26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Әділдіктің өлшемі

Әділдіктің өлшемі

Мақалалар
Жарнама

Негізінде Алла әділетті, игілікті және ағайынға қарайласуды бұйырады. Және де арсыздықтан, қарсылықтан һәм зор екерліктен тыяды. Сендерге насихат береді. Әрине түсінерсіңдер. (Нахл 90)

Әділдік– әр нәрсені теңдестіріп ұстау, хаққысын беру, бір істі орын-орнымен орындау, ақиқат жолынды нық тұру дегенді білдіретін адам бойындағы көркем мінез. Қатыгездік, опасыздық және жамандық деген сөздердің антонимі болып табылады.

Алла Тағала қияметте осы Әділдік сипатымен адамдардың арасындағы ақысын алып береді. Тіпті мүйізді қошқарға мүйізсіз қошқарды сүзгені үшін ақысын өтетеді. Сол үшін де қиямет күні Алла Тағала былайша сипаттайды: «Қиямет күні, туралық таразысын қоямыз . Сонда ешкім әділетсіздікке ұшырамайды. Істелген іс (жақсы-жаман) бір ұрық түйірінің салмағындай болса да оны әкелеміз. Есеп көруде жеткіліктіміз». (Әнбия сүресі, 47)

Алла Тағаланың әділдігі турасында Құран Кәрімде 300 аят кездеседі екен. Ал Пайғамбарымыздың өсиеттерінде әділдік турасында не айтылған, Алла Елшісінің ﷺ өзі әділдік мінезін қалайша үлгі етіп көрсете білді, әділдік сиапты мұсылман адамның өмірінде қаншалықты маңызды екенін байқап көрейік.

Пайғамбарымыз 35 жасында  Араб жеріндегі әр түрлі табиғи жағдайларға байланысты Кағбаның іргелері құлап, ескіріп қалғандықтан, Меккедегі мансапты рулардың келісімімен Қағба жөнделетін болып шешіледі. Қағба ойдағыдай жөнделіп болған соң, Хажәрул Әсуатты орнына қою кезінде рулар арасында талас пайда болады. Әр ру өздерінің мансаптарына сүйеніп, қасиетті тасты орнына апарып қоюға өздерін лайықты деп алға тартады. Бұл жанжалдың шегі болмайтынына көзі жеткен олар араларында «Мұхаммедул Әмин» аталып кеткен Мұхаммедке ﷺ төрелік етуіне келіседі. Сол кезде Алла Елшісі ﷺ ортаға бір төсеніш қойып, әр рудың бір-бір ақсақалдарына ұстатып, Хажәрул Әсуатты апарып, кейін өз қолымен орнына қойған болатын. Бұл Алла Елшісінің ﷺ әділдігінің бір ғана көрінісі. Кейін Пайғамбарлық келген соң сол әділдігінің арқасында сахабалар жанында жиналып, әділдік сәулесімен шуақтандырған.

Ал әділдіктің өлшемі қандай екенін мына хадистерден аңғаруға болады: «Пайғамбарымыз заманында Бани Махзум тайпасының бір әйелі ұрлық жасаған болатын. Алайда бұл тайпа беделді рулардың ішінен шыққандықтан сахабалар Алла Елшісінен кешіруді өтінеді. Сонда Алла Елшісі ﷺ: Мұхаммедтің жаны қолында болған Алланың атымен ант етейін, тіпті Мұхаммедтің қызы Фатима ұрлық жасаса да қолын кесіп, жазасын берер едім», деген болатын (Бухари, Муслим). Тағы бір хадисте: «Әлсіздер өз хаққыларын күштілерден қорықпай алмайынша, ол елдің қадір-қасиеті болмайды», дейді (Ибн Мажа). Әбу Сайд р.а жеткен хадисте: Бірде Алла Елшісіне ﷺ бір бәдәуи қарызын сұрап келіп, дөрекілік көрсетіп дереу қарызымды төле дейді. Сонда сахабалар: Сен кіммен сөйлесіп тұрғаныңды білесін бе? – деп ашуланаған кезде, Алла Елшісі ﷺ:«Сендер қайта ақысын талап етушіні жақтау керексіздер ғой», – деп әділдікке үйреткен болатын. Джабир ибн Абдулладан жеткен хадисте: «Алла Елшісі бір ғазауаттан соң олжаларды бөлу кезінде, бір адам: «Я Мұхаммед әділ бол, өйткені әділдік жасап жатқан жоқсын, – деген болатын, Сонда, Алла Елшісі: Егер мен әділ болмасам, менен әділ кім болмақ?»– деді.

Жалпы ислам дінінде әділдіктің үш өлшемі бар: Алланың құзырында әділ болу, өзіңе әділ болу, өзгеге әділ болу. Яғни, біріншісі тек Аллаға ғана құлшылық жасап, дұға қылу. Бұйырғанын орындап, тыйған амалдардан тыйылу. Алланың берген ризығына разы болып, сынақтарға сабыр ету. Екіншісі, Раббымыздың берген денсаулығына, дене болған аманатына қианат жасамау. Ар-ожданды қорғау. Үшіншісі, тілмен, қолмен өзгеге зиян тигізбеу, біреудің ақысын жемеу. Осы аталған үш әділдікті берік ұстаған адам Алланың разылығына жетіп, өмірде де, ақыретте де бақытқа кенеледі.Сол үшін де Алла Елшісі: «Қиямет күнінде әділ болғандарға Алла Тағала нұрдан жасалған таққа отырғызады», – деген.

Алла Елшісінің ﷺ әділдігін қарап отырып, ғалымдар әділдік етуде мына теңеулер кірмейтінін айтқан:

Махаббат пен кек араластырылмайды.

Туыстық қарым-қатынас ескерілмейді.

Бай-кедей, күшті-әлсіз болып бөлінбейді.

Алла Елшісі ﷺ  өмірінің соңында қажылық жасап, Арафат тауына шығып, соңғы өсиетін айтқан болатын. Жүз жиырма мың сахаба тыңдаған бұл құтпада қиямет күнге дейін барша мұсылмандарға қажетті насихаттар еді. Ол насихаттар ішінде әділдік маңыздылығын және барлық адам теңдігін сақтау турасында мына үкімдер айтылды:

1) Жан, мал-мүлік және ар-намыс қасиетті, әр түрлі зорлық-зомбылықтан қорғалған.

2) Аманат иесіне берілуі керек.

3) Ер кісілер әйелдердің құқығын қорғайды, әйелдер де ер кісілердің құқығына құрмет көрсетеді. Әйел де, ер де зинадан бойын аулақ ұстауы керек.

4) Қызметшілерге жақсы қарау керек.

Осындай Алла Елшісінің өсиеттерінен шығаратын шешім, шынайы мұсылман адам мемлекет басқаруда, төрелік еткен кезде, адаммен қарым-қатынаста, отбасында, ерлі-зайыптылар арасында, бала-шаға тәрбиесінде, ата-ана құрметтеуде, жұмысшы мен басшы болған жағдайда, куәлік еткенде, көршілік қатынаста, мұрагерлік жағдайда және имам мен жамағат арасында әділдік ету парыз екен.

Демек, Ислам діні адамды тек қана туралыққа тәрбиелейтін дін екенін бір ғана әділдік қағидаттарынан біле аламыз. Алла Тағала бізді барлық жағдайда да әділ болуды нәсіп етсін!!!

 Наурыз  ҰБАЕВ

  теолог

Бөлісу: