26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Аз тамақтанудың 10 пайдасы

Аз тамақтанудың 10 пайдасы

Ораза

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Алла Тағаланың құзырында ең мәртебелі болғандарыңыз – көп ойланып, аз тамақтанатындарыңыз. Ал Алланың құзырында ең сүйкімсіздеріңіз – көп тамақтанып, көп күліп және көп ұйықтайтындарыңыз», – дейді.

Рамазан айы да – нәпсі тәрбиесі үшін тамаша бір мүмкіндік. Аз тамақтанудың, ашығудың адамның рухани кемелдігіне пайдасы өте көп. Осы орайда, Имам Ғазалидің «Аз тамақтанудың пайдалары жайлы» 10 кеңесін ұсынамыз:

«Бірінші пайдасы: Аштықта жүрек саф және нұрлы болады. Ал тоқтық – адамның жүрегін көр етіп, ой ойлап, пікір жүгіртуіне тұсау болады. Көп тамақ жеуден пайда болатын бу миға шауып, адамның ақымақ болуына жол ашады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Аз күлумен жүректеріңді тірілтіңдер. Аштық және аз жеумен тазаланыңдар. Өйткені жүрек аз жеумен саф және жұмсақ болады». Сондай-ақ былай деген: «Тыңқия тамақ жеу арқылы жүректеріңдегі мағрифат нұры сөніп, хикмет нұры көзден ғайып болмасын. Өйткені мағрифат – Жәннат жолы. Аз тамақ жеу де – жәннаттың қақпасын қағу.

Екінші пайдасы: Аз тамақтанудан ой-пікір мен жүректе сезімталдық пайда болады. Бұдан адам зікір мен дұғаның ләззатына қауышады. Ал көп тамақтанудан жүрек қатайып, қатыгездік пен қайғы пайда болады. Жүнәйд Бағдадидің айтуынша, дастарханды өзі мен Алланың арасында перде еткен адам мінәжаттың ләззаты мен дұғаның ақиқатына жете алмайды.

Үшінші пайдасы: Тоқтықтан пайда болған жаман ниет, ашкөздік, қанағатсыздық және ғапылдық – жәһаннамның оты тәрізді. Аз тамақтанудан адамда дәрменсіздік, әлсіздік сезімдері пайда болады. Бұдан құл өзін Алланың алдында дәрменсіз және әлсіз бір жандай көреді. Бұл әлемдегі барлық қазыналар Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ұсынылғанда, ол бұлардың ешбірін қабыл етпей: «Бір күн аш, бір күн тоқ жүруді әлемдегі барлық қазынадан да қатты сүйемін. Себебі аш болған уақытымда сабыр етемін, тоқ болған уақытымда шүкір етемін», – деген.

Төртінші пайдасы: Тым тоя тамақ жеген адам аштардың жағдайын түсінбей, оларды ұмытады. Мейірімділік сезімдері жойылады. Ақыреттің азабын естен шығарады. Аз тамақтанып, аш болған уақытта жәһәннам иелерінің тартқан аштығы мен шөлін ақыл-есінен шығармайды. Ғапылдыққа түспейді және ақырет сапарына көркем түрде дайындалады. Хазіреті Жүсіп пайғамбарға (ғ.с): «Сен қазынаның құлағын ұстап тұрсаң да не үшін аш жүресің?» – деген екен. Сонда Жүсіп: «Егер тоқ болсам, аштардың жағдайын ойламай, олардың қиындығын ұмытамын ба деп қорқамын», – деген екен.

Бесінші пайдасы: Барлық бақыттың басы – адамның өз нәпсісін тізгіндеуі және оны өз билігіне алуы. Ал барлық бақытсыздықтың басы – нәпсі қалауының құлы болу. Жыртқыш және жабайы аңдар аштықпен үйретілгені секілді адамның нәпсісі де аштықпен, оразамен тәрбиеленеді. Барлық жамандық пен күнәлар шәһуаттан келеді. Ал шәһуаттың қайнар көзі – тоқтық. Хазіреті Айша (р.а): «Пайғамбарымыздан кейін шыққан ең алғашқы бидғат – тыңқия тамақ жеу», – деген. Көп тамақтанған жан көп сөйлеп, көп өсек айта бастайды. Қалауы көбейеді. Өзгелердің кемшілігін іздеумен айналысады. Ұятты жерін арсыздықтан қорғаса да, көзін харамнан қорғай алмайды. Аз тамақтану және аш қалу арқылы адам өзін бұл бәлелердің бәрінен қорғай алады.

Алтыншы пайдасы: Аз тамақтанған жанның ұйқысы да жеңіл болады және аз ұйықтайды. Аз ұйықтағандығы үшін де түнгі ғибадаттарына бөлетін уақыты да болады. Пікір (тәфәккүр) және зікірмен (тәзәккүр) айналысу арқылы жоғары дәрежелерге жетеді. Көп тамақтанатын адамды ұйқы басады және көп ұйықтайды. Өлі секілді серейіп жатады. Қадірлі өмірінің көп бөлігін босқа өткізген болады.

Жетінші пайдасы: Аз тамақтанған адам қанағатшыл болады. Іліммен және амалмен айналысуға уақыты көп болады. Көп тамақтанатын адам уақытының көбін сол тамағына қол жеткізу үшін сарп етіп, уақытын ысырап қылады. Әбу Сүлейман әд-Дарани былай дейді: «Тоя тамақ жеген адамда мына халдер пайда болады:

– Ғибадаттан ләззат алмайды;

– Құран жаттауы және жаттағандарын ойында сақтауы қиындайды;

– Әркімді өзі секілді тоқ деп ойлағаны үшін адамдарға деген мейірімділік сезімі азаяды;

– Жүрегі қатаяды;

– Шәһуаты артады;

– Мүміндер мешіттердің айналасында жүрген уақытта, ол дәретханаларды жағалап жүреді.

Сегізінші пайдасы: аз тамақтанумен дене сау болады. Бірқатар аурулардан, дәрі-дәрмекке жұмсалатын шығындардан, дәрігерлерден құтылады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ораза ұстаңыз, деніңіз сау болады», – дейді.

Тоғызыншы пайдасы: Аз тамақтанғанның шығыны да аз болады. Ондай жандардың артық мал-мүлікке де қажеттілігі болмайды. Барлық бәлелер, күнәлар және рухани дерттер мал мен ақшаға деген қажеттіліктен туады. Күнде жақсы және көп тамақ қалайтын жан ол тамақтың қалай дайындалғанына мән бермейді. Харам ба, халал ма, оған көп бас қатырмайды. Қалай қол жеткізгенін зеттеумен айналысатындай уақыты да болмайды. Сол себепті күмәнді және харам ас жеуден тартынбайды.

Оныншы пайдасы: Аз тамақтану арқылы өз нәпсісімен күресте жетістікке жеткен жан мал-мүлкінен садақа беруге, пақырларды жарылқауға, сабырлы және қанағат иесі болуға шамасы жетеді. Асқазанға түскен әрбір астың соңғы барар жері – дәретхана. Ал садақа мен зекет ретінде берілген әрбір нәрсенің соңғы жетер жері – Алла Тағаланың сый-сияпаты. Пайғамбарымыз қарны шыққан семіз адамды көріп: «Бұл қарынға салған нәрсені басқа жерге (садақа ретінде) бергенің сен үшін қайырлы болар еді», – дейді.

ummet.kz

Бөлісу: