26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Рамазан айының уақытын анықтау мәселесі

Рамазан айының уақытын анықтау мәселесі

Ораза

Рамазан айын анықтау мәселесі – баяғыдан бері ерекше назар аударылған әр түрлі пікірталастарға жол ашқан мәселелердің бірі. Пікірталастардың негізі «айды анықтауда көзбен көру шарт па, әлде астрономиялық құрылғылар мен есептеулерге де жүгінуге бола ма?» деген сұрақтарға қатысты.

Фиқһ ғалымдары бұл мәселеде екіге бөлінген:

Біріншісі: Айды көзбен көру

Жаңа туған айды көзбен көру шарт, өйткені Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Рамазан айының туғанын көрген кезде, ораза ұстаңдар. Ал (рамазан айы бітіп, шәууәл) айын көрген кезде айтты тойлаңдар», – деген. Олай болса рамазан айының басталуы мен аяқталуы жаңа туған айды көруге негізделіп тұр. Cондықтан рамазан айының басталуы үшін жаңа айды көру шарт.

Айды көруде, куәгерлердің саны

Егер шағбан айының 29-ы күні аспан ашық болып, бір топ адам жаңа туған рамазан айын көрсе, ертесіне ораза басталады. Әбу Ханифаның көзқарасы бойынша, екі әділ кісінің көруі жеткілікті.

Егер шағбан айының 29-ы күні ауа бұлтты немесе тұманды болып, ай көрінбесе, мұндай күмәнді күні ораза ұстамайды, Шағбан айын 30-ға толтырып, одан кейінгі күні ораза ұстайды. Өйткені қамари айлар 30 күннен аспайды. Алайда мұндай бұлтты күні, халық арасында әділдігімен, шыншылдығымен танылған бір адам (ер немесе әйел), жаңа айды көргендігін айтар болса, барша жұртшылық ораза ұстайды. Бұл адам, жаңа айды көргендігін басшының алдында, басшы болмаса сол елдімекендегі көпшілік жиналатын орталық мешітінде жариялайды.

Рамазан айының аяқталғанын анықтау үшін Рамазан айының 29 күні, күн батқаннан кейін шәууәл айын іздеу қажет. Рамазан айының 29-ы күні ауа бұлтты болған жағдайда екі әділ адам жаңа айдың туғанын көрген болса, шәууәл айының 1-і яғни ораза айт мейрамы басталған болады. Ал егер аспан ашық болып, жаңа туған айды бір топ адам көрсе, ораза бітіп, шәууәл айы басталған болады. Егер шәууәл айын ешкім көрмесе рамазан айын 30 күнге толықтырады.

Екіншісі: Астрономиялық зерттеулерге жүгіну

Астрономия ғылымы қазіргі таңда үлкен жетістіктерге жетіп, ай мен күннің қозғалысын зерттеп, жылдық күнтізбелер жасалуда. Сондықтан жаңа айдың туылғанын астрономиялық есептеулер арқылы білуге болады.

«Айды (рамазан айын) көргенде ораза ұстаңдар» деген хадисте айды көру үшін жалаң көзбен қарау міндеттелген екен деп, басқа тәсілдерді шектеу орынсыз. Ол сол кездің шарттарына қарай оңтайлы тәсіл болып табылған.

Бұған қоса, қамари айдың күн батқаннан кейін көрінуі қамари күнтізбе бойынша өткен айдың аяқталып, жаңа айдың туғанын білдіреді. Жаңа ай туған кезде тым жіңішке болғандықтан әрі өте аз бір уақыттан соң (15-20 минут) жоғалып кететіндіктен жаңа туылған айды көру үшін аса мұқияттылық қажет. Ауада сәл-пәл бұлыңғырлық болған кезде айды көру тіпті қиынға соғады.

Ғибадаттарды өтеуде жеңілдік негізге алынады. Исламдағы бүкіл ғибадаттардың ортақ ерекшеліктері жеңіл, оңтайлы, түсінуге жеңіл болуында. Мысалы, таң намазын оқығысы келген адам шығыс жаққа жалаң көзбен қараса, күннің шығып-шықпағанын анықтай алады. Ал бұдан ешқашан дамыған ғылымның мәліметтерін қолдануға болмайды деген қорытынды шықпаса керек.

Қазіргі таңда астрономиялық есептеулердің нәтижесінде намаз уақыттарын есептеп шығару мен айдың қайсы уақытта басталатындығын анықтау мүмкіндігі бар. Сондықтан бұл жеңілдікті қолдану, заманымыздың талабы.

Айды жақындатып көрсететін (бұлт, тозаң, тұман т.б. бөгеттер кедергі келтірмейтін телескоп секілді) құралғылар арқылы, белгілі шарттармен айды көру, көзбен көрумен тең саналады.

Осындай мәселеде дүние жүзіндегі мұсылман мемлекеттері арасында бір ауыздан келісімге келіп, мұсылмандардың бір уақытта ауыз бекітіп, бір уақытта айтты қарсы алуларын қамтамасыз ету барша мұсылманның ортақ тілегі. Қазіргі фиқһ ғалымдары да осы мәселені оңтайлы шешу үшін үкім беруші қазының шешіміне барлығының бағынуы қажет екенін айтқан. Сондықтан қатардағы азаматтар өз елінің мүфтиятына мойынсұнғандары абзал. Олар мойынсұнғандықтары үшін жауапты болмайды.

материал «Ораза – теңдессіз құлшылық» кітабынан алынды,

ummet.kz

 

Бөлісу: