25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

Алла Елшісінің (с.а.с.) пайғамбарлық сипаттары

Алла Елшісінің (с.а.с.) пайғамбарлық сипаттары

Пайғамбар (с.ғ.с) тарихы

Ұлы міндетті арқалаған Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.с.) қарапайым адамдардан артық ерекшелігінің болуы заңды да. Бөтеннің дүниесіне көз тігу, өсек пен өтірік айту сияқты жағымсыз қылықтардан ада екендігі айтпаса да түсінікті. Егер Алладан пәрмен келгенге дейін сәл де болса көркем мінезге жат қылық танытқанда, пайғамбар болғаннан кейін адамдарды сондай қылықтан айныту қиынға түсер еді, сондықтан Нәбидің (с.а.с.) көркем мінезімен қоса мынадай пайғамбарлық сипаттары бар:

а) Туралық

Ешқандай қауіп-қатерге қарамастан ақиқаттан айнымауды туралық дейді. Пайғамбарымыздың (с.а.с.) аузынан шыққан әрбір сөз түзу, ешқашан ақиқаттан ауылы алыс әңгімені тілге тиек етпеген. Пайғамбар бойынан жалғандық табылуы әсте мүмкін емес. Алла елшісі (с.а.с.): «Туралықтан айырылмаңдар. Бұл қасиет сендерді жақсылыққа, жақсылық жаннатқа апарады. Кісі бұл жолдан айнымаса, Алланың әмірімен турашылдардың қатарына жазылады», – деп айта отырып, өмір бойы туралығымен үлгі бола алған. Құдай кешірсін, егер өмірінде бір ауыз өтірік сөз айтқанда, аңысын аңдыған дұшпандары әлемге қуана жар салар еді.

ә) Адалдық

Өтірік айту, біреудің ала жібін аттау ұғымдары пайғамбарлыққа жат. Алладан келген уахиға өздігінен бір ауыз сөз қоспай, бір жерін жасырып қалмай дәл сол күйінде жеткізуі де адалдығына үлкен дәлел.

Хунәйн шайқасында түскен олжадан кей кісілерге (Исламға тарту мақсатында) ерекше ілтипат көрсетіп, көбірек үлестіріп бергенде, бұған наразылық танытқан біреу: «Уаллаһи! Бұл олжа бөлісте ешқандай әділдік те, Алланың разылығын ойлау да болған жоқ», – деді. Бұл сөз Пайғамбарымызға (с.а.с.) жеткенде лезде реңі өзгеріп: « Аллаһ пен елшісі әділдік көрсетпесе, кім әділетті болмақ ?» – деп мұңайған еді.

б) Тәблиғ (ақиқатты жеткізу)

Тағы бір қасиеті – тәблиғ міндеті, яғни дінді түсіндіру. Алла елшісінің тәблиғ жасауы қарапайым адамның өз мақсатына жету жолындағы әрекеттеріне мүлде ұқсамайтынын атап өткен жөн .

Бұл жайлы Пайғамбарымызға Құранда былай дейді: «Ей, Расул! Раббыңнан саған түскендерді халыққа жеткіз. Егер іске асырмасаң, онда жүктелген елшілік міндетіңді дұрыс орындамаған боласың. Алла сені адамдардан сақтайды. Күдіксіз, Алла кәпірлерді мақсат-мұратына жеткізбейді» («Мәида» сүресі, 67) .

Яғни, дінді жеткізу жолында жіберген әр кемшілігің – пайғамбарлық міндетіңді орындау барысындағы кемшілік. Бұл сенің жеке өміріңе ғана емес, сонымен қатар, барша адамдардың жеке әрі қоғамдық өміріне зиянын тигізеді. Сенің міндетің – күллі адамзатты жарыққа жетелеп, нұрға бөлеу. Егер орындай алмасаң, онда барлық адамдар қараңғылықтан көз ашпайды.

в) Фәтанат (зеректік)

Пайғамбарымызды адамзаттан оқ бойы озық еткен қасиеттерінің бірі – оның фәтанаты. «Фәтанат» сөзі біздің түсінігімізде «даналық, парасаттылық, зеректік, көрегендік» деген мағынаға саяды. Егер оның мұндай қабілеті болмағанда, халықтың ғасырлар бойы қанына сіңіп қалған әдеттерін жойып, елдің ділін өзгерте алмас еді.

Фәтанат жағынан да оның деңгейіне ешкім жете алмайды. Пұтқа табынушыларды тура жолға шақырғанда: «Мына тастан, ағаштан, топырақтан қандай үміт күтесіңдер?» – деп алдымен адамға ой салып, содан кейін, Алланы түсіндіру, мұғжиза көрсету арқылы өзіне тартып, жан- жүрегін баурап алатын. Мысалы, хазірет Омарды (р.а.) Исламға шақырғанда: «Сен секілді ақылды адамның Исламды әлі қабылдамай жүргені қалай? Сендей адамның тастан, топырақтан және ағаштан бір нәрсе күтіп құрақ ұшқаны ақылға сыймайды», – деген. Әуелі осы сөздерде Омарды дәріптеу байқалады. Алла Расулы алдымен салмақты ой тастап, ерекше ілтипатпен хазіреті Омарды өзіне тартқан. Содан кейін ғажайып мінезімен оның жүрегін баурады. Үшінші кезеңде құлшылықтағы тереңдігімен өзіне үйіріп әкетіп, нәтижесінде түйелерді мойнынан бұрап жерге жығатын Омар Алла елшісінің алдында әдепті баладай тізерлеп, басын төмен салып, құрмет көрсететін жағдайға жетті.

г) Исмәт (күнәсіз)

Құлдарының әлсіздігі мен мұқтаждықтарын білетін Алла Тағала қай дәуірде болмасын күнәға әбден белшесінен батқан қауымды тура жолға бастау үшін пайғамбарлардыжіберіп отырды. Соған лайық, олардың да кез келген күнәдан тазалығы ақылға қонымды да. Елшінің осы бір қасиеті дінімізде «исмәт» деп аталады. Мағынасы пайғамбарлардың үлкенді-кішілі барша күнәлардан таза болуы деген сөз.

Олар күнәнің үлкен-кішісінен толықтай қорғалған. Хазірет Мұхаммед (с.а.с.) ғұмырында екі рет тойға баруға ниет қылған, бірақ екеуінде де Хақ Тағала жолда ұйықтатып, тойдың ойын-сауығын көрсетпеген (Ибн Кәсир, әл- Бидәя, 350-351), өйткені тойға барғанында, көзі харамға еріксіз түсуі мүмкін еді. Бұл кезде оған әлі елшілік жүктелмеген. Осылайша пайғамбарлыққа дейін де еш күнәға жуымаған.

материал «Пайғамбарымыз жайлы 111 сұрақ» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: