Қазақстан өзінің тұғырлы қағидаттарын теңқұқықтық жүйе мен азаматтардың бостандығына қатар қазық қылып, бүгінде бейбіт те азаматтық қоғам құрды.
Алайда, әлемді шарпыған экстремизм мен терроризм құбылысы біздің ел үшін де алаңдарлық мәселеге айналды. Зайырлы қоғам жүйесінде дін мемлекеттен бөлінгенімен, діннің адамзат өмірінде, халық тұрмысында алар орны маңызды болып қала бермек. Осы ретте елдегі діни ахуалды реттеу әрі тұрақтылықты сақтау мақсатында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылды. Жаңа ведомствоның құрылуы мен атқарар қызметі жайында еліміздегі дін мамандары мен сарапшылар пікірін білген едік.
Кеңшілік ТЫШХАН, Л.Гумилев атындағы ЕҰУДінтану кафедрасының оқытушысы, дінтанушы:
ДІН САЛАСЫ САЛМАҚТЫ ЖҮЙЕНІ ҚАЖЕТ ЕТЕДІ
Еліміздегі дін саласындағы ахуал күннен-күнге күрделеніп келеді. Бұл жаһанда болып жатқан әртүрлі лаңкестік, экстремистік әрекеттердің қарқындауы діни-саяси ағымдардың халықаралық террорлық іс-әрекеттердегі белсендігіне байланысты болып отыр. Осы орайда Қазақстан Республикасының да тәуелсіздік алғаннан кейінгі 25 жылдық қарсаңында көптеген діни-саяси ағымдардың таралуы мен еліміз территориясында жұмыс жасауына куә болдық. Діни ағымдардың барлығының тек діни мақсатты көздемейтіндігіне де көз жеткізгендейміз.
Осы кезеңде еліміздегі дін саласын реттеуде біраз шаралар жасалып, мемлекет тарапынан батыл шешімдер де қабылданып жатыр. Бұл рухани тұтастық пен тыныштықты қамтамасыз етуде маңызды қадам саналады. Ал қабылданған шешімдерді жүзеге асыру, жеткілікті деңгейде қолдану сол саланың құзырлы мекемелерінің мойнына жүктеледі. Сол себепті еліміздегі дін саласының түйткілді мәселелерін реттеу мен болашақтағы діни-саяси ағымдардың зардаптарын жою, еліміздің рухани саласындағы келеңсіздіктердің алдын алу үшін сол салаға жауапты құзырлы мекеменің статусы да барынша жоғары болғаны абзал.
Аталмыш жағдайларды назарға ала отырып Дін істері комитетінің атқарған шараларын жоққа шығаруға келмес. Дегенмен, министрлік деңгейінде бұл саланы басқару және реттеу әлдеқайда тиімді болады деп сенеміз. Жаңадан дін істері және азаматтық қоғам министрлігі және оның болашақта қалыптасатын білікті құрамы дәстүрлі діни-рухани құндылықтарымыздың нығаюына және жат пиғылды діни-саяси ағымдар мен деструктивті топтардың қызметіне тосқауыл болатындығына ел үмітпен қалайды. Бұл қажетті уақытта шығарылған әрі орынды шешім деп білеміз. Республикамыздың экономикалық әлеуетін арттыру қаншалықты маңызды болса, рухани тыныштығы мен бірлігін сақтау одан да маңызды екендігін қазіргі әлемдегі қайшылықтар дәлелдегендей.
Сондықтан елімізде жаңадан қалыптасып жатқан Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің жұмысына сәттілік тілеп, елдің рухани саласын нығайтуда өзіне жүктелген қызметін жеткілікті деңгейде атқарады деп сенім білдіреміз.
Алау ӘДІЛБАЕВ, «Нұр-Мүбәрак» ислам мәдениеті университетінің оқытушысы, исламтанушы:
КҮРДЕЛІ КҮРЕСКЕ БАТЫЛ БАСТАМА
Дін адам баласының жаратылысымен қатар дүниеге келіп, қиямет қайымға дейін жалғасын табатын құбылыс. Сондықтан дін мәселесі адамзат тарихының барлық кезеңінде маңызды рөл ойнағаны белгілі. Соған орай мемлекет пен дін арасындағы қатынастар әр елдің ерекшелігі мен тарихи шарттарға байланысты түрлі деңгейде көрініс тауып отырғаны мәлім.
Тәуелсіздік алған жылдардан бері қарай елімізде дін саласын реттейтін түрлі құрылымдар құрылып, мемлекет пен діннің арасын реттеу мақсатында жаңа заңдар қабылданды. Бұл заңдардың жетістіктері мен қатар кемшіліктері болғаны белгілі.
Ал күні кеше ғана Елбасының қаулысымен елімізде жаңа Дін істері және азаматтық қоғам министрлігін құрылып, Нұрлан Байұзақұлы Ермекбаев министр ретінде тағайындалды.
Әрине мемлекеттік басқару жүйесінде жаңа тағайындаулардың орын алуы елімізде және әлемде орын алып отырған тығырықтан шығу мақсатында жасалып отырған маңызды қадамдардың бірі. Соның ішінде дін мәселесі әлемдік деңгейде өткір тұрған аса күрделі тақырыптардың бірі екендігі сөзсіз.
Қазақстанда діни радикалды топтардың белсенділігінің артуы ел бірлігі мен тұрақтылығына әрі ұлт болашағына қатер төндіріп отыр. Өз кезегінде бұл күрделі жағдай жаңаша, батыл қадамдар жасауды талап етеді. Жаңа құрылған министрлікке өте ауыр міндеттер мен жауапкершіліктер жүктелуде. Сондықтан да Нұрлан Байзақұлы мырзаға ел болашағының баяндылығы үшін аса маңызды саналатын осы ауыр қызметіне табыс тілейміз!
Ершат ОҢҒАРОВ, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің xатшысы, теолог, PhD докторы:
ДІНИ АХУАЛДЫ НЫҒАЙТУҒА ЖАСАЛҒАН НАҚТЫ ҚАДАМ
Жаңа министрліктің құрылуы қазақ қоғамындағы діни ахуалды реттеуге, оның тұрақтылығын нығайтуға жасалған нақты қадам. Аталмыш министрлік қазіргі күнде экстремизм мен терроризм тудырған қауіп-қатерді сейілтуде пәрменді шешімдер қабылдап, осы бағыттағы жұмысты реттеуге ықпал етеді деген үлкен үміт бар.
Бүгінгі қоғам осынау сындарлы сәтте оның белсенді қызмет көрсетуін күтеді. Сондықтан министрліктің жұмысына жетістіктер тілеймін.
Әрине, қандай да бір жаңа бастамаға сыни көзқараспен қараушылар көп болады. Дегенмен, мұның барлығы бүгінгі қоғамның дамуына кедергі болып, халықтың қалыптасқан тұнық діни түсінігіне сына қағылған тұста ел игілігі үшін қолға алынған шара, қабылданған шешім.
Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен мемлекет арасындағы ынтымақтастық байланысты дамыта түседі деген сенімдемін. Жұмыс онан әрі жандана түсуі тиіс. Сондай-ақ, ведомствоның ашылуы жаңа, тың идеяларды жүзеге асыруға берілген мүмкіндік.
Қазір министрліктің штаттық құрылымын Президент Әкімшілігімен бірлесе үйлестіру бұйрығы берілген. Осы орайда жаңа ведомстволық құрылымның оңтайлы түзілуіне сәттілік тілеймін.
Сонымен қатар, министрліктің атауы және негізгі құрылымдары өте дұрыс, сәтті таңдалғанын атап өткім келеді. Әрі функционалдық міндеті мен жұмыстары, бағыттары да дұрыс белгіленген. Әсіресе, азаматтық қоғамның жаңа ведомство құзіретіне берілуі дұрыс шешім деп білемін. Қазіргі уақытта жат ағымдардан төнген қауіпке қарсы күресте азаматтық қоғамның белсенділігі аса қажет. Өйткені, мұндай қоғамның кеселімен күрес тек белгілі бір мекеменің немесе Мүфтият пен мешіттің ғана міндеті емес. Бұл келеңсіздіктерге қарсы бүкіл ел болып жұмыла жұмыс жасау керек. Сонда ғана жұмыс жемісті, іс нәтижелі болмақ.
Батыржан МАНСҰРОВ, ҚМДБ-ның Атырау облысы бойынша өкілі, «Иманғали» орталық мешітінің бас имамы, PhD доктор,исламтанушы:
ЖАҢА МИНИСТРЛІКТІҢ ҚҰРЫЛУЫ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ
Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің құрылуы – уақыт талабынан туындаған жағдай. Өйткені, қазіргі таңда халықтың төл дәстүрімен біте қайнасқан асыл дініміздің атын жамылып, ұлттық тек-тамырымызға балта шабуды көздейтін жат ағым идеологиясының ұлт қауіпсіздігіне қатер төндіріп отырғаны жасырын емес.
Түптеп келгенде, бұл – Елбасымыз айтқан «Мәңгілік ел» идеясын іске асырудың жолын кесетін қоғамдық дерт. Ғасыр қасіреті. Қазақ елінің баянды болуы жас ұрпақтың қолында дейтін болсақ, балаларымыздың мектептен шықпай жатып, тарихи санасынан ажырап, рухани мәңгүрттенуін көздейтін жат ағым жетегінде кетуі алаңдатпай қоймайды. Міне, ұлт тағдыры сын үстінде тұрған кезеңде осындай экстремистік ағым ықпалына қарсы тұру, яғни онымен күресу бағытында нақты қадамдар жасау қажеттілігі күн тәртібіне көтеріліп отыр. Осы ретте Дін істері және азаматтық қоғам атты министрліктің құрылуы мемлекетіміздің дін мәселесінде көптен қордаланып қалған түйткілді мәселелерді шешуге мүдделі екенін көрсетеді.
Жаңа министрлік халықты жаппай діни сауаттандыруды жолға қойып, жат ағым жетегінде теріс пиғыл, арам ниетпен уланған жастарымызды оңалту және қаракөздеріміздің қарулы қақтығыс жағдайына дейін барып жүрген берекесіз әрекеттеріне тосқауыл қоя алатын бірден-бір ықпалды ел басқару жүйесінің құрамдас бөлігі болады деп сенемін. Сондай-ақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының асыл дініміз ислам дінін насихаттау, өркендету тарапында ұстанып отырған ұстанымдарын қолдап, оны жүзеге асыруда әріптестік көмек қолын созады деп ойлаймын.
Алланың үйі болып табылатын мешіттеріміздің қоғамдық рөлін күшейтіп, дін қызметкерлерінің азаматтық құқығын қорғайтын заң шығару, сапалы кадр тәрбиелеуде оқу орындарының санын көбейту сынды игі істер жаңа министрлік құзырында қаралатын оң шешім болады деп білемін.
Жаратқан елімізге тыныштық беріп, жар болғай!
Жайық НАҒЫМАШ,
E-Islam.kz