25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Адамжүсіп қалай Мәшһүр Жүсіп атанды?

Адамжүсіп қалай Мәшһүр Жүсіп атанды?

Ислам жұлдыздары

Мәшһүр Жүсіп сегіз жасқа дейін Төртуыл халфе, Дүржанбай молда, Бибі молдалардың алдын көреді. Осы екі-үш жылдың ішінде көрген түрлі бейнетке қажымай, өз қатарындағы балалардың алды болады. Сегізден тоғыз жасқа қараған уақытында оған Қамар хазірет кездеседі. 

Бұл жерде де Көпей қарттың жанкештілігін ерекше атап айтпай болмайды. Әкесі қайда білім бар десе, Мәшһүрді сонда жетектеп апарып отырған ғой. Қамар хазірет кезінде Бұхарада білім алған адам екен. Омбыда облыстық ахун болып тұрған жерінен дуанбасы Мұса Шорманов Омбы губернаторларынан: “Біздің Баянаула халқында дін жолын, дін ғылымын үйрететұғын жақсы ғалым жоқ” деп сұратып жүріп, Баянауылға әкелген молдасы екен. Ол мұнда келгенде Мәшһүр Жүсіп бар жоғы сегіз жаста болыпты. Қамар қазірет алғаш келген жылы бала жинап үлгермей, медреседе бала оқытпайды. Ал білімді баласына жердің түбінде болса да алып беруге белді бекем буған Көпей сопы мәз болып: “Қамар хазіреттей молданы Құдай қайдан қолға берсін” – деп көктен тілегені жерден табылып, Мәшһүрді соның алдына апарып отырғызады. 

Жүсіпұлы Жолмұраттың әңгімелеуінше, Мәшһүр Жүсіп енді оқуға да, оқытушыға да жариды. “Тұнып жатқан бұлақтың көзі ашылып, ататұғын мезгілі жетті. Мәшһүрдің ұғымды, ұқыпты, құлықты, өткір зейін, тапқыр ойының арқасында хазіретке сондай жағымды болып, хазірет өз баласынан кем көрмейтін болады. Мәшһүр де өз әке-шешесінен артық сыйлайтын болып, екеуінің ықыласы, махаббаты сондай тәтті болғандықтан, бұрын көрмеген, білмеген адамдар “хазіреттің өз баласы екен” деп ойлайтын болған”. 

Мәшһүр Жүсіп сегіз жасында дін білімін ғана емес, “Қозы Көрпеш Баян сұлу”, “Ер Тарғын”, “Төрт жігіттің өлеңі” секілді  қисса дастандарды да жатқа соғады. Айналадағы жұртшылық: “Көпейдің бір баласы – сайрап тұрған бұлбұл. Сөйлеген сөзі, айтқан өлеңі кісінің мейірін, құлағының құрышын қандырады. Ағып тұрған бұлақ, жанып тұрған шырақ” деседі. 

Бірде хазіреттің үйіне түсіп, сәлем беріп, қонақ болған аға сұлтан Шорманның Мұсасы да атына қанық Жүсіпті тыңдап көрмек болады. Сөзге шешен, тілге ұста кіп-кішкентай Жүсіптің өнеріне сүйсінбеген жан қалмайды.  Сол мәжілісте Мәшһүрдің әкесі Көпей де болыпты. Ол кісі жылы жүзді, жұмсақ сөзді, таза құлықты болғандықтан, уақытындағы қариялар ол кісіні “сопы” деп айтысады екен. Мұса дуанбасы Көпейге “Сопы, мына балаңа мұнан былай үкі тақтырып қойыңыз. Көз-тілге шет болмасын! Бұл өз заманында халыққа Мәшһүр болатын бала екен!” – деп жылы лебіз білдіріпті. Шорманның Мұсасының аузы дуалы боп шықты. Халық бар-жоғы 8 жасынан “Мәшһүр Жүсіп” атай бастады. Және сол кезден бастап тақиясынан үкісін тастамапты. Оның неге тағатынын сұрағандарға: Үкі неге тағады, білесің бе? Жүйрік атқа тағады, қыран құсқа тағады, сұлу қызға тағады. Мені өзің солардың біреуінен кем деп отырсың ба?– дейтін көрінеді. Расымен де, білетіндер заманында Мәшһүр Жүсіп сұлу сөздің иесі, жігіттің қыраны болды деседі. 

материал «Тұлғалар өміріндегі Ислам» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: