Түркиядағы түрлі қорларда сақтаулы қазақ даласы перзенттерінің жазба дүниелерін мерзіміне қарай сөз етер болсақ, әуелі, әрине, Отырар ұландары бірінші орында тұрады. Фарабтықтардың түрлі тақырыптарды сөз ететін араб, түрік, парсы, ағылшын тілдеріндегі еңбектері өз алдына бір төбе. Солардың ішінде энциклопедист-ғалым Әбу Насыр әл-Фараби бастаған отырарлық ойпаздардың орны бөлек.
Әбу Насыр әл-Фараби (87–950)
Түркия кітапханаларында Әбу Насыр әл-Фарабидің негізінен философия, логика, психология, филология, музыка, географияға және т.б. қатысты еңбектерінің қолжазбалары сақталған. Түрік ғалымдарының ХХ ғасырдың 50-жылдарынан бері Отырар перзенті еңбектерін жиірек зерделеп, түрік тіліне де аударғаны байқалады. Солардың ішінде Әбу Насырдың «Китабу-л хуруф» («Әріптер жайлы кітап»), «Китабу-т тахлил» («Талдау кітабы») «Китабу-л ибда» («Жаратылған [жайлы] кітап»), «Китабу-л қийас» («Силлогизм кітабы»), «Рисала танбиһ ала сабил-с сағада» («Бақыт жолын сілтеу жайлы трактат»), «Мантиқ инда әл-Фараби» («Әл-Фарабидің логикалық [еңбектері]»), «Рисала фи-л ақл» («Ақыл жайлы трактат»), «Фусулу-л мадани» («Мемлекет қайраткерінің нақыл сөздері»), «Китаб ара аһл әл-мадинату-л фадила» («Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайлы кітап») атты еңбектері жиірек ұшырасады. Сондай-ақ оның «Ихса әл-улум» («Ғылымдарды жіктеу»), «Ас-Сийасату-л маданийа» («Азаматтық саясат») секілді шығармаларын да кездестіреміз.
Түркияда Әбу Насырдың Бейрутте, Каирде, Теһранда, Хайдарабадта (Үндістан), Оксфордта араб, ағылшын, неміс тілдерінде басылған еңбектері де бар. Француз, ағылшын, неміс, парсы оқымыстыларын түрік ғалымдары сияқты Отырар ғалымының философиялық, логикалық, музыкалық шығармалары көбірек қызықтырған.
Түркияның қолжазбалар қорында Әбу Насыр әл-Фарабидің Иранның түрлі кітапханалары мен қолжазба қорларында кездесетін біраз дүниелері де бар. Олардың бірнешеуін өткен ғасырдың 90-жылдары, сол кездегі Ирандағы елшіміз Мырзатай Жолдасбеков Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне сыйлағаны есімізде.
Түркия қолжазба қорларында Әбу Насыр әл-Фарабидің бізге бұрын-соңды белгісіз болып келген «Тарих бойынша йаһуди мәселелері» атты шығармасы да ұшырасты.
«Ақыл (парасат) жайлы» атты 1971 жылы Бейрутта шыққан трактаты «Түрік тарихы ұйымы» кітапханасында, сондай-ақ оның «Риторика» жайлы еңбектері туралы француз тілінде жазылған зерттеу (1971) және «Китабу-л хуруф» («Әріптер жайлы кітап») атты еңбегі туралы Маһди Мухсинның Бейрутта 1970 жылы шыққан монографиясын осы қордан көрдік.
Отырар ұланының Оксфордта 1895 жылы шыққан 85 беттік тағы бір еңбегі және «Фарабидің үш еңбегі» атты түрік тіліндегі шығармасы, «Фусулу-л мадани» («Мемлекет қайраткерінің нақыл сөздері жайлы»), «Китаб мусик ал-кабир» («Музыка жайлы үлкен кітап»), 1961 жылы Бейрутте басылған «Фалсафа ал-Фараби» («Әл-Фарабидің философиясы») атты ағылшын, «Китаб мусик ал-кабир» («Әл-Фарабидің музыкасы») атты француз тілінде 1930-1932 жылдары Парижде шыққан трактат, «Мадинату-л фадыла» («Қайырымды қала») Стамбұлда 1956 жылы түрік тілінде шыққан кітаптар да осы қорда.
Ұлы бабаның «Мадинату-л фадыла» («Қайырымды қала») атты трактаты да түрік тіліне аударылыпты. Оның Анкара университетінде бірталай көшірмелері тұр. Бұған қарап Әбу Насыр әл-Фараби мұрасын жинау мен зерттеуде түрік бауырларымыздың бізден біраз ілгері кеткенін байқамау мүмкін емес.
Әбу Насыр әл-Фарабидің дүние жүзіне шашырап кеткен туындылары қазір де ғалымдар назарынан тыс қалған емес. Бұл ретте түрік ғалымы аталмыш Ахмет Әтештің еңбегі ересен. Ол Әбу Насыр шығармаларының библиографиясын жасап, Стамбұлда 1951 жылы жарияласа, ал 1973 жылы Исмет Бинарк пен Неджат Сефержиоглу Анкарада «Фараби библиографиясының» біршама толық басылымымен таныстырды.
АҚШ-тың Питсбург университетінің профессоры Николас Решер де бұл іске өз үлесін қосқан. Оның 1962 жылы жарық көрген «әл-Фарабидің аннотацияланған библиографиясында» Отырар перзентінің 100-ден астам еңбегі, аудармалары аталады. Осы ретте қазақстандық белгілі психолог-ғалым, педагогика ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Құбығұл Жарықбаевтың да еңбегін атап кетуге тиіспіз. Ол да Әбу Насыр шығармаларының библиографиясын көз майын тауысып жасағаны есімізде.
Бірақ Әбу Насырдың өмірі мен шығармаларына арналған әлемдік деңгейдегі бірізді, біртұтас, толыққанды библиография әлі еш жерде, ешқандай елде жасалған емес.
Біздің соңғы жылдардағы ізденістеріміз бен зерттеулеріміз Отырардан шыққан дара тұлғалардың көп екенін көрсетіп отыр. Осы күнге дейін олардың 30-ға жуығы табылды. Солардың Түркиядан табылғандарын мерзімдік тәртіппен қарасақ, атақты Әбу Насыр әл-Фарабиден кейінгі екіншісі Әбу Ибраһим Исқақ бин Ибраһим әл-Фараби.
Әбу Ибраһим Исқақ бин Ибраһим әл-Фараби (т.ж.б.–961)
Отырарлық бұл ғалымның да өмірі мен шығармашылығы туралы өткен ғасырдың 80-жылдары жазғанмын. Ол Әбу Насыр әл-Фарабимен замандас секілді. Алғашқы білімді туған елінде алған соң, арман қуып Дамаск пен Бағдадқа аттанған. Сөйткен, Әбу Ибраһим Исхақ араб тіл білімі мәселелерімен айналысып, еңбек жазған. Оның ХХ ғасырдың 70-жылдары Каирде шыққан шығармасы «Диуан әл-адаб фи-л луға» («Тіл жайлы адаб жинағы») деп аталады.
«Диуан» – араб тілінің қыр-сырын баяндайтын өте күрделі де құнды шығарма. Осы дүниені өзіне үлгі ете отырып, Махмұт әл-Қашғари «Диуан лұғат ат-түркті» жазған деген мәлімет бар.
«Диуанды» Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары египеттік доктор Ахмад Мұхтар Умар мен Ибраһим Анис атты ғалымдар Александрия (Египет) кітапханасы қолжазба қорынан кездейсоқ тауып, зерттеп, кейінірек 4 том етіп (1974–1979, 1984) шығарған, оған Сауд Арабия королі марқұм Фаһд бин Абд әл-Азиз алғы сөз жазған.
Түркияның Стамбұл университеті, Сүлеймания кітапханаларында «Диуанның» жарияланбаған қолжазбалары да бар. Сондай-ақ бұл ел кітапханаларында «Диуанның» аталмыш басылымдары да кездесті.
Біз Әбу Ибраһимнің біздің заманымызға аталмыш жалғыз-ақ еңбегі жеткен деп есептейтінбіз. Сөйтсек, оның күні бүгінге дейін бізге белгісіз болып келген «Ар-Рихлату-л Хиджазийа» («Хиджаз сапары») атты шығармасы да бар екен. Ол қолжазба күйінде сақталған, көлемі – 395 бет. Харран университеті илаһийат факультетінде тұр. Бұл дүние ғалымның Мекке, Мединеге барған сапарының жай-жапсарын баяндаса керек деп ойлаймыз. Сондай-ақ ұлы данышпанның:
– «Рисалату-л зайтунийа» («Зайтун трактаты»). Қолжазба. Баязит кітапханасы.
– «Диуан әл-адаб» («Адаб жинағы»). Қолжазба. Баязит, Сүлеймания кітапханалары [секілді еңбектері бар].
Әбу Насыр Исмаил бин Хаммад әл-Жауһари әл-Фараби (т.ж.б. – 1002)
Араб тілінің көрнекті өкілі саналатын бұл жерлесіміз де Отырарда Х ғасырдың шамамен екінші жартысында туған. Алғашқы білімді де отанында алған. Сосын нағашысы Әбу Ибраһим Исхақтың шақыруымен Бағдад пен Дамаскіге аттанған.
Оның да еңбектері араб тілі мәселелеріне арналған. Әбу Насырдың Исмаилдың негізгі еңбегі «Тадж әл-луға уа сихах әл-арабийа» («Тіл тәжі және дұрыс (нағыз, шынайы, ақиқат) араб тілі») деп аталады. Отырарлық бұл ғалымның да негізінен араб тілінің лексикографиясын зерттеумен аты шыққан. Еңбектің Түркия кітапханалары мен қолжазба қорларындағы нұсқалары түрліше аталады.
Швейцария шығыстанушысы Адам Мец (1869–1917) Отырардың бұл перзенті туралы: «Лексикограф әл-Жауһаридің (300/1000 қ.б.) еңбегі [«ас-Сихахы»] басын айналдырды. Сөздігінің «дад» әрпіне жеткен кезде ол Нишапурдағы [Ирандағы] ескі мешітке барды да, төбесіне шығып: «Ей, адамдар. Мен өз өмірімде бірде-бір адам жасай алмаған істі атқардым. Енді о дүниеде де бірде-бір кісі жасай алмайтын істі істегім келеді», деді де, қолын жіппен және жіпті есіктің жақтауына байлады. Сөйтті де, мешіттің ең биік жеріне көтерілді. Ол ұшқысы келді. Бірақ жерге құлап, жан тапсырды», – деп жазады.
Бұл мәліметті ол Йақұт әл-Хамауи ар-Румидің (1179–1229) «Иршадынан» [Йақұт әл-Хамауи ар-Руми. Мұғжам әл-удаба. Бейрут (жылы көрсетілмеген). 20 том; 6-том 157-бет] алған.
Түркияның Баязит, Сүлеймания, Мармара, Селжұқ, Эрзурум университеттері мен Түркия Діни істері басқармасы кітапханасында «Тіл тәжінің» бірнеше басылымдарымен қатар, қолжазбалары да бар. Сондай-ақ Түркияда оның:
– «Китаб аруду-л уарақа» («Өлең өлшемі»). Эрзурум, 1994 (Дайындап бастырған доктор М.Сади Шөгенлі);
– «Китабу-л қауафи» («Ұйқас жайлы кітап») (Қолжазба. Атиф Эфенди кітапханасы) секілді өлең өлшемдерінің теориясына арналған шығармалары да бар.
Ғалымның Түркия кітапханаларындағы басты еңбегі жоғарыда айтылғандай бірде «Сихах фи-л луға», «Сихах», кейбір нұсқалары «ас-Сихах тадж әл луға уа ас-сихах әл-арабийа» деп аталатынын байқаймыз. Бұл еңбекті ХІV ғасырда жетісулық кемеңгер ойшыл Әбу-л Фазл ибн Мұхаммед Жамал Қарши (1230–1315) парсы тіліне аударған. Оны мен өткен ғасырдың 80-жылдары Дағыстан кітапханаларындағы қолжазбалар қорынан көрдім.
2000 жылы оның 700 беттік нұсқасын Каирдегі «Дар әл-кутуб әл-Мысриийадан» таптым. Қазір ол менің жеке қорымда.
«Сихах» 1729 жылы араб тілінен түрік тіліне де тәржімаланыпты. Оның бір нұсқасы Түркияның Республика университетінің илаһийат факультетінде сақтаулы.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті, менің талантты шәкіртім Шынар Қалиева Әбу Насыр Исмаил әл-Жауһаридің өмірі мен шығармашылығына арналған кандидаттық диссертация жазып, Ташкентте 2002 жылы қорғады, кейін ол кітап болып шықты.
Әбу-л Қасым әл-Фараби//әл-Фарйаби. Халисату-л хуласа. Қолжазба. Миллет кітапханасы, Түркия.
Мұхаммед бин Мұхаммед бин әл-Хұсейн Мадж ад-дин әл-Усрушани, Мұхаммед бин Хұсейн әл-Фараби (т.ж.б. – 1234)
Отырарлық бұл ғалым туралы мен «Қазақ даласының жұлдыздары» атты кітабымда (1995) жазғанмын. Мұхаммед – ХІІІ ғ. өмір сүрген парасат иесі. Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық еңбегіне түсіндірме жазыпты, бірақ ол еңбегі жарияланбаған. Бізге жеткен еңбектері:
– «Әл-Фусус» («Афоризмдер»). Қолжазба. Мармара, Баязит Сүлеймания кітапханасы.
– «Шарх «Фусус әл-хикам» («Кемеңгерлік меруертіне» түсіндірме»). Қолжазба. Мармара, Баязит, Сүлеймания университеттері кітапханасындағы оның барлық нұсқаларында 116 бет және 1291 жыл деген мерзім көрсетілген. Тек Баязит кітапханасындағы нұсқасы – 78 бет, Сүлейманиядағысы – 106 бет. Соңғыда 1013 жыл деген мерзім тұр.
Абдуллаһ бин Мұхаммед бин Йусуф Насыр әл-Фараби әл-Азди
Оның «Тариху-л улама әл-Андалус» («Андалусия ғұламаларының тарихы») атты еңбегінің қолжазбасын Ататүрік университеті илаһийат факультеті кітапханасынан көрдім. Шығарманың тарих мәселесіне арналғанына қарағанда, авторы тарихшы сияқты. Отырарлық бұл ойшыл жайлы әзір қолымызда басқа мағлұматтар жоқ.
Абд әл-Латиф ибн Ахмад әл-Фараби
Оның есімі Мароккода шыққан «әл-Харакату-л фикрийа уа әл-әдабийа фи-л алами-л араби ал-хадис» («Жаңа араб әлеміндегі ой-пікір және әдеби қозғалыс»). Дар әл-Байда. (Касабланка), 1983 атты еңбекке байланысты аталады. Ол Ливанда да жарық көріпті (Бейрут, 1995).
Бұл кітап Жумһурият университеті илаһийат факультеті кітапханасында бар. Өкінішке орай Абд әл-Латифтің өмірі мен шығармашылығы туралы дерек кездеспеуде.
Әбу-л Фадл Таһир бин Мұхаммед әл-Фараби Заһирдің еңбегінің аты «Диуан» («Жинақ»). Қолжазба. Ол Баязит кітапханасында. Өмірі жайлы мәлімет жоқ.
Аға Хасан әл-Фарабидің еңбегінің қолжазбасы «Һидая» тәржімасы» деп аталады. Ол Бұрһан ад-дин әл-Марғинанидің (т.ж.б. – 1197) «әл-Һидая» атты Әбу Ханифа мазһабы бойынша жазылған еңбегінің тәржімасы секілді. Қолжазба. Автор жайлы мағлұмат жоқ.
Бұрһан ад-дин Ахмед бин Әбу Хафс бин Йусуф әл-Фараби (т.ж.б. –1174)
«Манзума фи-л муаннасати-с самаийа» («Тіл ережелеріне бағынбайтын әйел тегіне (женский род) қолданылатын қалыптар»). Қолжазба. Нури Османия кітапханасы. Араб тілі мәселелеріне арналған.
Тағы бір еңбегі «Заллат әл-қари» («[Намазда] Құран оқушының шатасуы») деп аталады. Қолжазба. 121–214-беттер. Сүлеймания кітапханасы.
Еңбектің бір нұсқасы Санкт-Петербургтегі Шығыстану институтының қолжазба қорында тұр. Шығарма қасиетті Құранды дұрыс оқу жайлы сөз етеді. Отырарлық бұл ғалым ХІІ ғасырда өмір сүрген.
Әбу-л Қасым Махмуд бин Ахмед әл-Фараби [әл-Фариаби] (1130–1210)
Әбу-л Қасым Махмуд бин Ахмед әл-Фараби (Фариаби) – энциклопедист Әбу Насыр және тілші екі әл-Фарабиден кейін Түркия кітапханаларында еңбектері жиірек ұшырасатын ғалым. Оның шығармалары көбінесе дін мәселелеріне арналған. Әбу-л Қасым әл-Фараби//Әл-Фариаби туралы «Қазақ даласының жұлдыздарынан» (1995) оқуға болады.
Енді оның Түркияның кітапханалары мен қорларындағы жазба дүниелерін атап кетейік.
«Халисату-л хақаиқ» («Таза шындық»). Қолжазба. Хұсейн паша қоры.
«Халисату-л хақаиқ ли-ма фиһи мин асалиб ад-дақаиқ» («Ғылым түрлері жайлы нәзік тәсілмен (стильмен) жазылған «Таза шындық»). Қолжазба. Анталия. Текелиоглу қоры, Сүлеймания кітапханасы.
«Әл-Муджаллад әл-аууал мин китаб хашйату-л хақаиқ ли-т тасаууф» («Суфизм туралы «Шындықтың» жол шетіне жазылған түсіндірмелер. Бірінші том»). Қолжазба. Ая-София қолжазба қоры.
«Халисату-л хақаиқ фи-л фиқһ» («Фиқһ туралы «Таза шындық»). Қолжазба. Қажы Махмуд Эфенди қоры.
«Халисату-л хақаиқ ала иьтиқади аһли-с сунна уа-л джамаға» («Аһлу-с сунна уа-л джамаға» [сеніміне] сүйеніп жазылған таза шындық»). Қолжазба. Нафис паша қоры.
«Халисату-л хақаиқ уа минһаджу-л абидин» («Таза шындық» және мәңгілік жол»). Қолжазба. Рашид Эфенди қоры.
Әбу-л Қасым еңбектері ішінде Түркия кітапханаларында жиі ұшырасатыны жоғарыда айтылғандай «Халисату-л хақаиқ» («Таза шындық»). Қолжазба. Ол бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған. Оның бір-бір нұсқалары Атиф Эфенди, Анталия Текелі облысы халық кітапханасы, Бурса аймақтық жазба кітапханасында сақтаулы. Қысқартылған 60 беттік нұсқасын Санкт-Петербургтегі Шығыстану институтының қорынан таптым. Қазанда ХІХ ғ. басылған.
Ал Сүлеймания кітапханасындағысы «Халисату-л хақаиқ лима фиһи мин асалиб ал-д-дақаиқ» («Ғылым түрлері жайлы нәзік стильмен жазылған таза шындық») деп толығырақ көрсетіліпті. Бұл да қолжазба. Сүлеймания кітапханасындағы нұсқасы 524 беттен тұрады. Сүлейманиядағы нұсқасында, сондай-ақ һижри 997 жыл көрсетілген.
Сүлейманиядағы қолжазбада оның аты-жөні әл-Фараби Имад ад-дин Махмұд бин Ахмед әл-Фараби деп жазылса, еңбектің осы кітапханадағы тағы бір нұсқасында Имад ад-дин Әбу-л Қасым Махмұд бин Ахмед әл-Фараби делініпті. Түркия кітапханаларындағы қолжазбалар нұсқаларының бет саны әртүрлі.
Түркия кітапханаларында Имад ад-диннің тағы басқа да трактаттары бар. Олар: 1.«Мұнтахабат мина-л асилати-л ламма уа-л ажуиуата-л жамиа» («Таңдамалы терең сұрақтар мен тұшымды жауаптар»). Қолжазба. 63–70-бет. Сүлеймания кітапханасы. 2.«Мұнтахаб мин халисату-л хақаиқ» («Таза шындықтан таңдамалы»). Қолжазба. Сүлеймания кітапханасы.
Қауам ад-Дин әл-Итқани (Иқани) әл-Фараби ат-Түркістани (1286–1356)
Қауам ад-Дин Түркістанның шығысындағы 30 шақырымдай жердегі, орта ғасырларда Итқан, қазір Иқан деп аталатын кентте 1286 жылы туған. 31 жасына дейін Отырарда имам болған. Сонан соң білім іздеп әуелі Самарқан мен Бұхараға, сонан соң Дамаскіге сапар шеккен. Бағдадта 25 жыл қазы болған. Сонда үйленіп, ұл-қыз көрген. Кейінірек Каирге қоныс аударып, сонда біржола тұрақтап қалған. Египеттің ортағасырлық Ибн Тагриберди, Әл-Макризи, Ибн Касир, ас-Суйути секілді және т.б. қаламгерлері ол жайлы қалам тербеген. Өз дүниелерінде олар Қауам ад-Динді: «Каирге қала әкімі Саргатмиш (Сыргатмиш) шақырған. Онда Қауам ад-Дин медреседе ұстаздық еткен», – дейді. Каирге барған бір сапарымда мен сол медресені таптым. Қазірге дейін ол дін аман тұр.
Иқан перзенті 73 жыл жасап, 1356 жылы дүниеден өткен. Оның Каир, Дамаск, Кувейт, Түркия, Нидерланды, Өзбекстан, Ресей кітапханалары мен қолжазба қорларында оннан астам трактаты бар. Біразы менің де жеке қорымда сақтаулы. Ол туралы «Егемен Қазақстан» газетінде үлкен мақала жариялағанмын. Иқан жұрты сол дүниені оқып, риза болып, отандас ғалымына арнап Иқанда мешіт салдырды. Оны 2007 жылдың 27 желтоқсанында арнайы барып ашып, алыста қалған отандас бабаға арнап дұға бағыштадым. Қауам ад-Диннің Түркияда бірнеше еңбектері сақтаулы тұр.
Әмір Исмаил әл-Хусайни әл-Фараби
– «Шарх әл-фусус фи-л хикма» («Кемеңгерлік меруертіне түсіндірме»). Қолжазба. Сүлеймания кітапханасы.
Әбу Насыр әл-Фарабидің белгілі трактатына түсіндірме сияқты.
Әбсаттар қажы Дербісәлі
ҰҒА академигі,
филология ғылымдарының докторы, профессор