Он үш жылға созылған Мекке кезеңі артта қалған. Біреуге аз, енді біреуге ұзақ көрінетін осы уақытты Алла Расулы иманға шақыруға арнап, Исламның көркемдіктерін түсіндірумен болған.
Еңбегі еш кеткен жоқ, мұсылмандар қатары күн санап артып, қомақты күшке айналған. Дегенмен дұшпандар да аз емес еді. Қастандықтың қандай түріне де шыдас беруге белді бекем буған муминдердің жалғыз қаруы – сабыр болатын. Ақиқаттың жолымен жүру, емін-еркін ғибадат ету бақыты олардың маңдайына хижреттен соң бұйырды. Мәдинада ахуал мүлде басқаша-тын. Әнсарлардың жәрдемі арқасында көшіп келгендердің, яғни муһажирлердің халі жақсара түсті. Ең бастысы әркімнің нанымына сай өмір сүруі еді.
Хазіреті Расулалланың муһажир-әнсар бауырластығын ресми түрде жария етуін – мұсылмандардың мызғымас одағының құрылуы деп білген жөн. Бұл бастама Ислам тарихының жаңа бетті іспетті, яки тілдік, ұлттық, таптық, географиялық ерекшеліктеріне қарамастан адамдардың бауырласуы тұңғыш рет жүзеге асқан. Әрине, мұнымен бәрі аяқтала қойды деу қисынсыз. Мәдинада тек мұсылмандар мекендемейтін, иудаизмді ұстанғандар, мүшрік арабтар мен, христиан діні өкілдері де бар-ды. Әсіресе, арабтар мен яһудилер арасындағы бақталастық, бәсеке толастамайтұғын. Меккелік мүшріктердің қаупі де түбегейлі сейілген жоқ-тын. Жердің шалғайлығы дұшпан әскері үшін түкке алғысыз мәселе болғандықтан, кез-келген сәтте шайқас ашуы мүмкін. Осыншалықты шым-шытырықтан шығудың шарасын қарастырған
Пайғамбарымыз қоғамдық тәртіп, нақты құқықтық, әскери, саяси жүйе енгізу қажеттігін түйсінді. Осы мақсатпен хижреттің бірінші жылында-ақ Мәдинаны мекендейтін халықтардың әр тобының өкілдерін Әнес ибн Малик есімді сахабаның үйіне жинады.
Мақсат – кейбір қоғамдық принциптерді нақтылау, бекіту. Пікірталас нәтижесінде қоғамдық тәртіп негіздері қабылданып, жүзеге асырылуға келісілді. Маңызды мәселелер жан-жақты талқыланған соң ру өкілдері тарапынан қол қойылып мақұлданды. Бұл Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.а.у.) басшылығымен қабылданған негізгі принциптерді қамтыған алғашқы Ислам мемлекетінің атазаңы еді. Бұл құжат тек тұңғыш Ислам мемлекетінің ғана емес, бүкіл дүниежүзінде жазбаша реттелген алғашқы атазаң еді. Ата заң бойынша Мәдина халқы наным-сенімінің өзгешелігіне қарамастан басқа жұрттан бөлек топ құрайды. Мұнан соң Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) Мәдинаның маңында тұратын рулармен, әсіресе, меккелік керуендердің Шамға баратын жолындағы ру-тайпалармен ынтымақтасудың, келісім жасаудың жолдарын ойластырды. Сондай-ақ мұсылмандар жергілікті қала халқымен – яһудилермен жақсы қарым-қатынас жасауға мәжбүр болғандықтан, атазаңда олар да ерекше атап көрсетіліп, құқық берілді. Ол бойынша яһудилер де мұсылмандар сияқты жаңа мемлекеттің азаматы деп саналды: «Мұхаммедтің (с.а.у.) көрегенділігін, саяси қырағылығын яһудилерге берілген құқықтан байқаймыз. Атазаңда яһудилердің де мұсылмандар сияқты жаңа мемлекеттің азаматтары екендігі, Ясрибтегі екі тайпаның бір ғана халықты құрайтыны, қылмыстар діни үкімдерге сай жазаландырылатыны, қажет болған жағдайда екі жақтың да (яһудилер мен мұсылмандардың) жаңа мемлекетті қорғауға шақырылатыны, әлдеқалай түсінбестіктер шыға қалса, алдағы уақытта Алла Елшісінің тікелей басшылығымен шешілетіні жазылған болатын.»
Яһудилер мен мұсылмандарға сырттан дұшпан қаупі төнер болса, яһудилер мен мұсылмандар қаланы бірге қорғап, бір-біріне көмекші болады. Алғашқы атазаңның аталмыш баптарын саралай отырып, Алладан кітап түскен яһуди, мұсылман және бірен-саран да болса христиандардың арасындағы бірлікті, кітапсыз, кәламсыз мүшріктерге қарсы одақтастықты көреміз. Мүшрік дінсіздер мен яһуди, христиандар арасындағы ең басты айырмашылық осы заңда тайға таңба басқандай көрсетілді. Алладан кітап түскендер – мұсылмандар мен яһудилер бір қоғам ретінде аталды.
Пайғамбарымыз Мәдина қалалық мемлекетін ішкі, сыртқы жаулардан қорғау мақсатымен жергілікті халық – яһудилермен саяси бірлік жөнінде келісімге келіп қана қоймай, наным-сенім тұрғысынан да ынтымақтастық құруға тырысқан. Алладан хақ кітап түскен халықтарды тәухид сенімінің айналасына топтастырып, Аллаға ортақ қосушыларға қарсы иман күшін құрғысы келген. Сол оймен тек мәдиналықтарды ғана емес, сыртқы елдермен де байланысты өрістеткен. «Али Имран» сүресінің 64-аятында осыған байланысты: «Уа, хақ кітап түскен дін өкілдері (христиандар, яһудилер) арамызда ортақ сөзге келейік: Алладан басқаға ғибадат жасамайық.
Оған ештеңені ортақ қоспайық. Алланы ұмытып, бір-бірімізді тәңір қылмайық. Егер бұны қабылдамаса, оларға былай деп айтыңдар: Куә болыңдар, біз шын мұсылмандармыз» делінеді. Арадан көп уақыт өтпей жатып яһудилер келісімде айтылғандарға теріс әрекет жасап, қыр көрсете бастаған. Мемлекетті қандай жағдайда да көздің қарашығындай қорғау туралы бап сөз күйінде қалған. Мүшріктерден Мәдинаға қатер төнген тұста аяқ астынан өзгеріп шыға келген яһудилер ойларына келгенін істеп, жаңа жүйе енгізбек болып әлек салды.
материал «Адамзаттың асыл тәжі Мұхаммед (с.а.у) пайғамбардың өмірі» кітабынан алынды,
ummet.kz