26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Рамазан айындағы ең қажетті дұғалар

Рамазан айындағы ең қажетті дұғалар

Ораза

Рамазанның түндерін намазбен, күнін дұғамен өткізудің маңызы зор. Олай болса, тілге жеңіл, айтуға оңай әрі тез есте сақталатын қазақша дұғалар топтамасын назарларыңызға ұсынамыз.

Кешірім сұрау дұғасы

Иә, Алла! Сен – менің Раббымсың, Сенен басқа ешбір Құдай жоқ. Сен мені жараттың, мен – Сенің құлыңмын. Мен күш-құдіретім жеткенше Саған деген уәдемде әрі сертімде тұрамын және жасаған істерімнің жамандығынан Өзіңе сыйынып, пана сұраймын. Маған берген нығметтеріңді әрі күнәларымды да мойындаймын. Мені кешіре гөр! Шын мәнінде күнәларды кешіретін Сенен өзге ешкім жоқ.

 

Парасатты перзент сұрайтын 5 дұға

1. «Раббымыз! Жұбайларымызды және ұрпақтарымызды көзіміздің қуанышы ет әрі бізді тақуалардың алды ете гөр!» ("Фұрқан" сүресі, 74-аят)

2. «Раббым! Мені және ұрпағымды намазды (барлық шарттарын сақтап, беріле) толық орындаушы ет. Раббымыз! Тілегімді қабыл ал!» («Ибраһим» сүресі, 40-аят).

3. «Раббым, маған Өз тарапыңнан бір игі ұрпақ сыйла! Анығында, сен тілекті Естушісің!» («Əли Имран» сүресі, 38-аят)

4. «Раббым! Маған ізгілерден тарту ет!» («Саффат» сүресі, 100-аят).

5. «Раббымыз! Екеумізді де Өзіңе берілушілерден ет жəне ұрпағымыздан да берілуші үммет ете гөр. Бізге құлшылықтарымызды (амал, тəртіптерін) көрсетіп, күнəмізге шынайы өкініп, Өзіңе бойұсынуға қайтуымызды (тəубемізді) қабыл ет! Күмəнсіз, Сен – Тəубені қабыл етуші, ерекше Мейірімдісің» («Бақара» сүресі, 128-аят)

Расында, адамзат тарихында ғұмыр кешкен талай игі жақсылар, тіпті, пайғамбарлардың өздері Алла Тағаладан салиқалы, ізетті ұрпақ сұраған. «...Шынында, менің сүйегім қаусап, шашым ағарды. Сондықтан маған өз жаныңнан мұрагер бер және оны разылығыңа бөлей гөр» деп жалбарынған Зәкәрия пайғамбарды (а.с) Алла Тағала: «Біз сені Яхья деген ұлмен қуантамыз!» - деп сүйіншілеген. Ал Иса пайғамбарды (а.с) әкесіз тудырған. Ибраһим пайғамбарға (а.с) әбден қартайған шағында Исмаил мен Ысқақ (а.с) атты ұлдарды көруді нәсіп қылған. Бұл – Алла Тағаланың ризық-несібені, бақытты, нығметті себеппен де, себепсіз де бере алатынының, қалаған нәрсесін қалаған уақытта жарата алатынының айқын дәлелі. Демек, артынан қайырлы, өнегелі ұрпақ қалдырып кетуді армандаған адам Алла Тағаланың құдіретінің шексіз екендігін әсте естен шығармауы тиіс. Алла сіз бен бізге қайырлы, берекелі ұрпақ сыйлап, оның тек жақсылықтарын көруімізді нәсіп етсін!

 

Алладан жәрдем сұрау дұғасы

Уа Алла, менің дінімді дұрыс, үйімді кең, ризығымды берекелі қылғайсың. Қатігездіктен, қорлықтан, кедейліктен өзіңе сыйынып пана сұраймын. Уа Алла қатыгездіктен, мақтаншақтықтан, пасықтықтан, сұмғадан және риядан өзіңе сыйынып пана сұраймын.

Уа Алла, менің естуімді, көруімді, мінезімді және сырт келбетімді, отбасымды, өмірімді және амалымды берекелі қылғайсың. Менің ізгі амалдарымды қабыл еткейсің. Сенен жәннәттағы биік дәрежені сұраймын.

Уа Алла, істерімнің қорғаушысы болған дінімді, өмір сүретін дүниемді, қайтып оралатын ақыретімді түзегейсің.

Уа Алла, маған көмектесе гөр және маған қарсы көмектеспегейсің. Мені жеңіске жеткіз және біреуге жығып берме, мені тура жолыңа сал және тура жолыңды маған жеңіл қылғайсың.

 

Тұрмысқа шығу үшін оқылатын 2 дұға

1. Раббымыз! Жұбайларымызды және ұрпақтарымызды көзіміздің қуанышы ет әрі бізді тақуалардың алды ете гөр! («Фұрқан» сүресі, 74-аят)

2. Мағынасы: Раббым! Ақиқатында мен Өзің маған түсірген кез келген жақсылыққа мұқтажбын. («Қасас» сүресі, 24-аят)

Құлының тілегіне жауап қатушы (Әл-Мужииб) Алла Тағала еліміздегі әр бозбала мен бойжеткенге өз жұбын адаспай табуды, салиқалы ұрпақ сүйіп, өсіп-өнуді нәсіп етсін!

 

Ифтар (ауызашар) дұғасы

(ауызашар алдында армандар орындалады)

Абдуллаһ ибн ‘Амрдан Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені жеткізілген:

«Расында, ораза ұстаушының ауызашар алдында жасаған дұғасы қайтарылмайды» (Ибн Мәжаһ 1753, әл-Хаким 1/422)

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) ауызын ашқан соң былай деп айтатын еді:

«Шөліміз қанды, құрғаған тамырларымыз дымқылданды және Алла қаласа, сауапқа кенелдік» (Әбу Дәуд 2357, Бәйһақи 4/239)

ummet.kz

Бөлісу: