Әйгілі тәпсірші Ибн Жәрир әт-Табари қырық жыл бойы үздіксіз күнделікті қырық бет ғылыми еңбек жазып отырғандығы туралы мәліметтер келтіріледі. Қырық беттен тұратын еңбекті шағын кітапша деп қабылдайтын болсақ, онда демек әт-Табари әр күні бір ғылыми еңбектің авторы атанып отырғанын аңғарамыз. Дәл осы әт-Табаридің тәпсір ғылымындағы еңбектері, қазіргі таңда ислам әлемінде мұсылмандар арасында аса құнды еңбектердің біріне айналып отыр. Бұл дегеніміз, әт-Табари өзінен кейін көпшілікке пайда әкелетін өшпес із қалдырғандығын ұғындырады.
Тарихта қаншама ғалым-ғұламалар осы уақытқа дейін өз өмірлерін толығымен ғылымға арнап, белгілі бір діни, не болмаса дүниәуи бағытта өздерінен кейін ғылыми еңбек қалдырып, жақсылық жасап, адамдар сол ілімнен сусынданып, қажеттеріне қарай іске асырған, сауапты іске өз үлестерін қосқан болатын.
Білім алу, не болмаса өзгеге білім үйрету – ақиқатында ұлы істердің бірі. Өйткені, осыған байланысты Алла Елшісі (с.ғ.с.) хадисте: «Сендердің ең жақсыларың Құранды үйреніп, оны басқаларға үйреткендерің»[1], – деген. Қандай да бір мұсылман өзінен кейін ілім қалдыра алмағанның өзінде, сауабы соңынан үздіксіз барып тұратын тағы екі ізгі амалды жасауына болады.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте: «Адам қайтыс болса, оның (барлық істеген) амалы тоқтайды. Тек үш жолмен (сауап) үздіксіз барып тұрады: жариа садақа (яғни ел игілігі үшін салған көпірі, мешіті, медресесі, мектебі, ауруханасы т.б.); ел пайдаланатын ілім; артынан қалған ізгі ұрпағының дұғасы»[2], – делінген.
Жариа садақа жасаған момын-мұсылман өзінен кейін өшпес із қалдыратыны сөзсіз. Егер кімде-кім Алла ризалығын үміттеніп, ел игілігі үшін көпір салса, мешіт-медресе тұрғызып, мектеп пен ауруханалардың ашылуына септігін тигізсе, ол өзі дүниеден өтсе де, артынан қалған халық одан пайдаланғаны себебінен сауабы оған үздіксіз барып тұрады. Ақиқатында Құран Кәрімде Алла Тағала: «Нендей қайыр істесеңдер, Алла оны біледі. Және азық алыңдар (жинаңдар). Негізінде азықтың жақсысы тақуалық. «Әй ақыл иелері!»[3] – деген.
Ал, енді жоғарыдағы хадисте аталған артынан дұға жасайтын ізгі ұрпақ деген кім? Ұрапақтың ізгі болуы үшін ең алдымен ата-анасының ізгі болуы маңызды. Өйткені ұрпақ қайдан ізгі болсың, егер ол ұрпақ үлкендерден тәлім-тәрбие алмаса, білім үйренбесе, оған өсиет айтылмаса. Ибрагим (ғ.с.) пайғамбар өзі ізгі еді, Алладан ізгі ұрпақ сұрады. Сөйтіп Алла оған Исмаил (ғ.с.) мен Исхақты (ғ.с.) берді. Закарияға (ғ.с.) Яхияны (ғ.с.), Мәриамға (ғ.с.) Исаны (ғ.с.) сыйлады.
Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ізгілік жолындағы ұрпаққа, балаларға берер тәрбиенің үздік үлгісін көрсетіп өткен. Бұл туралы көптеген хадистерде айтылады. Бірде Алла Елшісі (с.ғ.с.) дастархан басында өзін дұрыс ұстай алмайтын бір баланы көріп, оған: «Әй, бала, Алланың есімін ата, оң қолыңмен же, алдыңдағыңды же»[4], – деген тәрбиелік мәні бар өсиет айтады. Тағы бір хадисте: «Әкелер балаларына оқуға, жазуға, жүзуге, санауға, білім үйретуге жауапты», – делінген.
Лұқман Хакімнің баласына жиі өсиет айтып, тәрбие беріп, туралыққа, ізгілікке бастаған игі сөздерді айтқандығы туралы Құран Кәрімде: «Сол уақытта Лұқман өз ұлына үгіт бере отырып: Әй ұлым! Аллаға серік қоспа! Күдіксіз (Аллаға) ортақ қосу зор зұлымдық. ... Әй ұлым! Тарының салмағындай болса да бір жар тастың ішінде болса да көктерде не жерде болса да Алла оны (қиямет күні) келтіреді. Расында Алла өте мүлайым, толық білуші. ... Әй ұлым! Намазды толық орында. Дұрыстыққа бұйырып, бұрыстықтан тый. Басыңа келген ауыршылыққа сабыр ет. Рас бұлар маңызды істерден»[5], – деген аяттар кездеседі. Міне осы үлгіде әр ата-ана бала-шағасына дұрыс тәрбие беріп, ізгілік жолында өсірсе, туралықты нұсқаса, өзі дүниеден өтсе де, ізгі ұрпағының ол үшін жасаған дұғасы жоғарыда хадисте айтылғандай үзілмей оған барып тұратын болады.
Сөзімізді қорытындылайтын болсақ, өмірге өшпес із қалдыру дегеніміз – өзің болмасаң да, соңыңнан елге еңбегің сіңсе, білімің таралса, артыңнан жақсы сөз айтылса.
Дайындаған Берікбол Мергенбайұлы
[1] Тирмизи.
[2] Мүслим.
[3] «Бақара» сүресі, 197-аят.
[4] Бұхари, Мүслим.
[5] «Лұқман» сүресі, 13, 16-17 аяттар.