26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Сафа төбесінен айтылған үндеу

Сафа төбесінен айтылған үндеу

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Исламды уағыздау кең өріс ала түсті. Ашықтан-ашық ақиқатқа үндеу иманды рухтарға қуаныш сыйласа, мүшріктердің қаупін үдете түсті. «Саған бұйырылғанды оларға жеткіз.» (Хижр сүресі, 94-аят) деген Алланың пәрменін алған соң әлемдердің мақтаны – Мұхаммед (с.ғ.с.) саябыр таппады. Алып-ұшқан көңілі жерлестеріне материалдық-рухани бақыттың жолын тезірек көрсетуге асықты…

Алла Расулы меккеліктерге Исламият пен пайғамбарлық жайын қалай түсіндірерін ойланып жүрген. Көп толғанып ақыры Сафа төбесіне шығып жар салғанды жөн көрді. Биіктен халыққа үндеу тастаса, естігендер не екенін білу үшін болса да келері хақ. Өйткені, арабтардың әдеті бойынша біреу сырттан әлдеқалай қауіп сезсе, не болмаса маңызды хабар жариялау керек болса, биік төбеге шығып “Айтарым бар” деп, халықты жинайтын болған. Хазіреті Мұхаммед те (с.ғ.с.) осы үрдісті жөн көріп, меккеліктердің алдында жарияға жар салып, өзінің Алланың соңғы пайғамбары екендігін, Исламның хақ дін екенін айтып, қолдауға шақырды: «Ей, құрайыштар, келіңдер, айтқандарыма құлақ қойыңдар, сендерге арналған маңызды хабарым бар»- деп жұрттың назарын аударды. Ел-жұрт «Бұл кім болды екен? Не айтпағы бар? Жоқ әлде дұшпанның қаупі төнді ме?» деген оймен апыр-топыр, лезде жиналып қалды.

Сафа төбесінің маңына асығып жеткендер үндеушіні бірден таныды. Ол жеті жасар баладан жетпістегі қарияға дейін жақсы таныс Мұхаммедул-Әмин еді… Не тілегі болды екен?! «Ей, Мұхаммед (с.ғ.с.) айтарыңды тезірек айтпасаң, тағатымыз таусылар түрі бар» – деп, көпшілік арасынан шыдамсыздық танытқандар да табылды. Барша халық жиналып, асқан ықыласпен ден қойып, жанарлар өзіне қадалып, айналаны тыныштық билеген сәтте Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) сөз бастады: «Ей, құрайыш қауымы, туған-туыстар! Мен ешқайсыңызға да бөтен емеспін, білесіздер. Не айтсам да сіздердің қамдарыңызды ойлап айтам. Дұшпан әскерінің келе жатқанын көрген шын жанашыр кісі сол қауіптен қорғану үшін жақын-жуығына хабар беруге асығатыны сияқты, мен де аса маңызды мәселені, қайырға бастар бағытты көрсету үшін сіздерді жинадым.

Ей, құрайыштар! Сендерге қазір сонау таудың арғы бетінде жау әскері келіп қалды, біраздан соң тарпа бас салмақшы десем, менің сөзіме сенесіңдер ме?»

Бұған дейін жалған айтпақ түгіл, өтіріктің атынан жиренетінін білгендіктен халық бір ауыздан Мұхаммедул Әмин атанған пайғамбарға: «Әрине, сен айтсаң, сенеміз. Сенің турашылдығың әрқашан бізге өнеге. Жалған атаулыдан бойыңды аулақ салатының баршаға аян. Неге сенбеске?» - деп жауап берді. «Олай болса» деп Хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) құрайыш тайпасының әрбір руын жеке-жеке атап шықты да: «Мен сендерге Алланың әмірін жеткізушімін. Құдіреті күшті Алла Тағала маған Ең алдымен жақын туыстарыңа ақырет азабын ескерт» деп бұйырды. Сендерді «Алла жалғыз, одан басқа тәңір жоқ» деп иманға келуге шақырамын. Мен де оның құлымын әрі елшісімін. Егер айтқандарымды қабылдасаңдар жұмақтың есігі сендерге айқара ашылады. Тағы да қайталап айтамын, Лә иләһә иллаллаh (Алладан басқа тәңір жоқ) деп мойындамасаңдар менің дүниеде де, ақыретте де пайдам тимейді.»

Алланың Елшісінің сөздеріне онсыз да деліқұлы Әбу Ләһабтың зығырданы қайнады. Жерден тас алып: «Тұқымың өспегір, бізді жинағандағы айтпағың осы ма еді?» – деп қолындағысын Пайғамбарымызға қарай лақтырып кеп қалды. Одан басқа тыңдаушылар арасынан ешкім ләм-мим деместен, тек өзара күбірлесіп тарасты… Осы әрекетімен-ақ Әбу Ләһаб Алланың қарғысына ұшырады. Расулуллаға деген наразылығы, өштестігінің сазайын тартты. Алла тарапынан аян болған “Тәббат” сүресінде Әбу Ләһабтың азапты ақыры туралы айтылады: «Әбу Ләһабтың қолдары қурап қалсын… Онсыз да қурады… Мал-мүлкінің, жиған-тергендерінің оған титтей де пайдасы болған жоқ. Ол жалындаған отқа күйетін болады… (Пайғамбарға қарсы шыққан оның) әйелі де (тозаққа) отын тасушы боп бірге түседі. Мойынында есілген арқан байланған күйде…»

Расулуллаға, хақиқатқа наразылық білдірген кім де болса, Алла ақыр соңында өз нұрын тәмамдары хақ… Осыны білгендіктен Мұхаммед (с.ғ.с.) қаншалықты наразылыққа ұшырап, қарсылыққа душар болса да, еш мойымастан алған бағытымен ілгерілей берді.

Материал «Адамзаттың асыл тәжі» кітабынан алынды.

Ummet.kz

Бөлісу: