25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Суды тыныштандырған имам

Суды тыныштандырған имам

Ислам жұлдыздары

Алла тағала Кавказдан Шәміл атты арыстандай ұлды туғызды. Кеудесін соққан ұлы державаны Шәміл ширек ғасыр бойы бір қадам да алға бастырмай ұстап тұрды. Ресей патшалығы қолынан келгенді жасап бақты, бар әскерін Кавказға жұмылдырды. Бірақ  бәрібір олар Имам Шәмілдің асқақ рухын жеңе алмаған еді.

Аты аңызға айналған Имам Шәміл 1797 жылы Дағыстанға қарасты Гимри аймағында авар отбасында дүниеге келген. Әкесі Денгау Мұхаммед текті жерден шыққан. Шәмілге дүние есігін ашқанында «Әли» атты есім беріліпті. Нәресте ауыра бергеннен кейін «Атақты сахабаның аты кішкентай балаға ауыр тиді ме?» деп атасы «Шәміл» атай бастайды.

Анасы Шәмілді жастайынан Құранмен дос етті. Онға келгенінде әкесі оны көрші Ғази-Мұхаммедтен шариғат ілімін үйренуге жібереді. Шәміл мен Ғази-Мұхаммед егіз қозыдай, ағалы-інілі боп бірге өсті, дін білімін Қажымұхаммедтен, Саид әл-Хараканиден бірге үйренді.

Шәміл тақуалық өмірге жастайынан бет бұрды, Алланың разылығын бәрінен жоғары қойды. 1829 жылы Гимри тойтарысы кезінде қатты жарақат алған батырдың көкірегінен кіріп, арқасынан бірақ шыққан найза өкпе-бауырына едәуір зиян келтіреді. Сондай-ақ, қабырғасы мен қолы сынады. Хирург қайын атасы оған медициналық көмек көрсетіп, алты ай бойы емдейді. Соның нәтижесінде Шәміл ақырын-ақырын өз-өзіне келе бастайды. Жарақат алған күннен ес-түссіз жатқан жауынгер 25-ші күні есін жиып, көзін ашқанда бас жағында тұрған анасын көреді. Оған айтқан ең бірінші сөзі де: «Анашым! Намаздың уақыты шығып кетпеді ме?» болған екен! Құлшылық жолындағы не деген жанкештілік!

Шәміл анасын қуантуды да әрдайым алдыңғы орынға қоятын. Оған разы болған анасы: «Я, Аллам! Ұлымды адамдардың арасындағы ең абзалы ет, дәрежесін жоғарылат!» – деп жиі Аллаға дұға етіп отырады екен. Кейінірек Шәміл анасының сол сөздерін есіне алып: «Алла тағала анамның сол тілегін қабыл алған екен ғой», – дейді екен үнемі.

Ел тынышталып, соғыс біткеннен кейін Имам Шәмілдің бар арманы қасиетті мекен Мекке-Мәдинаға сапар шегу болды. Осы арманның жолында ол 1869 жылдың 19 мамырында Осман империясына, яғни Ыстамбұлға келіп жетеді. Оны түріктер ерекше құрметпен қарсы алды. Сұлтан Имамды қатты құшақтап, қолын қысып тұрып: «Әкем Әбдуләзиз сұлтан тіріліп келсе де дәл бұлай қуанбаспын. Сіздің қолыңызды ұстап тұруымның өзі мен үшін үлкен дәреже», – деді. Ал Шәміл болса: «Ал біз осы қолды Кавказда ширек ғасыр күттік қой», – деген еді, Түркияның көмекке келмегенін меңзеп. Тек тұрмастың кейпімен: “Шәміл, сонша соғыстан сен қалай аман қалдың? Әлде өзің соғыспай, мүридтеріңді ғана жіберіп отырдың ба?” – деген сұлтанға, батыр денесін шешіп көрсетеді. Оның жараланбаған жері жоқ еді. Жылап жіберген сұлтан, тәжін шешіп “Бұл орынға мен емес, сіз лайықтысыз” деген екен. Батыр Түркиядан Каирге сапар шегіп, Исмаил пашамен кездесті. Мысыр мен Осман империясының достасуына себепші болды. Ал 1869 жылдың 17 қарашасында тарихи оқиғаның куәсі болып, Суэц каналының ашылуына қатысты. Ол кезден жеткен мәліметтер бойынша, сол күні кезінде перғауын батқан теңіз буырқанып жатты дейді. Сонда Шәміл қағазға бірдеңе жазып, суға лақтырғанда теңіз тынышталып қалған көрінеді.

материал «Тұлғалар өміріндегі Ислам» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: