26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Рамазанның соңғы он күні – Жәннатқа кіру мүмкіндігі

Рамазанның соңғы он күні – Жәннатқа кіру мүмкіндігі

Ораза

Қазір біз Рамазан айының соңғы күндеріне таяп қалдық. Бұл күндер аса маңызды. Белгілі хадистерде келтірілгендей, Рамазанның соңғы он күні – Тозақтан құтылу кезі.

Рамазан айының жартысы өтіп кеткенде көптеген мұсылмандар біраз босаңсый бастайды – ораза мен түнгі құлшылықтардың ізі біліне бастайды. Солай десек те, осынау ерекше бір кезден барынша пайда алуға тырысып қалған абзал. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) өзі де солай жасаған. Айша анамыз (р.а.) былай келірген:

«Рамазанның соңғы он түні басталғанда, Алла Елшісі (ﷺ) түнді құлшылықпен, намаз оқумен өткізетін, отбасын оятып, құлшылықта жігерлі болатын».

Ал, біз не істей аламыз?

1. Уақытты зая өткізбейік:

Біздің асыл дінімізде уақыттың құндылығы жайында аз айтылмаған, ал Рамазан кезіндегі қымбат уақытты жоғалтпау аса маңызды.

Босқа кеткен уақытты қайтару мүмкін еместігін есіңізден шығармаңыз. Келесі Рамазанға дейін әлі бір жыл күту керек – кім біледі, келесі оразаға дейін тірі боламыз ба, жоқ па? Тіпті, Алланың қалауымен, тірі жеткен күннің өзінде аяқ-астынан күтпеген жағдайлар болып қалуы мүмкін, мысалы үшін, күтпеген жерден қатты ауырып қалып, ораза ұстау мүмкіндігінен, өзге де құлшылықтар жасаудан шеттеп қалуымыз әбден мүмкін ғой...

2. Үй шаруасына жұмсайтын уақытыңызды азайтыңыз:

Бұл әсіресе қыз-келіншектерге қатысты. Алдымызда Ораза айт келе жатыр, демек, қыз-келіншектердің көбі Рамазанның соңғы күндерін барынша құлшылық жасап, сауап алуға жұмсаудың орнына, үйлерін ретке келтіріп, дүкен аралап, ораза айтқа мол дастархан жасау қамына кірісіп кететіні өтірік емес.

Әрине, бұл жерде үй жинама, дүкен аралама, тамақ алма деген емес, бәрі болсын, тек шеткен шығып кетпеу керек. Алтын уақытты пайдасы шамалы дүниелерге ауыстырып алмайық. Айттың алдында үйіңізді де жинап, туғандарыңызға сыйлық та алып үлгеретін уақыт болады, әр нәрседе ұстамдылық болған жөн. Үй шаруасын тек өз басыңызға ғана үйіп-төгіп алмай, отбасы мүшелерін түгелдей жұмылдырыңыз, сонда шаруаңыз өздігінен дөңгеленіп жүре беретін болады.

Дастархан жасауда да ұстамдылық танытыңыз, бір ай бойы ораза ұстаған адамның ағзасын шамадан тыс тамақтандырудың қажеті де пайдасы да шамалы екенін есіңізден шығармаңыз. Ысырапшылдыққа бой алдырмаңыз. Әр нәрсенің өз орны болғаны абзал.

3. Мүмкіндігіңіз болса Құран оқыңыз:

Құран оқудың құндылығы мен маңыздылығы жөнінде ұзақ-сонар сыр шертуге болады. Сенімді хадистерде былай келтірілген:

«Қайта тірілу күні ораза мен Құран адам үшін куә болады. Ораза: «Уа, Алла, мен оны күні бойы ас-судан, өзге де тілектерінен тыйдым, енді оған шапағатшы болуға рұқсат бер», - десе, ал Құран: «Уа, Жаратушым, мен оны ұйқыдан айырдым, енді оған шапағатшы болуыма рұқсат бер», - деп айтады (Ахмад).

Сондай-ақ, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) былай айтқан: «Сендердің ең жақсыларың – Құран оқитындарың әрі оған басқаларды үйрететіндерің» (Сахих әл-Бұхари).

4. Ренжітіп алған адамдарыңыздан кешірім сұрауды ұмытпаңыз:

Алла Тағаланың кешіріміне қол жеткізу шарттарының бірі өзге адамдардың алдындағы өкпе-реніштерімізді жуып-шаю болып табылады, яғни, өзгені кешіру арқылы біз Алланың кешіріміне қол жеткіземіз. Біреу-міреуді ренжітіп алған болсаңыз, соны түзетудің дәл уақыты келді деп біліңіз.

5. Мейірімділік танытып, өзіңізді күнәдан тыйыңыз:

Мейірімділікті есімізден шығармайық. Сырқат адамдардың қалын білейік, ораза ұстағандарға ауыз аштырайық, ауызашар ұйымдастыруға қаражат бөлейік, маңайымыздағы адамдарға барынша мейірімділік таныта білейік. Ешкімді ренжітпеуге, біреудің құқығын бұзбауға тырысайық. Өсек-аяңға, ғайбатқа жоламайық, ешкіммен ұрсыспайық.

6. Рамазанда алдыңызға қойған мақсаттарды жүзеге асыруға тырысыңыз:

Рамазан басталардың алдындаәрбір адам өзінің алдына дұрыс мұрат-мақсаттар қоятыны белгілі, мысалы Құраннан бірнеше сүре жаттау, нәпіл намаздар оқу, ата-аналарымызбен хабарласып, қал-жағдайларын білу, берген уәделерімізді орындау, ғайбат айтудан тыйылу, өзгенің өмірін талқылауды қою және т.б. Егер Рамазан айының басында бұл мақсаттарыңызға қол жеткізбеген болсаңыз, онда әлі де қасиетті айдың хайыр-берекесі таусылмай тұрғанда бар күш-жігеріңізді салып, қамданып, алдыңызға қойған мақсаттарды іске асыруға тырысып қалыңыз. Алланың қалауымен, мақсаттарыңыз іске асып та кетер.

Алла Тағала біздің күнәларымызды жарылқап, құлшылықтарымызды қабылдап, дұға-тілектерімізді орындап әрі Өзінің разылығын алуға нәсіп етсін!

ummet.kz

Бөлісу: