1. Бір жұтым су болса да сәресіде ішу. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір хадисінде: «Сәресіге тұрыңдар, сәресін жеуде берекет бар», – деген.
Тағы бір хадисте: «Сәресін ішу арқылы күндіз ұстайтын оразаға, түсте ұйықтау (қайлулә) арқылы таһажжүд намазына күш жинаңдар», – деп келеді. Басқа бір хадисінде: «Сәресі тамағы – берекет. Бір жұтым су да болса, оны тастамаңдар. Өйткені сәресіде тамақтанғандарға Алла рақым етіп, оларға періштелер кешірім тілейді», – дейді. Сәресіге тұру адамға күш-қуат беріп, ораза ұстауды жеңілдетеді.
Екінші шапақ атқанға дейін сәресіні кешіктіру – мұстахап. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Үмбетім ауыз ашарда асығып, сәресіні кешіктірген уақытта әрқашан жақсылықта», – деген.
2. Күн батқан кезде намаздан бұрын дереу ауызды ашу. Ауызды құрмамен, яки тәтті бір нәрсемен немесе сумен ашу – мұстахап. Намаздан бұрын ауызды ашып алу абзалырақ. Өйткені Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) аузын ашпай тұрып намаз оқымайтын. Ал тамақты намаздан кейін жеуге болады.
3. Ауыз ашар кезде дұға жасау. Пайғамбарымыз бұл жайлы: «Ауыз ашар кезінде жасалған дұға кері қайтарылмайды», – деген. Ауыз ашарда мына дұғаны оқу – сүннет: Оқылуы: «Аллаһуммә ләкә сумту уә бикә әәмәнту уә ‛аләйкә тәуәккәлту уә ‛ала ризқикә әфтарту уә саумәл-ғади мин шәһри Рамадана нәуәйту, фәғфирлии мәә қаддамту уә мәә аххарту».
Мағынасы: «Алла тағалам! Сенің разылығың үшін ораза ұстадым. Берген ризығыңмен аузымды аштым. Саған иман етіп, саған тәуекел жасадым. Рамазан айының ертеңгі күніне де ауыз бекітуге ниет еттім. Сен менің өткен және келешек күнәларымды кешір».
4. Ораза ұстағандарға бір құрмамен немесе сумен болса да ауыз аштыру. Жағдайы көтерсе тамақ берген әрине абзал. Өйткені Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Аузы берік жанды ауызашарға шақырып тамақ берген – ораза ұстаған адамның алатынындай сауап алады. Аузы берік адамның сауабынан да еш нәрсе кемімейді», – деген. Рамазан жомарттық айы болғандықтан дәулетті жандардың осы айда мұқтаждар мен тұрмысы нашар кісілерге ауыз аштыруы үлкен сауап. Олар тұратын аудандарда ауыз ашуға тамақ таппаған жандардың болмағаны абзал. Мұсылмандық тәрбиенің негізі осындай игі әрекетті қажет етеді. Әрине, мұсылмандық тәрбиемен сусындап өскен жандардың мұндай келеңсіздікке жан ауыртары да белгілі. Өйткені олар «Өзі тоқ жатып, көршісі аш ұйықтаған адам бізден емес» деген хадисті үнемі қаперде ұстайды.
5. Таң намазы кірмей тұрып жүніптік, хайыз бен нифастан тазарыну. Бұл жердегі мақсат – оразаға таза күйде бастау. Оның екінші себебі аузы берік кезде жуынған жағдайда ауызға су кетіп қалып, ораза бұзылуы мүмкін. Әйел адамның түнде хайыз бен нифас қаны тоқтап, жуынбастан ертеңгі күннің оразасына ниет етіп ораза ұстауға бастаса, оразасы жарамды. Сол секілді жүніп болған кісі жуынбай тұрып ораза ұстаса, ораза жарамды. Бірақ ораза бастамастан бұрын жуынып, тазарыну мұстахап болып табылады.
6. Тіл мен басқа ағзаларды күнәдан сақтау. Өсек-аяң, өтірік, ғайбат сөздерді айтпау. Негізінен, жайшылық кездердің өзінде мұсылман кісі мұндай жағымсыз істерден бойын аулақ ұстауы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Өтірік айту мен жұртты алдауын қоймаған адамның ішіп-жеуді доғаруына Алла зәру емес», – дейді. Басқа бір хадисінде: «Небір ораза ұстағандар бар. Оларға шөлдеу мен аштықтан басқа ешқандай пайда жоқ. Небір түнде тұрып, нәпіл ғибадат еткендер бар. Бірақ бұл әрекетінен ұйқысыздықтан басқа ешқандай пайда таппайды», – деген. Сонымен қатар, рамазанда біреу ұрысып-керіскісі келген адамға сабыр сақтап: «Мен оразамын» деу – сүннет. Әбу Һұрайрадан риуаят етілген бір хадисте Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):
«Кімде-кім аузы берік болса, жаман сөз сөйлемесін. Дауыс көтеріп, айқай шығармасын. Біреу оған тіл тигізсе немесе онымен керіскісі келсе, оған: «Мен оразамын», – десін», – деп, мұсылмандарды сабырлық пен әдептілікке шақырған. Құлшылық айының артықшылығын толық сезіне білу үшін бүкіл ағзаларымызға ораза ұстату қажет. Асқазанымызбен қатар көз бен құлақты харамға бітеп, Құранға түру, қиял-санамыздың өзін тек қана жақсылыққа қарай бағыттап, Жаратқан иенің нығметтерін еске алу оразаның дұрыс орындалуына септігін тигізеді. Ибн Хажар әл-Әсқалани: «Кәміл әрі толық ораза – күнә атаулы мен Алла тағаланың тыйым салған нәрселерінен алшақ тұру» деген екен.
7. Ілім үйрену, Құран кәрім оқу, көп салауат айту, дұға оқу және құлшылықты арттыра түсу. Бұл ай құлшылық айы болғандықтан, исі мұсылман баласының көңілі құлшылыққа құмартып, уақытын көбіне зікір-пікірмен, ғибадатпен өткізгені абзал. Құран оқи алатындар жоқ дегенде күніне бір пара Құран оқығаны жөн. Өйткені бұл ай – Құран айы. Әрі Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бен Жәбірейіл (а.с.) осы айда бір-біріне Құран оқитын.
8. Сәресі мен ауыз ашарда қомағайланбау. Ораза кезінде қомағайланып, тыңқиып тойып алмаған жақсы. Өйткені оразаның негізгі мақсаты тәніміз бен рухымызды дем алдыру. Кеш батқанша нәр татпай жүріп, кеш бата салысымен, ашкөзділікпен қомағайлана тамақ жей беру Ислам әдебіне қайшы әрі денсаулыққа зиян.
9. Иғтикафқа кіру. (мешіттен шықпай құлшылық жасау). Ораза айының соңғы он күнінде иғтикафқа кірудің сауабы ерекше. Өйткені иғтикаф – нәпсіні тізгіндеуде ең әсерлі тәсіл. Сонымен қатар, иғтикафқа бекінген кісінің Қадір түніне жолығу ықтималы да көбейеді. Мүслим риуаят еткен бір хадисте Пайғамбарымыздың құлшылыққа құштарлығы ерекше күшейетін. Айша анамыз: «Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) рамазан айының соңғы он күнінде түндерін ғибадатпен өткізетін, отбасын намазға оятып, әйелдеріне жақындамайтын», – деген.
материал «Ораза – теңдессіз құлшылық» кітабынан алынды,
ummet.kz