26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Құранның ең ұлық аяты

Құранның ең ұлық аяты

Мақалалар
Жарнама

«Бақара» сүресінің 255-аяты Аятүл күрси қасиетті Құранның ішіндегі ең құнды аят болып табылады. Оны тұрақты оқыған адам Жаратушының разылығына бөленіп, шайтанның уәсуәсасынан қорғануға, көптеген жақсылықтарға бөленуіне септігін тигізеді.

Оқырман назарына Аятүл күрсидің қасиеті жайлы Пайғамбарымыз ﷺ айтқан хадистерді ұсынамыз.

  1. Убайй ибн Кааб (р.а.) жеткізуімен: «Бірде Алла Елшісі ﷺ менен: «Ей Әбу Мунзир, Алланың кітабында қай аяттың ең ұлы екенін білесің бе?» - деп сұрады. Мен «(Бір) Алла, Одан басқа құдай жоқ. Ол – Хай (мәңгі тірі), Қаюум (еш нәрсеге арқа сүйемей күллі болмысты бір Өзі тіреп, меңгеріп тұрушы)» (Аятүл күрси) аятын оқыдым. Болған соң Алла Елшісі ﷺ менің кеудеме қолын қойып: «Ілімің саған құт болсын, ей Әбу Мунзир!» - деді.» (Имам Муслим)
  2. Әбу Хұрайраның (р.а.) жеткізуінен Пайғамбарымыз ﷺ «Шын мәнісінде барлық нәрсенің шыңы бар, ал «Бақара» сүресі – Құранның шыңы. Бұл сүреде бір аят бар, ол аят Құрандағы барлық аяттардың мырзасы – Аятүл күрси». (имам Тирмизи, әл-Хаким)
  3. Әнастан (р.а.) жеткен хадисте: «Аятүл күрси қасиетті Құранның төртте біріне тең» делінеді. (имам Ахмад)
  4. Алла Елшісі ﷺ былай дейді: «Кімде-кім парыз намаздан кейін Аятүл күрсиді оқитын болса, онда келесі намаз уақытына дейін Алланың қорғауында болады». (Тәбәрани)
  5. Әбу Үмәма (р.а.) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз ﷺ былай дейді: «Әрбір парыз намаздан кейін Аятүл күрсиді тұрақты оқитын кісіге жұмаққа кіруге өлімнен басқа ешбір кедергі жоқ». (имам Тәбәрани, Насаи, ибн Хиббан)
  6. Фатима (р.а.) анамыздың жеткізуі бойынша Пайғамбарымыз ﷺ Фатиманың босанар уақыты жақындағанда Үммү Сәләмә мен Зейнеп бинт Жахшты (Алла олардан разы болсын) шақыртып, оларға Фатиманың жанында Аятүл күрси мен «Ағраф» сүресінің 54-аятын және «Фәлақ», «Нас» сүреслерін оқуын айтады. (Ибн Ас-Сунни)
  7. Убай ибн Кааб (р.а.) бірде құрма қоры азайғанын байқап, түнде оны күзетуге тұрады. Сонда бір жас жігітті көріп амандасады. Одан: «Кімсің, адамбысың, жынбысың?» - деп сұрайды. Ол «жынмын» деп жауап береді. «Онда қолыңды соз», - дейді Убай ибн Кааб. Ол қолын созады. Сөйтсе оның қолы иттің аяғына ұқсас екен. Сонда Убай: «Жындардың жаратылысы осындай ма?» - деп сұрайды. Сонда ол: «барлық жын біледі, олардың ішінде менен әлдісі жоқ», - дейді.

       – Не үшін келдің?

       – Сенің садақа беруді сүйетінің жайлы естідік, сол үшін шамалы азық алсам деп келдім.

       – Бізді сендерден не қорғайды?

       – «Бақара» сүресіндегі Аятүл күрси қорғайды. Кімде-кім таңертең сол аятты оқыса, кешке дейін, кім кешкісін оқыса, ол таңға дейін бізден қорғалған болады.

Таң атқанда Убай ибн Кааб (р.а.) Алланың Елшісіне ﷺ келіп болған жайды баяндайды. Сонда Пайғамбарымыз ﷺ: «Ол шындықты айтқан екен», - депті. (Имам Тәбәрани, Насаи)

Сондай-ақ Әли ибн Әбу Талиб (р.а.): «Исламды қабылдаған ақыл-есі бар мен көрген адамның бәрі Аятүл күрсиді оқымай ұйықтамайды», - дейді. 

Дайындаған Индира Жұмабекқызы

 

Бөлісу: