26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Құран мен ғылым арасындағы байланыстың тарихи дамуы

Құран мен ғылым арасындағы байланыстың тарихи дамуы

Ислам тарихы

Қасиетті Құран – һидаят пен мұғжиза кітабы. Құраннан асқан адамға үндеу жасап, тура жол көрсететін кітап бұл әлемде жоқ. Тек діни емес, дүнияуи мәселелерде де адамзат баласы үшін ақиқаттың туы бола алады. Сонымен қатар Құранның көптеген аяттарында табиғи, әлеуметтік, адами, медициналық және географиялық фактілерге сілтеме жасап, олардың жаратылысына, қызметіне жанама мәлімет береді.

Десек те, Құранның негізгі мақсаты осы ғаламға қатысты ғылыми мәселелерді адамдарға түсіндіру немесе тек ғылыми зерттеулер арқылы білуге болатын жаратылыстардың ақиқатын ашу емес. Құран бұндай егжей-тегжейлі зерттеу мен тексеруді талап ететін мәселелерді адам санасы мен тәжірибесіне және теориялар мен гипотезаларға қалдырады. Құрандағы түсінік бойынша осынау ұлы кітап адамзат баласының игілігі үшін жаратылған. Аяттарда келгеніндей «Адамдарды тура жолға сілтеуші» (Бақара, 185).

Адам Құран үшін емес, Құран адам үшін жаратылғандығын осы мағынадағы аяттардан түсінуге болады. Құранның нысанасы адам болғандықтан, адам өмірінің тұтастығына қатысты мәліметтерді өз стилінде зерттеп, шешуге тырысады. Сонау жетінші ғасыр, Құран түсірілген кезеңдегі адамдар мен қазіргі уақыттағы адамдардың барлығы еш өзгеріске ұшырамаған бір құндылықты, бір идеяны ұстана алулары үшін осы екі аралықта өмір сүрген барлық адамның сұранысын бірдей дәрежеде қанағаттандыру керек. Құранның мұғжизалығы да осында. Сонау заманнан бері әлі күнге дейін туындаған сұрақтарға жауап беріп, кей мәселелердің шешімін бізге үйретіп келеді. Бұл ақыретке дейін солай жалғаспақ. Ал осындай шешімдердің, құндылықтардың, заңдар мен тыйымдардың жинағын «дін» деп атаймыз.

Құран адамдарға уахиден кейінгі кезеңде адамдар шығарған және ғылымның әртүрлі салаларына жататын терминдер мен ұғымдар арқылы емес, өз мақсатына қызмет ететін тілмен, яғни «дін» тілімен үн қатады. Құран түскен кезде араб әдебиеті мен поэзиясының шарықтау шегіне жетіп тұрған сәті еді, көптеген түрлі ұғымдар мен терминдер ақындар арасында тарап, өте кең қолданысқа ие болатын. Бірақ бұл терминдер мен ұғымдар Құранда кездеспеді. Осы арқылы Құран бір ақынның, жазушының жазған кітабы емес, иләһи уахи екендігіне көз жеткіземіз. Міне, осы секілді Құран түскеннен кейін пайда болған түрлі ғылымдардың ұғымдары мен терминдерін Құраннан іздеу бекер. Құран фиқһ терминдерін қамтитын «фиқһ» кітабы емес, ол теологиялық терминдерді қамтитын «кәлам» кітабы емес, сопылық терминдерді қамтитын «сопылық» кітап емес. Керісінше, кейінгі ғалымдар Құраннан көптеген сөздердің мағыналары мен жаңа терминдерді үйренген. Бұл да бір Құранның мұғжиза екендігіне үлкен дәлел.

Құран – Ислам дінінің кітабы және ол қолданатын тіл – дін тілі. Адам өмірінің әр саласына қатысты барлық ақпаратты осы тілде берген. Демек, Құран фиқһ, теология немесе тарих кітабы емес. Бұл астрономия, медицина немесе геометрия кітабы емес, ғылымдар энциклопедиясы емес. Ақындардың өлең жолдары емес. Егер Құран адамдар арасында дау туғызып отырған табиғаттың тылсым сырларын өлең жолдарымен ашуға талпынған болса, шын мақсатына жетуі мүмкін болмас еді. Құран адам баласының санасын түзеп, тура жолға салу үшін түсірілген. Оның негізгі әрі жалғыз мақсаты да осы. Құранда тарих, фиқһ, теология, мистика, астрономия, медицина, география, денсаулық, экономика, психология, әлеуметтану т.с.с. әртүрлі ғылымдарға сілтемелер бар. Осының арқасында түрлі ғылым салаларына қатысты мәліметтерді табуға болады.

Құран бұл мәліметтердің барлығын өзінің түсу мақсатын жүзеге асыру үшін береді. Сондай-ақ бұл ақпараттың барлығы осы ғылым салаларындағы адамдар ойлап тапқан терминдермен емес, дін тілінде берілген. Құранда алдыңғы қауымдар мен кейінгі адамдардың білімі бар. Бірақ біз ол жерден өз заманымызға қатысты мәліметтер мен ақпараттарды, үкімдерді ала аламыз. Ал адам ойының жемісімен жазылған кітаптарда ондай қасиет жоқ. Алланың кітабын ол жазбалармен салыстыруға болмайды. Олай жасау күпірлік болып саналады. Құранның стилі, әдісі, аяттарының орналасу реті, адам тарапынан емес, Құдай тарапынан бекітілген. Сондай-ақ Құрандағы барлық аяттар өзінің табиғатына, маңыздылығына және құндылығына қарай орналасқандығын айта кетуді жөн көрдік.

«Таухид, пайғамбарлық, қайта тірілу, құлдық, мәңгілік бақытқа жету, азаптан құтылу, Алланың ғаламдағы амалдары, Алланың шеберлігін таныту, көркем есімдері мен сипаттарының көріністері, бірлігі мен ұлылығын білдіретін жүйелер мен салалар» осындай ретпен жалғаса береді. Алла аяттарға тамаша тәртіп пен үйлесімділік берген. Майда тіркестер мен сөздерді қолданбаған. Белгілі бір кезеңдерде пайда болатын ғылыми жаңалықтар да маңыздылығы мен құндылығына қарай жанама немесе тікелей формада Құранда қамтылған.

Құранда барлық мәселе әртүрлі дәрежеде, әртүрлі болмыстарда әлеуметтік қағидалар мен қоғамдық заңдар формасында кездеседі. Дегенмен түрлі дәрежеде берілген бұл ақпараттарды Құран оқыған кез келген адам бірдей деңгейде түсіне алмайды. Оның ашық түрде берген ақпараттарын барлық деңгейдегі адамдар түсінсе, жасырын әрі терең мән-мағынадағы мәліметтерді түсінуге қабілеті жететін шынайы ғалымдар ғана түсінеді. Оның мысалы базардағы ұсталар мен антикварлық диллерлер іспетті. Ұста бір затты тек салмағымен бағалайды. Ал антикварлық диллерлер арасында дәл сол зат баға жетпес құндылыққа ие болуы әбден мүмкін. Демек, Құрандағы кейбір білімді тек зерделеу, ой жүгірту, еңбектену, шабыттану арқылы ғана алуға болады екен.

Құрандағы барлық мәліметтер білім немесе ақпарат үшін емес, Жаратушыны тану және ұлықтау үшін берілген. Яғни Құранды ұстанған адам Құдайды тану мен табуға ұмтылған адам. Құранның бірінші міндеті – оқып отырған адамды да, барлық ғаламды да жаратушы әрі иесі Алла Тағаламен таныстыру, оған қалай құлшылық ету керектігін үйрету. Әрбір адамның жеке тұлғалық, отбасылық және қоғамдық өмірін ұйымдастыру. Осылайша мына әлемге гормония орнату. Адамзат баласын бақытқа жетелеу.

Құран – Ақырзаманға дейін пайда болатын, адам баласы айналысатын ғылымдардың ешқайсысын назардан тыс қалдырмай, әр салаға белгісін қалдырып, ақыл-парасатқа қол жеткізе білген адамдарды жігерлендіреді. Құран аяттары мен ғылыми-технологиялық жаңалықтар арасындағы байланыс кеше ғана пайда болған мәселе емес. Бұндай нәрселерді Құран жаңа түсірілген кезеңдерде де кездестіруге болады. Құран түскен кезеңінен кейін әр дәуірдің адамдары осы Құран аяттарын өздері өмір сүрген дәуір мен ортаның жағдайына қарай және сол кезде қол жеткізген ғылыми-технологиялық даму деңгейіне сәйкес түсіндіріп отырды.

материал «Құрандағы технологияға қатысты ишаралар» кітабынан алынды,

ummet.kz


Бөлісу: