25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Мәскеу басшыларын дүр сілкінткен Имам әл-Бұхари

Мәскеу басшыларын дүр сілкінткен Имам әл-Бұхари

Ислам жұлдыздары

Ислам әлемінде араб ұлтынан шықпаса да, күллі мұсылман қауымы мойындаған ғалымдар баршылық. Солардың ішінде хадис жинап, әйгілі «Сахих әл-Бұхари» кітабын жинақтап жазып шыққан Имам әл-Бұхаридың орны ерекше. 

Өзбекстанның тарихы тереңнен бастау алатын көне шаһары Самарқанға табанымыз тие салысымен Имам әл-Бұхаридың кесенесінің қайда орналасқаны жайлы сұрастыра бастадық. Байқауымызша, оны білмейтін өзбек жоқ. “Имам әл-Бұхари” дегенде, әсіресе, бізді бастап жүрген гид Шухрат ағаның көздері жайнап кетіп: “Бүгін кештеу келдіңіздер ғой, қонақүйде жақсылап тынығып алыңыздар. Ертең таңда ертерек келейін, сіздерді бірден сонда апарамын. Самарқанмен танысуды сол жерден бастайсыздар”, - деп қуантып тастады. Ертеңіне гидымыз сөзінде тұрды, бізді қонақүйден алып, көлігіне отырғыза сала, Самарқаннан 30 шақырым жерде орналасқан ғалымның сүйегі жатқан Чилик ауылына қарай бастады. Және жолай Имам әл-Бұхари жөнінде ел арасына тараған таңғажайып аңыз-әңгімелерді баяндай жөнелді: “Сіздер қандай қасиетті жерге бара жатқандарыңызды білсеңіздер ғой. Имам әл-Бұхари деген өте мықты ғалым болған. Ол мына өзіміздің Бұхарада дүниеге келген. Кейін Меккеге барып, сол жақтағы арабтардың өзіне сабақ үйреткен. Ал қайтып келген соң Бұхара әмірінің “Мен айтқан адамдарға ғана сабақ үйретесің” дегеніне көнбей, қаладан қуылған. Сосын осы сендер бара жатқан жерге келіп, медресе ашып, өмірінің соңына дейін шәкірт тәрбиелеген. Сіздер қандай қасиетті жерді көретіндеріңізді білсеңіздер ғой!” – деп қайталап қоймады.

Әл-Бұхаридей ғажап тұлғаны білмей не көрініпті?! Біз де қайта-қайта жолбасшымызға білетінімізді айтып, сендірмек болып қоямыз. Қарапайым өзбектің ұлы ғұламаға деген сүйіспеншілігінің шексіздігі ғой, бізге әл-Бұхаридың қадір-қасиетін жақсылап түсіндіргісі келгендей қайтадан әңгімесіне кірісті: “Мен сіздерге мынандай бір қызық оқиғаны баяндап берейін. Имам әл-Бұхари қайтыс болғаннан кейін қабірінен жан-жаққа шұғыласын шашып, нұр шығып тұрыпты. Қабір айналасынан жағымды иіс шығып, топырақтың өзі жұпар аңқыпты. Оны көрген адамдар тәбәрікке деп бір уыс топырақтан үйлеріне тасыған екен. Кейін осылай жалғаса берсе, топырақ қалмас деген оймен шәкірттері қабірді таспен бастырып қойыпты. Сол сәттен бұл қабірді зиярат етіп келушілер өте көп екен. Тек Кеңес үкіметі кезінде ғана мұнда келуге тыйым салынып, бұл жер қоймаға айналады, қараусыз қалады. 1954 жылы Мәскеуге араб елдерінің басшыларының бірі келмекші болады. Алайда ол бірден Мәскеуге келмейтінін, алдымен  Ислам әлемінің мақтанышына айналған тұлға Имам әл-Бұхаридың қабірін зиярат еткісі келетінін айтады. Өздерінде ондай тұлғаның бар екенін де білмейтін Мәскеу басшылары жанталасып іздеп, қараусыз қалған Имам әл-Бұхари кесенесін таптырады. Хрущев келе жатқан қонақты тікелей жол жоқтығын, өздері пойызбен алып баратындықтарын айтып, алдымен Мәскеуге келуге көндіреді. Сол жақтан Самарқанға пойызға отырғызып, 5 күнде алып келеді. Ал өздері ұтқан бес күнде Имам әл-Бұхари кесенесін қалпына келтіргендей реттестіріп қояды. Мәскеу қызыл жағалыларының өздері ертіп келген делегация Имам әл-Бұхари қабіріне қас қарая жетіпті деседі. Басында қадірлі қонақтары ары кетсе 15 минут аялдар деп оймен большевиктер күтіп тұрады. Сөйтсе, ол кісі таңға дейін сол жерде құлшылық етіп, тек күн көтерілгенде шығып, Хрущевтан Имам әл-Бұхаридың сүйегін сұрапты. Қараусыз жатқанын, көңіл бөлінбейтінін қырағы көзі байқап қойса керек. Алайда, Хрущевтің бізге жасаған ең үлкен жақсылығы сол, ғұлама бабамыздың сүйегін бермепті”, - деп жымың етті, жолбасшымыз.

материал «Әлем таныған мұсылмандар» кітабынан алынды,

ummet.kz

 

Бөлісу: