25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

«Ясин» сүресін тыңдаған күйі өмірден өткен уағызшы

«Ясин» сүресін тыңдаған күйі өмірден өткен уағызшы

Ислам жұлдыздары

Өткен ХХ ғасырда дүниеге келіп, бар өмірін Исламды қорғауға, адамдарды дінге шақыруға арнаған Ахмет Дидаттың ғибратқа толы ғұмыры біздерге қай жағынан алсақ та үлгі. Оны мұсылман әлемі ғана емес, христиандар да жақсы таниды, біледі, тіпті қорқады.

Ахмет Дидат 1918 жылы 1 шілдеде Үндістанның Гуджарат штатындағы Тадкешвар қаласында дүниеге келген. Кейінірек әкесі Оңтүстік Африкадағы Дурбан қаласына қоныс аударып, 1927 жылы тамызда 9 жасар Ахмет те оның артынан келеді. Мұнда ағылшын алфавитін бірден үйреніп алған Ахмет мектепке барып, алты айда сыныбындағы ең үздік оқушы атанады. Бірақ алғырлығына қарамастан, жоқшылықтың себебінен 16 жасында оқуын тастап, әкесіне көмектесіп, еңбекке ерте араласады. Ахмет алғаш жұмыс істеген жиһаз дүкені христиан дінінің негіздерін үйрететін Миссии университеттің жанында болатын. Университет студенттері дүкеннің мұсылман қожайынын христиан дініне тарту үшін, дүкенге жиі бас сұғатын. Олар Пайғамбарымыз Мұхаммедті (с.а.у.) “Ислам дінін адамдарға қылыштың күшімен үйретті” деп айыптайды. Осы жағдайды көріп, ашуы келген бозбала Ахмет мұсылман діні мен христиан дінінің негіздерін өз бетімен меңгеруге кіріседі. Уақыт өте сондай христиан миссионерлеріне жоғары дәрежеде жауап бере бастайды. Өйткені ол Інжілді христиандардың өздерінен артық білетін.

Исламды бар жан-тәнімен жақсы көрген Ахмет Дидат айналасындағыларды да осы бір ақиқат дінді тануға барын салып шақырды. Оның кезеңінде қазіргі замануи технологиялар, телекоммуникация мен ғаламтор да болған жоқ. Соған қарамастан, өзінің лекциялары және христиандармен жасаған пікірталастарында Ахмет адамдар санасында небір сілкіністер жасап жатыр еді. Оның бұл саладағы еңбектері әлемнің барлық негізгі тілдеріне аударылды. Нәтижесінде оның лекцияларына мыңдаған адамдар қатысатын болды. Ол Інжілдің қарама-қайшы тұстарын адамдардың алдында қолмен қойғандай, көзбен көргендей талдап бергенде таңғалмаған жан қалмайтын. Оның лекциясын тыңдап, сұрақтарына жауап алғандардың көпшілігі Ислам дінін қабылдап жататын.     

Еш медресе, университетте жүйелі білім алмаса да, өз таным-түсінігі мен еңбекқорлығы арқасында теңдессіз білімге қол жеткізген Ахмет Дидатқа әлемдік атақты 1976 жылы Эр-Риядта өткен әлемдік мұсылман жастары ассоциациясының конференциясы алып келді.

1981 жылы Ахмет Дидат 20 мың адамның алдында дурбандық епископ Хосе Мадауэлмен “Иса айқышқа керілген бе?” деген тақырыпта пікірталас өткізіп, жеңіп шығады. Ал 1985 жылы шілдеде америкалық миссионер, профессор Флойд Кларкпен Иса пайғамбар жөнінде Лондондағы Альбертхоллда пікірталас өткізеді. Бұдан кейін Дания, Марокко, Швеция, Кения, Австралия елдерін аралаған Дидаттың соңынан ергендер өте көп болды. Ол 1986 жылы Джимми Сваггертпен сөз таластырып, Рим папасы    ІІ Ионн Павелді де пікірталасқа шақырған. Ал 1989 жылы Америкада ағылшын шіркеуінің епископы Джеми Стюартпен “Інжіл қасиетті кітап санала ма?” деген тақырыпта пікірталас өткізіп, онда да жүректердегі көп күмәндарды сейілтеді. Ұлы Юсуф әкесін “Сахна арыстаны” деп атаған.    

Дидаттың әр сапары оған көптеген достар сыйлады. Сұрақтарына жауап алған жандар соңынан еріп жатты. Олардың арасынан бір адам Ахмет Дидатпен сөз таластыруды 40 жасында бастапты. Ақыры, қайта-қайта сұрақтарын қойып, ізденіп жүріп, 63 жасында ғана Исламды қабылдапты. Ол мұсылман болғанын сүйіншілеп, Ахметті іздеп келгенде, шейхтың тілден қалып, ауырып жатқанының үстінен түседі.

Ахмет Дидат отты дискуссияларымен ғана емес, жазушылығымен де танылды. Оның 20 шақты кітабы жарық көрді, әлемге миллиондаған данамен таралды. Оның «Інжіл Мұхаммед туралы не дейді?» атты кітабы ең көп оқылған еңбектердің бірі.

Ислам әлеміне сіңірген еңбегі үшін 1986 жылы Дидатты Сауд Арабиясы Фейсал король атындағы сыйлықпен марапаттайды. Солай Ахмет Дидат Исламдағы ең танымал тұлғаға айналды. Тіпті Оңтүстік Африка президенді Нельсон Мандела 1994 жылы Сауд Арабиясына барғанда қайда жүрсе де алдынан Ахмет Дидат туралы сұрақтар шығып, жұрт одан: “Мистер Мандела, сіздің елдегі Ахмет шейхтың жағдайы қалай?” - деп сұрай беріпті.

1996 жылы 3 мамырда Австралияға сапарынан кейін Ахмет Дидат инсульт алып, сал ауруына ұшырайды. Мойнынан төмен қозғалуға келмей, тілден айырылып, өз бетімен тамақ ішуден де қалады. Ғалым өмірінің соңғы 9 жылын төсекке таңылған күйі өткізді. Тек жақындарымен көз арқылы алдына қойылған әріптермен сөздер құрап сөйлесті. Оны жұбайы Хауа 9 жыл бойы қабақ шытпай, жас баладай күтіп-баптады.  

Ғалымның баласы Юсуфтың айтуынша, ғалым 2005 жылы 9 тамызда 87 жасында жүрек талмасынан қайтыс болды. Көз жұмарының алдында Ислам радиосынан “Ясин” сүресін тыңдап жатыпты. Заманының үздік уағызшысы Ахмет Дидаттың жаназасына қатысуға әлемнің түрлі елдерінен жүздеген адам Оңтүстік Африкаға қарай ағылыпты. Оның жаназасын Замбия мүфтиі, мұсылман ғалымы Исмаил Менк шығарды. Қабірі басында ол туралы тек жақсы пікірлер айтылды. Дидаттың көршісі Рехана Бадат оны: “Ол атақты әрі танымал еді. Сонысына қарамастан өте қарапайым болатын. Байлықта балқып-шалқып өмір сүруіне мүмкіндігі болса да, ол көп дүниеден бас тартты, қарабайыр ғана тұрмыс кешті”, - деп еске алады.

Исламды, Пайғамбарымыз Мұхаммедті (с.а.у.) барын салып қорғаған, дінімізге жұққан күйені қаламының ұшымен, шешен тілінің күшімен, сұңғыла ақылымен өшіруге тырысқан Ахмет Дидаттың күреске толы ғұмыры осылай аяқталды. Ал ол төсек тартып, ауырып жатқанда кезінде күл-талқан болып жеңілген христиан әлемінің оған жаппаған жаласы қалмады. Бірі “Ахмет Дидат Құдайдың ұлы мен Қасиетті рухты жоққа шығарғаны үшін жазасын алды, тілінен айырылып, сал болып қалды” десе, енді бірі “Ол лайық жазаланды. Діннен безгендердің соңы солай болады, қарғысқа ұшырайды” деп, христиандарды қорқытып бағуға тырысты. Ал біздер, мұсылмандар Ахмет Дидатқа Аюп пайғамбардың (ғ.с.) сырқаты секілді Алла тарапынан үлкен бір сынақтың келгенін білеміз әрі оған сабыр еткеніне куә болдық...

Алла Ахмет Дидатты кешірсін әрі ақыретте оны мейіріміне бөлесін!  

материал «Әлем таныған мұсылмандар» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: