26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Тұңғыш медресе – Дарул-Әрқам

Тұңғыш медресе – Дарул-Әрқам

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Біздің эрамыздың алты жүз он бесінші жылы… Хазіреті Мұхаммедке (с.ғ.с.) пайғамбарлық түскелі бес жыл өткен…

Құрайыш мүшріктері азғындай түскен, мұсылмандарға күн көрсетпейді. Тағдыр тауқыметі талай тура жолдағыларды тықсырғанымен иманның ләззатын татқандар өліспей беріспеуге бекінген. Дегенмен ашық түрде ғибадат жасау мүмкін болмай қалған-ды. Ислам мен иман ақиқаттарын көпшілікке үйретіп, Аллаға емін-еркін құлшылық қылу үшін сенімді орын қажеттігі туды. Алла Расулы (с.ғ.с.) өзі бас болып ғибадатханаға қолайлы жер іздеді. Ақыры кеңесе келіп, Сафа төбесінің шығысында, тар, тұйық көшенің қалтарысында орналасқан Әрқам ибн Әбил Әрқамның үйі таңдалды…

Әрқам – алғашқы мұсылмандардың бірі еді. Оның үйі кіріп-шығуға қолайлы, көзден таса, әрі сырттан келген-кеткендерді бақылауға оңтайлы…

Мұнан былай пайғамбарлар сәруары – Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) осында ұстаз, тұңғыш мұсылмандар – оның тәліміне мойынсұнған шәкірттер. Дарул-Әрқам, яғни Әрқамның үйі аталған құтты мекенде үйренген дәріс тағылымдарын мумин шәкірттер мүмкіндік шеңберінде өзгелерге жеткізіп бақты. Сөйтіп, Дарул-Әрқам пайғамбарымыз ұстаздық еткен тұңғыш медресе, бірінші Ислам университеті ретінде тарихқа алтын әріптермен жазылды.

Хазіреті Омар мұсылман болғанға дейін Алла Елшісі (с.ғ.с.) Ислами тәлімгерлік міндетін осы жерде атқарды. Хазіреті Омар бастаған бірқатар сахабалар осы үйде иман нәрімен сусындау құрметіне ие болды… Дарул-Әрқамды кейіннен Әрқамның әкесі өз ұлына ешқашан сатылмайтын және мұраға қалдырылмайтын мирас ретінде тарту еткен. Ислам тарихында маңызды орны бар қасиетті отау бүгінде Қағбаның қарсысында “Дарул Хайзуран” аталатын діни медресеге берілген.

Материал «Адамзаттың асыл тәжі» кітабынан алынды.

Ummet.kz

Бөлісу: