25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Махмуд дәрежесі қандай дәреже?

Махмуд дәрежесі қандай дәреже?

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Араб тіліндегі «Мақам махмуд» сөзінің мағынасы «мақтаулы дәреже» дегенді білдіреді.

Ақиретте адамдар Пайғамбарымыздың (с.а.с.) шапағатымен есептері тез аяқталып, көп өтпей мәңгілік рақатқа қауышады. Бұған Пайғамбарымыздың (с.а.с.) махмуд дәрежесі себеп болады. Ислам ғұламалары «Түн ортасында оянып, өзіңе тән нәпіл оқы. Раббыңның сені махмуд дәрежесіне жеткізуінен үміт етіледі» («Исра», 79) деген аятта айтылған махмуд дәрежесінің мағынасын «шапағат ету дәрежесі» деп те тәпсірлеген. Бұлайша тәпсірленуінің түп негізі мына хадисіне барып тіреледі. Алла елшісі (с.а.с.) бірде «мақам махмудты» « Менің үмбетіме шапағат ету дәрежем» (Ахмед ибн Ханбал, 2/441, 528) десе, тағы бір хадисінде «Қияметте жұрт тегіс жиналады. Әр үмбет өз пайғамбарынан шапағат сұрайды. Соңында шапағат ету маған қалады. Міне, махмуд дәрежесі осы» (Бұхари, Тәпсір 17/11) деп махмуд дәреженің шапағат ету дәрежесі екенін айтып берген.

Ендеше, Мұхаммед (с.а.с.) үмбетіне ақиретте шапағат етеді. Мұсылман үмбетінің үлкен күнә істегендері Алла елшісінің (с.а.с.) мақтаулы дәрежесінің, шапағатының арқасында кешірілуі үміт етіледі. Сол себепті Пайғамбарымызға (с.а.с.) мақам махмудтың берілуі барша мұсылман үмбетінің қуанышы, сондықтан мұсылман үмбетінің Пайғамбарымызға (с.а.с.) мақам махмуд дәрежесін жетуін тілеуі орынды, тіпті қажет. Әрбір азан оқылғаннан кейін де « уабасһу мақаман махмуданил-ләзи уаадтаһ » (Өзің уәде еткен мақтаулы дәрежені Пайғамбарымызға (с.а.с.) бере көр) деп Аллаға дұға етеді. Жабир ибн Абдулладан жеткен хадисте Пайғамбарымыз (с.а.с.) былай деп өсиет еткен: « Кімде-кім азанның даусын естігенде: «Осы кемшіліксіз шақыру мен толық оқылатын намаздың Раббысы, Алла Тағалам! Мұхаммедке (с.а.с.) уәсилә мен жоғары дәрежені нәсіп ет және оны Өзің уәде еткен мақтаулы орынға жеткіз» деп айтатын болса, ақиретте оған шапағатым тиеді » (Бұхари, Азан, 614) деген.

материал «Пайғамбарымыз жайлы 111 сұрақ» кітабынан алынды,

ummet.kz 


Бөлісу: