Бұл сұраққа екі-үш ауыз сөзбен жауап беру қиянат болады. Ашып түсіндірсе, пайдалы болады.
Өмірдің мәні мынадай деп, әдемі сөздер айтқанмен, ешкім сол формуламен өмір сүрмейді. Өмірдің мәні отбасы, бала-шаға, бақытты сәттер, сыйластық деуі мүмкін, бірақ оның бәрі негізгі жауап емес. Оның бәрі өмірдің мәнін тапқан адамның бастан кешетін салдары (побочный эффект) ғана. Құранда «...адамды құлшылық үшін жараттым...; ...кім жақсы амал істейді екен деп өмір мен өлімді жараттым...» деп Зарият пен Мүлік сүресінде келеді. Бірақ оны терең түсіне алмаймыз. Себебі өмірдің мәні – құлшылық десек, қатырып құлшылық істемейміз. Жақсы амал істеу – өмірдің мәні десек, қаншалықты жақсы амал істеп жүрміз? Онда өмірдің мәні неде?
Мен үшін өмірдің мәні мынау: Адам баласы – Алланың Жерге жіберген өкілі. Жерде өмір сүріп, Оның жазып кеткен үш кітабын танысын (әлем, Құран, адам), сол арқылы Мені (Алланы) танысын дейді. Әлем мен адамның күрделі әрі мінсіз жаратылыс екенін көріп, оған қоса Құранды оқып, Алланы танимыз, таңғаламыз, мойындаймыз. Оны танығанда әрбір әрекетіміз құлшылыққа айналады. Тамақ жеудегі, ұйықтаудағы, спортпен айналысқандағы, т.б. ниетің – ғибадат пен жақсы амал жасауға күш жинау – құлшылыққа айналады. Бұған дейін бес уақыт намазды ғана құлшылық десең, енді 24 сағатың құлшылыққа айналады. Тіпті некелі әйеліңмен қосылуың да құлшылық боп кетеді.
Бір жерде өзеннің көпірі құлап, адамдар арғы бетке қатынай алмаса, онда Алла Тағала құдіретімен көпірді жоқтан жасап, тұрғыза салмайды. Оны Ұлы Рахманның өкілі адам баласы жасайды. Адам сол көпірді тұрғызуға ниет етсе болды, Алла Тағала қалғанын жеңіл етіп қояды. Құрылыс материалы да, құрылысшылар да, техника да, қажетті адам да табыла кетеді. Міне, сонда Ұлы Рахимның «Бол!» деген әмірі жүзеге асып, көпір сәтімен қаланады. Бұл көпір – соған ниет еткен адамның құлшылығына айналды. Енді үстінен адам өткен сайын, соңынан үзілмей сауабы да барып тұрады. Әр амал осындай.
Ал енді сұрақ: онда неге басымызға қиындық келеді? Оның екі мақсаты бар: біріншісі, адамды тазалау үшін. Біздің қаншама күнәміз бар. Оны өзіміз дұрыстап тазаламаймыз. Тәубеміз өтірік. Тәубеміздің өзіне тәубе ету керек. Сосын, амал жоқ, қиындықтар келіп соны тазалайды. Екіншісі, адамды тәрбиелеу үшін. Алла Раббы адамды ең көркем түрде тәрбиелейді. Мысалы, бойыңда тізгінделмеген ашу болса, соны көрсету үшін, ашуланатын ситуацияға түсіре береді. Қашан ашуыңды тізгіндеп, ақылға жеңдіруге үйренгенде, ондай ситуация да тоқтайды.
Мақтаншақсың ба, онда мақтанған сәтте бір мейірім шапалағын салып жібереді. Мысалы, түп-түзу жерде келе жатып, шалқаңнан тайып құлайсың. Қашан оны түсінгеніңше, сабақ алғаныңша, мақтануды доғарғаныңша, құлай бересің, жығыла бересің, таяқ жей бересің.
материал «Жүрек сырлары» кітабынан алынды,
ummet.kz