экстремистік сипатқа саяды. Ал қару көтеріп, қан төгулері ең ауыр қылмыс, террорлық әрекет.

Ислам діні – этностар мен халықтар арасында тыныштық, бірлік, ынтымақ қалыптастыруды мақсат етеді. Алланың 99 көркем есімдерінің бірі «Ас-салам» – «тыныштық», «бейбітшілік» дегенді білдіреді. «Ас-салам» мен «Ислам» сөзінің араб тілінде «тыныштық, бейбітшілік» мағынасын білдіретін «силм» түбірсөзінен шығатыны біраз сырды аңғартса керек. Әрбір мұсылман бір-біріне «Ассаламағалейкум!» деп амандық, тыныштық тілеп сәлемдеседі.

Шынайы мұсылман адамның еш уақытта лаңкес, террорист болуы мүмкін емес. Өйткені Қасиетті Құранда «Кімде-кім шаң тозаңындай жақсылық жасаса, соның (сауабын алады), кімде-кім шаң тозаңындай жамандық жасаса, соның жазасын тартады» («Зилзала» сүресі, 7-8 аяттар) деген қағида бар. Егер сен тозаңның салмағындай теріс іс жасасаң, соған жауап бересің дегенді білдіреді. Құранда бір адамды өлтіру бүкіл адамзатты өлтірумен бірдей деген аят та бар. Ибн Аббас деген сахаба қасақана адам өлтіруші мәңгілік тозақта қалады дейді.

Ағымдағы жылдың 14 қазанында Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев мырзаның: «Жұмыла көтерген жүк жеңіл болады. Салафиттердің барлығы ашық айтпаса да қатаң діни қағидаларға құрылған мемлекетті қоғамдық құрылыстың идеалды жүйесі деп есептейді. Осыған байланысты еліміз үшін салафизмді мүлдем жат, теріс ағым деп санаймыз» деген ойы өте дұрыс.

Жаһандану дәуіріндегі экстремизм тудырған қауіптің алдын алуда қоғам болып жұмылу қажет деп санаймын.

Ершат ОҢҒАРОВ,

ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің хатшысы, 

теолог, Ph.D доктор

Бөлісу: