26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Мұнафықты қалай танимыз?

Мұнафықты қалай танимыз?

Мақалалар
Жарнама

Мұнафық деп сырт көзге сөзімен немесе ісімен мұсылман болып көрінетін (іштей кәпір) екіжүзді адамды атайды. Мұнафықтар (бұдан әрі – екіжүзді) ислам тарихында әуелден болған.

Олар тілімен иман келтіреді, бірақ жүректері Алланы жоққа шығарады. Қатардан қалмай барлығымен бірге намаз оқып, ораза ұстайды, қажылыққа да барады, алайда іштей мұсылмандарды жек көреді, Алла Тағаланы мойындамайды. Алла сақтасын!

Құран Кәрімде екіжүзділер туралы: «(Ей, мұсылмандар!) Сендер мұнафықтар жөнінен неге екі ұдай боласыңдар? Алла оларды қылықтары себебінен кері кетірді. Алла адастырған адамды дұрыс жолға салмақсыңдар ма? Біреуді Алла адастырса, оған ешқашан дұрыс жол тауып бере алмайсыңдар. Олар, өздері қарсы болғандай сендердің де қарсы болып, бірдей болуларыңды қалады. Ендеше оларды Алла жолында босқанға дейін, дос тұтпаңдар. ... Сондай-ақ оларды не дос не көмекші тұтпаңдар»[i], - деп келтіріледі.

Құран Кәрімде Алла Тағала екіжүзділер қандай болатынын сипаттайды. Сондай-ақ, олардың қатты азаппен азапталатындары ескертіледі: «Негізінен мұнафықтар (екіжүзділер) тозақтың ең төмеңгі қабатында болады. Әрі оларға ешбір жәрдемші таба алмайсың»[ii].  Екіжүзділер туралы Құранда көрсетілген негізгі деген 4 сипат бар. Сол сипаттарына жеке-жеке тоқталып өтсек:

Жүректерінде дерт бар

Екіжүзділердің жүректеріне дерт кірген. Ол дерт адам денесіндегі болатын кәдімгі жарақат емес. Ол дерт – рухани (діни) ауру. Екіжүзділер тура жолға түсе алмағандары үшін мұсылмандарға қызғананышпен қарайды. Мұсылмандардың ақыреттегі қол жеткізетін жетістіктерін іштарлықтары себебінен қабылдай алмайды. Бұл жайында Құран Кәрімде: «Адамдардың кейбіреулері, екіжүзді (мұнафықтар): «Аллаға, ақырет күніне сендік» дейді. Бірақ олар сенбейді. Олар (өздерінше) Алланы және иман келтіргендерді алдайды. Бірақ олар өздерін ғана алдағандарын сезбейді. Олардың жүректерінде дерт бар. (Күншілдік дерті). Сонда Алла олардың дертін арттыра түсті. (Мұсылмандар дамыған сайын күншілдіктері қоза түсті). Сондай-ақ оларға өтіріктерінің салдарынан күйзелтуші азап бар»[iii], - делінген. Ибн Ғаббас, Сағид ибн Жубәйр және Икрима (Алла олардан разы болсын) сияқты сахабалар жоғарыдағы аяттағы «дерт» сөзінің түпкі мағынасы күмән келтіруді меңзейтінін айтқан. Тағы басқа тәпсірлерде «дерт» сөзі рияшылдық, екіжүзділікті білдіретіндігі келтіріледі.

Жер бетінде бұзақылық қылады

«Оларға: «Жер жүзінде бұзақылық қылмаңдар!»,- делінсе, олар: «Біздер түзеуші ғанамыз» дейді. Сақ болыңдар! Шын мәнінде олардың өздері бұзақы, алайда олар түсінбейді»[iv]. Осы аятқа байланысты Ибн Жәрир: «Екіжүзділер күнә жасап, Алла Тағала тыйым салған істерді істеу арқылы Аллаға қарсы шығады. Парыз амалдарды орындамайды, дінге күмән келтіреді. Алланы, Оның Елшісін (с.ғ.с.), Алланың жіберген Кітаптарын, Елшілерін өтірікке шығарады. Сол арқылы жер бетінде бұзақылық қылады»[v], - деген.

Ақымақтық һәм ақылсыздық

Олар өздерінің надандығы, пікір жасап терең ойламағандығы, жақсы мен жаманды ажырата алмағандығы себебінен ақымақтық танытты. Сахабаларға ақылсыз деп кінә артып, өздерінің нағыз ақымақ екендіктерін мойындамады. Алла Тағала бұл туралы: «Егер оларға: «Адамдар иман келтіргендей иман келтіріңдер!», – делінсе, олар: «Ақылсыздарша иман келтірейік пе?»,- дер. Байқаңдар! Шын мәнінде олардың өздері ақымақ. Бірақ олар білмейді»[vii], - деп, екіжүзділердің бетпердесін ашты. Расында, айқын, анық дәлелдерді көрмеу, немесе көріп тұрып оны мойындамау, нағыз ақымақтық.

Келісім-шарт бұзу, уәдеде тұрмау

«Тағы олардан біреулер: «Егер Алла, бізге өз кеңшілігінен мал берсе, әрине садақа беріп, игілерден болар едік» деп Аллаға серт берді. Сонда Алла оған өз ілтипатымен берген кезде, Оның бергеніне сараңдық қылды. Сөзінен айныды. Олар негізінен жалтақойлар. Енді Аллаға берген уәделеріне қарсы келіп, өтірік айтқандары үшін Алла өзіне жолығатын күнге дейін олардың жүректеріне екі беткейлік (екіжүзділік) салып, қояды»[viii]. Осы аятқа қатысты тәпсіршілердің айтуынша, Сағләбә ибн Хатиб деген ансарлықтың Аллаға серт беріп, кейін оны орындамағаннан кейін жоғарыдағы аят түседі. Тағы басқа хабарларда, бұл аяттың түсуіне Мұғаттиб ибн Қушайр мен Сағләбә ибн Хатиб екеуінің уәделерінде тұрмағандықтары себебінен аталмыш аят жіберіледі. Олардың берген серттері: «Егер Алла бізді ризықтандырса, міндетті түрде садақа берушілерден болатын едік», - деген[ix].

Құранда көрсетілген екіжүзділердің сипаттары туралы аяттардан басқа, Алла Елшісінің де (с.ғ.с.) сақтандыратын хадистері бар. Солардың бірінде: «Мұнафықтың үш белгісі бар: Сөйлеген кезде өтірік айтады, уәдесінде тұрмайды, аманатқа қиянат етеді»[x], - деп айтылады.

Берікбол ЖАНАҚ


[i] «Ниса» сүресі, 88-89 аяттар.

[ii] «Ниса» сүресі, 145-аят.

[iii] «Бақара» сүресі, 8-10 аяттар.

[iv] «Бақар» сүресі, 11-12 аяттар.

[v] Ибн Кәсир тәпсірінен.

[vi] Ибн Кәсир тәпсірінен.

[vii] «Бақара» сүресі, 13-аят.

[viii] «Тәубә» сүресі, 75-77 аяттар.

[ix] Табари тәпсірінен.

[x] Бұхари, Мүслим.

Бөлісу: