Бұл хадис имам Бұхари және Мүслим еңбектерінде сахаба Әбу Хурайрадан (Алла оған разы болсын) риуаят етілген.
Хадистің мәтіні: «Рамазан айы келсе, жәннат қақпалары ашылып, тозақ қақпалары жабылады және шайтандар шынжырланады». Рамазан – Құран түскен ай. Бұл айды Алла Тағала ораза парызымен ерекшелеген. Сонымен бірге, рамазан – жақсылық пен қайырымдылық айы. Рамазанның құрметіне аспан (мейірім) қақпалары ашылады. Сондай-ақ, шайтандар шынжырланады. Бұл – адам үшін үлкен ескерту. Азғырушы шайтан кісенделген уақытта адам ораза тұтпағанына және құлшылық жасамағанына ешбір сылтау айта алмайды. Демек, шайтан шырмауда тұрса да, адамның нәпсісі азғыруы мүмкін. Олай болса, ораза – нәпсімен күресу және оны тәрбиелеу айы.
материал «Оразаға қатысты 200 сұрақ» кітабынан алынды,
ummet.kz