25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Бақытқа жетелейтін 10 аят

Бақытқа жетелейтін 10 аят

Мақалалар
Жарнама

Құран Кәрімде бұл дүиеде жақсы өмір сүруді қалайтын әрбір мұсылманға арналған он аят бар. Бір жағынан бұл аяттар мұсылманға мотивация болса, одан бөлек қосымша адамды жамандықтан құтқарады. Төменде аталмыш он аят келтіріледі. Олар қандай аяттар екендігінt бірге назар аудара, оқып көрейік.

Бірінші аят: Сухур (таң сәрі) уақытында Алланы зікір ету. «Олар (мүминдер) таң сәріден жарылқау тілеушілер»[1]. Тәпсірлердің бірінде таң сәріден жарылқау тілеушілер деген сөздерге таң намазын оқитындар деп мағына берілген.

Екінші аят: Жеке қалып, Алланың кереметтері туралы ойлау. «Олар (мүминдер) тіке тұрып, отырып, жамбасынан жатып (әр халде) Алланы еске алады. Сондай-ақ олар көктер мен жердің жаратылуы жайында ойланады да: «Раббымыз! Сен мұны босқа жаратпадың. Сен пәксің, бізді от азабынан сақта!»[2].

Үшінші аят: Ізгі адамдармен қатынасу, байланыс құру. Аллаға құлшылық ететін, Алладан қорқатын, әрдайым діни ілімді ізденетін салиқалылармен бірге болу. «(Мұхаммед ғ.с.) таңертең, кешке Раббыларына, Оның дидарын іздеп, жалбарынғандармен бірге өзің де сабыр ет»[3].

Төртінші аят: Алланы әрдайым еске алу. Алланың нығметіне шүкір етіп, жіберген сынақтарына сабырлық таныту. «Әй, мүминдер! Алланы өте көп зікір етіңдер. Оны ертелі-кеш пәктеңдер»[4].

Бесінші аят: Намаздың қайсысын оқысаң (парыз, уәжіб, сүннет), шын жүрекпен, ықылас сезімімен орындау. Сен Оны көрмесең де, Ол сені көріп тұрғандай намаз оқу. «Олар, сондай мүминдер, намаздарында іштей жалбарынады»[5].

Алтыншы аят: Құран оқыған кезде, әрбір сөзінің мағынасына ақыл жүгіртіп терең түсініп оқу. «Әйтпесе олар, құранды түсінбей ме? Немесе олардың жүректері құлыптаулы ма?»[6].

Жетінші аят: Қыстың қатты суығында, жаздың қатты ыстығында, жылдың қай мезгілі болмасын, Алланың ризалығы үшін шынайы түрде рамазан айындағы бекітілген парыз оразаны ұстау. Денсаулығы жарап, мүмкіндігі болса, нәпіл оразаларды да ұстау. Алла Тағала құдси хадисте: «Пендем тамағын, суын, нәпсі қалауларын мен үшін өзінен тыйды», - дейді. Ал, Құран Кәрімде: «Уа, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей, тақуалыққа жетулерің үшін, ораза ұстау сендерге де парыз етілді»[7], - деп айтылады.

Сегізінші аят: Садақаны барынша жасырын түрде беру. Бұл дегеніміз, садақа беруші адам садақа берген кезде, бір сәт болса да тәкаппарлыққа, рияшылдыққа бой алдырмауы керек. Хадистерде келтірілгендей, сол қолы оң қолының садақа беріп жатқанын білмеуі тиіс. Бұған қатысты Алла Тағала: «(Мұхаммед Ғ.С.): «Рас Раббым, несібені құлдарынан кімге қаласа; кеңітеді де оған өлшеп-тамап та береді. Тиісті орынға бір нәрсе жұмсасаңдар, сонда Алла, тағы есесін береді. Ол, ризық берушілердің ең жақсысы» де»[8], - деген.

Тоғызыншы аят: Мұсылман бауырдың қайғы-мұңын сейілту. Мұсылман бауырға қиын жағдайда көмектесіп, қол ұшын созу. Әркімге мүмкіндігінше жәрдем беріп, рухани не материалдық қолдау көрсетіп отыру. Құран Кәрімде Алла Тағала былай дейді: «...жақсылыққа, тақуалыққа жәрдемдесіңдер. Күнәға және дұшпандыққа жәрдемдеспеңдер. Алладан қорқыңдар! Күдіксіз Алланың азабы қатты»[9]. Абу Хурайра (Алла оған разы болсын) Пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқанын жеткізді: «Кім мүмінді бұл дүниедегі бір қайғысынан құтқарса, Алла оны қияметте бір қайғысынан құтқарады. Кім жағдайы жоқ борышкердің қарызын жеңілдетсе, Алла оған бұл дүниеде де, ахиретте де жеңілдетеді. Кім мұсылманды қорғаса, Алла оны бұл дүниеде де, ахиретте де қорғайды. Алла Өзінің құлына, ол бауырына көмегін көрсеткенше көмектеседі. Егер адамдар Алланың үйінің біріне жиналып, Алланың кітабын оқып, бір-біріне үйрететін болса, әлбетте оларға тыныштық түседі және оларды мейірім орап, періштелер қоршауына алады, және Алла оларды Өзінің жанындағы (періштелердің) алдында еске алады. Кімді амалдары ұстайтын болса, оның тегі оны алға жылжуына көмек көрсете алмайды»[10].

Оныншы аят: Бұл фәни жалған дүниеде тақуа болып өту. Дүниенің сәніне қызығып жабысып алмай, мәңгі өмірді, Алланың алдына баратын уақытты ойлау. «...сендер дүние тіршілігін артық көресіңдер. (Алайда) Ақирет (сендер үшін дүние тіршілігінен) хайырлы да тұрақты»[11].

Бақытқа жетелейтін аяттар осы он аятпен шектелмейтіні ақиқат. Шын мәнінде, Құран Кәрім басы-аяғы толығымен, оны оқып, оған амал еткен пендеге екі дүниенің бақыт жолын нұсқайтыны сөзсіз. Бұл жерде әрқайсымызға түсіну керек болған негізгі ұғым ол - Алланың ризалығына жететін амалдарды барынша орындау. «Істе» деп Алланың бұйырғанына мойынұсынып, «сақтан» деген ескертуінен алыс жүруіміз ең маңызды мәселе. Алла Тағала бәрімізге екі дүниенің жақсылығын нәсіп етсін. Ізгі ниеттеріміз қабыл болғай.

Дайындаған Берікбол ЖАНАҚ


[1] «Әли Имран» сүресі, 17-аят.

[2] «Әли Имран» сүресі, 191-аят.

[3] «Кәһф» сүресі, 28-аят.

[4] «Ахзаб» сүресі, 41,42-аяттар.

[5] «Мүминун» сүресі, 2-аят.

[6] «Мұхаммед» сүресі, 24-аят.

[7] «Бақара» сүресі, 183-аят.

[8] «Сәбә» сүресі, 39-аят.

[9] «Мәида» сүресі, 2-аят.

[10] Мүслим.

[11] «Ағлә» сүресі, 16,17-аяттар.

Бөлісу: