25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Рабиғул әууәл айының ерекшелігі неде?

Рабиғул әууәл айының ерекшелігі неде?

Мақалалар
Жарнама

Халықаралық астрономиялық зерттеу орталығының мәліметі бойынша биыл 18 қазан, жексенбі – рабиғул әууәл айының бірінші күні деп белгіленді.

Рабиғул әууәл – һижри жыл санауы бойынша үшінші айдың атауы. Бұл айға мұсылмандар ерекше мән береді. Өйткені, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дәл осы айда дүниеге келген. Амина анамыз болашақ пайғамбарға жүкті болды. Оның көтеріп жүрген баласы жай ғана емес, хайырлы, берекелі бала еді. Әлі дүние көзін ашпаған баланың құрметіне Алла Тағала Меккені басып алмақшы болған Абраханың басшылығында келген үлкен бір әскерді тоқтатқан.

Амина қайта-қайта түс көретін. Түсінде ғайыптан естілген дауыс оған: «Сен осы үмметтің ұлық бір затына жүктісің», – деп айтатын. Қағбаны бұзу ниетімен келе жатқан піл иелері жойылған күннен елу күн өтіп Аминаның толғағы қысты. Аминаның перзенті басқа әйелдердің әдетінен өзгеше жағдайда дүниеге келді. Адамзаттың асылы, Алла елшісі, ардақты пайғамбар Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) рабиғул әууәл айының он екіншісінде, дүйсенбі күні (милади 571 жылы,  20 сәуірде) нұр шашып дүние есігін ашты. Бұл нұр жаһилият қараңғылығынан құтқарушы, ширк пен бидғаттан арылтушы һидаят нұры еді. Алла Тағала: «(Уа, Мұхаммед!) Біз сені бүкіл әлемге рақым етіп жібердік», – деген («Әнбия» сүресі, 107-аят).

Шынында, Алла елшісі бүкіл әлемге рақым, мейірім, шапағат. Мұсылмандар оның алып келген һидаяты себебінен екі дүние бақытына жетеді. Кәпір мен мүшриктердің кесірінен дүниеге жалпы пәле-апат келмесі де оның шапағатынан.

Әбу Һұрайра (оған Алла разы болсын) риуаят еткен хадисте, бір күні: «Уа, Расулалла! Мүшриктерді қарғап дұға етіңіз!» – деп сұрады. Сонда ол: «Мен лағынет айтуші етіп емес, рақым етіп жіберілгенмін», – деді (Муслим).

Әбу Умамә (оған Алла разы болсын) риуаят еткен хадисте, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мен бүкіл әлемге рақым, тақуалы жандарға һидаят етіп жіберілгенмін», – деп айтқан (Әбу Нуғайм).

Рабиғул әууәл айында мұсылман өлкелерінде Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тұлғалық бейнесін үйренуге көбірек мән беріледі, оның өмірі туралы халыққа кеңінен насихатталады.

Алла Тағала: «(Уа, мүминдер!) Әлбетте сендер үшін – Алла және ақырет күніне үміт еткен, Алланы көп жад еткен адамдар үшін – Алланың Пайғамбарында (оның иманы мен ахлағында) көркем ғибрат бар», – деген («Ахзап» сүресі, 21-аят). Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтқан әрбір сөздерінде, істерінде, жағдайларында, тіпті үндемеулерінде де біз, мүмин-мұсылмандар үшін үлкен ғибрат бар. Кім оған ерсе, ең жақсы үмметтің дара адамдары қатарынан орын алады.

Сонымен қатар, рабиғул әууәл айында сүйікті пайғамбарымызға салауат пен сәлем жолданады. Ол кісі: «Кім маған бір рет салауат айтса, Алла оған он рет салауат айтады», – деген (Муслим, Әбу Дәуіт, Тирмизи).

Жоғарыда айтылған істер қиямет күні пайғамбарымыздың шапағатына жетуге себеп болады деп үміт етеміз. Алла Тағала бұл айды баршамызға құтты етсін, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірін үйреніп, ықыласпен оның сүннеттерін орындап, Жаратқан Иеміздің разылығын табуды нәсіп еткей! 

Хасан АМАНҚҰЛ

Шариғат және пәтуа бөлімі

Бөлісу: