26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Рамазандағы құлшылықтың деңгейін қалай сақтаймыз?!

Рамазандағы құлшылықтың деңгейін қалай сақтаймыз?!

Ораза

Қасиетті Рамазан айының аяқталуына да санаулы күндер ғана қалды. Өкінішке орай, Рамазан бізбен қалай қоштасса, адамдарда ізгі амалдарымен, құлшылығымен солай қоштасып, арасын үзіп алып жатады.

Алла Тағала уақыттың кейбір мерзімдерін, күндерді және айларды ардақтағаны әрі оларда жасалатын игі амалдар басқа уақыттарға қарағанда Алла үшін ұнамдырақ және сүйіктірек болатынында күмән жоқ. Әрі Алла мұны Өз құлдарын белсенді ету үшін жасады. Алайда мұны «Басқа кездерде Алланы ұмыту, күнәлар мен бұзақылықтарға оралу, парыз-уәжіптерді орындауда салғырттық таныту керек» деп түсінуге болмайды! Жоқ! Осы ардақты уақыттар, соның ішінде ұлы Рамазан айы да Алланың құлына нәсіп еткен белсенділіктің оған кейінгі уақыттарда да серік болуына себепкер болуы керек. Мұның үстіне, құлшылық пен игілікте орташыл болып, тұрақтылық таныту, белгілі бір мерзімде ғана ынта танытып, кейін оны тастап кетуден жақсырақ. Айшадан (оған Алла разы болсын) Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны жеткізіледі: «Расында, Алла үшін ең сүйікті істер – бұл тұрақты түрде орындалатындары, тіпті олар аз болса да!»  Ал,  Айша анамыздың (оған Алла разы болсын) өзі былай деген: «Егер Мұхаммедтың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) үй-іші қандай да бір амалдарды орындайтын болса, олар оны кейін тастамайтын» (Муслим 782).

Санамызға нұр құйған қасиетті Рамазаннан кейінгі айларда да иманымызды күшейту және оны сақтау, жұмаққа жетелейтін құлшылықтарға ықылас таныту – әрбір мұсылманның мұраты. Ол үшін не істемек керек?

1. Әрдайым Алланы еске алу. Рамазан – Раббымыз бен біздің арамыздағы риясыз құлшылық. Алла Тағала: «Сондай иман келтіргендер, Алланы еске алу арқылы көңілдері жай тапқандар. Естеріңде болсын, Алланы еске алумен жүректер орнығады» ( «Рағыд» сүресі, 28-аят) деген. Ораза – Алланы көбірек еске алуға жетелейтін құлшылық. Біз кейде дүниелік болмашы жетістігімізді, аз-кем байлығымызды, қызметтік өрлеуімізді өзіміздің жеке қабілетімізбен, ақыл-ойымызбен, парасаттылығымызбен байланыстырып жатамыз. Болмашы тамшыдан жаратылған пенде екенімізге мән бермей, Ұлы Алланың құдіретін ұмытып жатамыз. Жер басып жүргеніміздің өзі Жаратушы Иеміздің сыйы, нығметі емес пе? «Мені еске алыңдар, Мен де сендерді еске аламын. Әрі шүкір етіңдер және күпірлік етпеңдер» («Бақара» сүресі, 152-аят).

Аса ұлы Алла құлдарына Өзін еске алуды бұйырды әрі ол үшін қымбат сый уәде етті. Бұл сый – Алла Тағаланы еске алғанның әрбірін Алланың Өзі еске алуы. Сол себепті кез келген уақытта осы бір жеңіл ғибадатты азсынбай, сауабынан үміт ете отырып Алланы еске алудан аузымыз шаршамауы керек. Әсіресе, жол кептелістерінде тұрғанда, жаяу жүріп бара жатқанда, дәрет алуға бара жатқандағы уақытты зікірмен толтырған орынды. Бос уақытта әр нәрсені ойға алып, баға жетпес уақытымызды аялап, екі дүниеде бақытқа жеткізетін зікірді (Алланы еске алу сөздерді) айтуды ұмытпайық.

2.  Өзге де кезеңдерде ораза ұстаудың өзіндік мәні зор. Ораза – Алла Тағалаға жақындататын ең үлкен құлшылықтың бірі. «Жыл бойы ораза болса ғой, шіркін» деп қасиетті айдың қадіріне жеткен адамдар оразадан соң ерекше әсерімен бөлісіп жатады. Десе де, Рамазаннан кейін де ораза ұстауды жалғастырыңыз. Әсіресе, аптаның дүйсенбі мен бейсенбі күндері ораза ұстаудың үкімі – сүннет, яғни бұл Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) істеген іс әрекеті. Айша анамыздың (оған Алла разы болсын) айтуы бойынша Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дүйсенбі мен бейсенбі күндері ораза ұстауға аса мән берген. Осы екі  күні апталық істеген істеріміз Аллаға ұсынылып, Оның құзырына көтеріледі. Пайғамбарымыздың аталмған екі күні арнайы ораза ұстауының себебі сол. Алла елшісі өзінің бір хадисінде бұл жайында былай дейді: «Дүйсенбі күні мен бейсенбі күні (апталық) істеген істер Аллаға ұсынылады. Менің істерім Аллаға көтерілерде аузымның берік болғанын ұнатамын» деді (Тирмизи). Сондай-ақ, ризығы мол оразаның тағы бірі – Шәууал айындағы оразаның да сауабынан құр қалмаңыз. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Кімде кім Рамазан айының оразасынан соң Шәууәл айында 6 күн ораза ұстаса, бір жыл ораза ұстағандай болады» – деп,  бұл айда ұсталатын алты күн оразаның мол сауабын сүйіншілеген (Сахих Муслим). Рамазан айында түрлі себептермен кей күндерін қаза етіп алған кісілер Шәууәл айында әуелі Рамазанның қазасын өтеуіне де, сонымен бірге Шәууәлдің алты күндік нәпілін ұстаса да болады. Ал, Шәууәл айында 6 күн ораза тұту Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сүннеті болғандықтан алдымен оразаның қазасын өтеу абзал.

3. Рамазанда Алланың сөзіне көбірек  үңілдік. Ой түйдік, әсерлендік. Тірілер үшін түскен қасиетті Кітапты неге басқа айларда да серігімізге айналдырмасқа. Үнемі Құран оқудың өзімізге де, өзгеге де, отбасына да, қоғамға да пайдасы мол. Құранның әрбір әрібін оқыған сайын сауап жазылып, Алланың берекеті жауады. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мен сендерге егер нық ұстасаңдар еш адаспайтын екі нәрсе қалдырып барамын, ол – Алланың Кітабы (Құран Кәрім) және менің Сүннетім» деген (Әбу һурайрадан Сахихул Жәмиғ риуаят еткен). Құран – Алланың берік тұтқасы әрі ашық нұры. Ол тұтқадан ұстағанды Алла Өзі сақтап, ол нұрға ергендерді Алла Өзі құтқарады. Алла Тағала күллі адамзатты: «Ей, адамдар! Тәңірлеріңнен сендерге насихат, жүректеріңдегі дерттеріңе дауа, мұсылмандарға тура жол және жарылқау ретінде Құран келді». («Юнус» сүресі, 57-аят), «Біз Құраннан имандылар үшін шипа және мейірім түсіреміз» («Исра» сүресі, 82-аят) деп сүйіншілейді. Жүрек Құранмен тазарады, тыныштық табады, көркем мінез-құлыққа бастайды. Кейбір адамдар тәкәппарлық, қызғаныш, күншілдік, қанағатсыздық, құмарлық, екіжүзділік, күйзеліс секілді жүрек ауруларына шалдығып, емделу шараларын қарастырып, психологтардың есігін қағып жатады. Асылында, мұндай науқастың дәрігерлері – Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мен ізгі ғалымдардың жолын ұстанушылар екенін ұмытпайық. Алланың сөзі Құран – дәрі-дәрмек секілді. Дәріні уақытынан кешіктірмеу әрі дәрігерлер бұйырғандай етіп қабылдаудан дертіңізден оп-оңай айығасыз.

4. Әрдайым дұғада болу. Отыз күн бойы Алла Тағалаға дұға-тілектерді көбірек айтып, мұң-мұқтажымызбен бөлістік, қажетімізді сұрадық. Рамазанда мейірімді, дұғаны қабыл етуші Алла Тағала басқа айларда да осынау теңдессіз сипатынан айырылған емес, айырылмайды. Дұға – мұсылманның қорғаны, қаруы, сүйеніші. Мұхаммед Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендердің Раббыларың – Ұялшақ және Жомарт. Ол өзіне қол жайып сұраған құлының қолын бос қайтаруға ұялады» деген болатын (Әбу Дәуд, Тирмизи). «Құлымның қолын бос қайтаруға ұяламын» деген Кең, Жомарт, Жауап беруші Алла Тағала –  әрдайым уәдесінде тұрушы.  Аса мейірімді Алла Құранда: «Ал, қашан құлдарым сенен Мен туралы сұраса, күмәнсіз, Мен өте жақынмын. Қашан Менен тілесе, сұраушының тілегіне жауап беремін» («Бақара» сүресі, 186-аят) дейді. Сахаба Әбу Сағид әл-Худрий риуаят еткен хадисте Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Мұсылман баласы күнәлі емес және туысқандық қатынасты үзуге бағытталмаған бір дұға жасаса, Алла оған үш жауаптың бірін береді, олар: не дұға-тілегін лезде кешіктірмей қабыл етеді, не қиямет күнге сақтап қояды, немесе дұға-тілегіне тең келетін жамандықты қайтарады», – дейді. Сонда мұны естіген сахабалар: «Ондай болса, дұғаны көптен-көп жасайық», – дейді. Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) де: «Алла одан да көп береді(яғни, жомарт)», – дейді». Ақ пен қараны айыру қабілеті берілген қадірлі Омар да (оған Алла разы болсын): «Мен  жауапты ойлап,  уайымға салынбаймын, өйткені, менің ісім – Оған дұға жасау. Егер маған дұға жасау бұйырылса, жауап та онымен бірге келеді» деген екен. Ал ғалымдар «Мені шақырыңдар, жауап беремін» («Ғофир» сүресі, 60-аят) деген аятқа байланысты: «Алла Тағала саған дұға жасауға мүмкіндік берсе – жауап бергісі келгені» деп сүйіншілейді.

Сондықтан, қай жерде, қай уақытта болмасын әрдайым жүрегіңіз дұғада болсын!

ummet.kz

Бөлісу: