26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Рамазан айының маңызы мен хикметтері

Рамазан айының маңызы мен хикметтері

Ораза

«Басы – мейірім, ортасы – кешірім және соңы – тозақ отынан құтылу» болған мүбәрак Рамазан айын бізге нәсіп еткен, бізді және басқа барлық болмысты жаратқан, сол жаратқандарының барлығын біздің қол астымызға берген, бізді жер бетінде сұлтан еткен, мүбәрак айлар мен түндерді бізге сыйға тартқан аса мейірімді Аллаға сансыз мадақ айтамыз.

Нығметтердің бізге жетуіне ең үлкен себепші әзірет Мұхаммедке сан мыңдаған салауат пен сәлем жолдаймыз.

Алла берген нығметтер

Бізге шексіз нығметтерін нәсіп еткен – Алла Тағала. Бұл нығметтерге алғыс ретінде үнемі Аллаға құлшылық етуіміз қажет. Бұл – Алланың алдындағы борышымыз, адам болуымыздың шарты.

Егер Алла әділдігімен мәміле жасағанда, бізге «Мен сендерге жиырма төрт сағат бердім, жиырма төрт сағат бойы Маған құлшылық жасайсыңдар» деп бұйырар еді. Бірақ Алла әділдігімен емес, мейірімділігімен мәміле жасап, бізге былай дейді: «Күніне тек бес уақыт Маған бет бұрыңдар, аптада жұма күні Маған бет бұрыңдар және жыл ішінде Рамазанда Маған бет бұрыңдар».

Рамазан айының маңызы

Рамазан айының мән-маңызын толыққанды түсіну үшін «рамазан» сөзінің мағынасын білу қажет.

1. «Рамазан» сөзі «күзгі жаңбыр» мағынасын береді. Жаздан қалған шіріген өсімдіктердің қалдықтары мен қоқыстары жиналып, қурап, шіріп, саси бастайды. Алла тағала күзде нөсерлетіп жауғызған жаңбыры арқылы кір-қоқыстарды тазартады.

Біздің де біліп-білмей жасаған, жүрегімізді, ақыл-ой, сезімдерімізді кірлеткен күнәларымыз бар. Бұл күнәлардан бізді тазартатын Рамазан айының берекесі мен бір ай бойы толассыз жауатын «рақым жаңбыры» болмақ.

Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) намаз бен дәрет туралы хадисінде былай деген:

– Бір адам үйінің алдында ағып жатқан өзенге күніне бес рет шомылса, оның үстінде кір қала ма?

Сонда сахабалар:

– Қалмайды, – деп жауап берді.

– Міне, бес уақыт намаз да сондай, – деп түсіндіреді Пайғамбарымыз.

Рамазан айы да намаз секілді жүректі күнә «кірлерінен» тазартады. Басы мейірім, ортасы кешірім және соңы тозақтан құтылу болып табылатын Рамазан айында ораза және бес уақыт намазбен қатар тарауих, тәһәжжүд және нәпіл ғибадаттармен тазаруға тырыссақ, бұл айға тиесілі рақым дариясына шомылып, күзгі жаңбырға жуынып, аппақ көгершіндей тап-таза бола алмақпыз.

2. «Рамазан» сөзінің тағы бір мағынасы бар. Араб халқы тамыздың аптап ыстығын «рамиза» деп атайды. «Рамазан» сол «рамиза» түбірінен шығып, күннің барынша ысып, тіпті құм мен тасты да күйдіріп жіберуін білдіреді. «Күйдіріп, қуырып жіберетін от» мағынасын білдіретін Рамазан айында Алланың мейірімі күнәларды жағып-тазартатындықтан, бір жыл бойы жасаған барлық күнәларымыз еріп-жанып, тазарып шығамыз.

Бір құдси хадисте Алла тағала былай дейді: «Екі қуанышты бірден бермеймін, екі қорқынышты да бірден бермеймін». Яғни бұ дүниеде ашыққан адам о дүниеде аш қалмайды. Бұ дүниеде Алла үшін аш-сусыз жүрген адамның ақиретте аш-сусыз қалмайтынын мына аяттан да көруге болады: «Оларға былай делінеді: Өткен күндерде істеп, осы жерге жолдаған игі де сауапты істеріңнің қарымы ретінде тәбетпен ішіңдер, жеңдер, ас болсын!» Яғни, фәни дүниеде жеп-ішпегендеріңіз үшін енді жаннатта ішіп-жеңдер деп айтылатын болады.

3. «Рамазан» сөзінің тағы бір мағынасын Пайғамбарымыздың мына хадисінен ұғына аламыз:

«Рамазан айы келген уақытта «Рамазан келді», «Рамазан кетті» демеңдер. Өйткені, Рамазан – Алланың есімдерінің бірі». Құран аяттарында да Рамазан деп айтылмайды, Рамазан айы делінген. Рамазан Алланың есімдерінің бірі болатын болса, басқа мағынасы да бар деген сөз.

материал «Сауабы мол құлшылық – ораза» кітабынан алынды,

ummet.kz

Бөлісу: