26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Рамазан айында ораза ұстаудан босатылған 7 адам

Ораза

Алла Тағала өзі жаратқан пенделеріне кеңшілік етіп, жеңілдіктер жасап қойған. Оның әмірімен Рамазан айында мына адамдар ораза ұстаудан босатылды:

Науқас  адам

Алла Тағала былай деді: «Ал біреу науқас, не сапарда болса, басқа күндерде оразасының санын толтырсын». («Бақара» сүресі, 185-аят).

Науқас адамға ораза ұстау қиын болса немесе ораза оның ауруынан тез жазылып кетуіне кедергі болса, ол оразасын тоқтатады.

«Ораза ұстауды қалдыру үшін  аурудың салмағы қандай болуы керек?» деген мәселеде ғалымдардың пікірі әртүрлі. Кейбір ғалымдар Алла Тағаланың сөзіне сүйеніп: «Ауру атауының барлығына оразаны қалдыруға рұқсат етеді», – деген. Алайда, ол пікірдегі ғалымдар аурудың салмағын сараламады.

Егер ауру кішігірім тұмау, аллергия сияқты адамды әлсіретпейтіндей болса, яғни, қиындықтар туғызбаса, онда ол ораза ұстауы тиісті делінген.

Ибн Омардан Пайғамбардың  (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дегені жеткізіледі: «Ақиқатында, Алла Тағала Өзінің тыйымдарының бұзылуын жек көретініндей, тура сол сияқты Өзінің түсірген жеңілдіктерінің қабылданғанын да жақсы көреді». (Ахмад 2/108, Ибн Хиббан 2742, әл-Қада’и 1078. Хафиз әл-Мунзири, хафиз әл-Хайсами хадистің сахихтығын растаған. «Мәжма’у-з-зауаид» 3/165, «Сахих әт-тарғиб» № 1059)

Сапарда жүрген адам (мусафир)

Алла Тағала: «Ал, біреу науқас не сапарда болса, басқа күндерде оразасының санын толтырсын», – деген. («әл-Бақара» сүресі, 185-аят).

Сапардағы адамға үмметтің бірауызды келісілген пікіріне (әл-ижма) сәйкес, аузын ашуға рұқсат етіледі әрі бұл оның ағзасының жағдайына немесе сапардың қиын не жеңіл болуына байланысты емес. Тіпті, оның жолы жеңіл әрі қиындықсыз болса да, оған ораза ұстамауға және намаздарын қысқартып оқуға рұқсат етілген.

Сапарға шыққан адам ораза ұстаса да, ұстамаса да болады. Бұл жайлы Әнас (оған Алла разы болсын): «Біз Пайғамбармен (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бірге жиі сапарда болатынбыз әрі ораза ұстаушы адам ораза ұстамаған адамды, ал ораза ұстамаған адам ораза ұстаған адамды сөкпейтін», – деген.  («Әл-Бұхари». 1947).

Кәрі адам

Ибн Аббас (Алла оған разы болсын): «Ораза ұстауға шамасы келмейтін кәрі ер мен әйелге ораза ұстамауға және оны өтемеуге рұқсат етілді, бірақ, жіберілген әрбір күні үшін бір кедейді тамақтандыруға бұйырылды», – деген.   (Әл-Бухари, 7/179.  Әд-Дарақутни, 2/205).

Бұл жазылып кетуге үміттенбейтін науқастарға да қатысты. Себебі, ғалымдар бұл турасында: «Жазылып кетуге үміті жоқ науқас ораза ұстамайды және әрбір (ораза ұстамаған) күні үшін бір кедейді тамақтандырады әрі осы жағдайда ол кәрі адамға тең етіледі», – деді.

Жүкті және емізулі баласы бар әйел

Әнастан (Алла оған разы болсын) Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деп айтқаны хабарланады: «Ұлы әрі Құдіретті Алла сапардағыларды оразаның ауыртпалығынан және намаздың жартысынан, ал жүкті және емізулі әйелдерді оразаның ауыртпалығынан босатты».  (Әт-Тирмизи, 715.  Абу Дауд, 2408.  ән-Нәсаи, 2277).

Жүкті және емізулі баласы бар әйелдер өзі немесе баласы үшін қауіп сезінсе, оразасын тоқтата алады. Алайда, олар ораза ұстай алса, онда оларға оразаны қалдыруға тыйым салынады. Себебі, Алла Тағала: «... ал сендер үшін ораза ұстау жақсырақ, сендер білсеңдер еді!», – дейді.  («Бақара» сүресі, 183-аят).

Жас бала және ақылынан адасқан адам

Айшадан, Алиден, Саубаннан және басқа да сахабалардан (Алла оларға разы болсын) Алла Елшісінің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «(Жаман істерді жазатын періштенің) қаламы үшеуден көтерілген (жазбайды): баладан, ол кәмелетке толғанша; ұйқыдағы адамнан, ол ұйқысынан оянғанша; және ақылдан алжасқан, ол ақыл-есін жиғанша», – деп айтқаны жеткізілген.  (Ахмад, 1/104.  Абу Дауд, 4398-4402.  ән-Нәсаи, 3432.  Ибн Мәжаһ, 2041.   әд-Дарими, 2296.  Ибн әл-Жәруд. әл-Бәйһақи 6/57.  әл-Бәззар, 1540).

Ғұламалар: «Ақылынан алжасқан адамдар өздерінің іс-әрекеттері үшін жауап бермейді, алайда, белгілі бір уақыттарда ғана ақылы ауытқып, басқа уақыттарда ақыл-есі дұрыс болса, онда ол ақыл-есі  сау кезде ораза ұстауы керек. Ақылы ауысқан кезде, ол оразадан босатылады. Егер, ол ораза кезінде ақылын жоғалтатын болса, бұл оның оразасын бұзбайды. Бұл біреудің ауруға немесе басқа бір себептерге байланысты ақыл-есін жоғалтатыны сияқты. Өйткені, ол ақыл-есі сау кезінде ораза ұстау ниетіне ие болатын», – дейді. Бұл пікір  қояншық ауыруымен ауыратын адамдарға (эпилептиктерге) да қатысты.

Денсаулығы үшін қауіптенетін адам

Егер адамды қатты шөл немесе қатты аштық қысса әрі ол өліп қалатынынан немесе денсаулығына айтарлықтай әсер ететін немесе соған парапар нәрсе орын алуынан қауіптенсе, онда ол оразасын тоқтатып, оны кейінірек өтесе болады. Өйткені, өз өміріңді сақтау – парыз.  (“Әл-Мухаллә” 6/228. «Қауанинуль-фиқһия»  82).

Ал, өз өмірін сақтамау – Алла Тағаланың әміріне қарсы, күнәға апаратын қадам. Бұл жайлы Алла Тағала: «Өздеріңді өздерің өлтірмеңдер, Алла сендерге мейірімді ғой», – дейді.  («Ниса» сүресі,  29-аят).

Бірақ, шыдауға болатын мазасыздықтан, яғни, шаршаңқы сезініп және ауруын уайымдау себебімен оразаны тоқтатуға болмайды. Ауыр жұмыстағы адамдарға оразасын тоқтатуға рұқсат етілмейді әрі олар  келесі күні де ораза ұстауға ниет етулері керек. Алла Тағала: «Кім Алла Тағаладан қорықса, Ол оған бір шығар жол пайда қылады және Алла оған ойламаған жерден ризық береді. Ал, кім Алла Тағалаға тәуекел етсе, сонда Ол оған жетіп асады», – дейді.   («Тәлақ» сүресі, 65-аят). 

Етеккірі келген және босанғаннан кейінгі қаны келіп жатқан әйел

Етеккірі келген немесе босанғаннан кейінгі қаны келіп жатқан әйелдерге ораза ұстауға тыйым салынады. Бұл туралы ғалымдар бірауыздан келіскен.  

«Етеккірі келген әйелдер ораза ұстамаулары» керек деген пәтуаға қарсы, кейбір адамдардың қойған «дініміздің кемшілігі неде?» деген сұрағына Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын):  «Етеккірі басталған әйел намаз оқуын және ораза ұстауын доғармайды ма?», – деген  хадисі дәлел болады.  (Әл-Бухари, 304.  Муслим, 2/132).

Сондай-ақ, «босанғаннан кейін қаны келіп жатқан әйел де ораза ұстамайды» деген үкім, Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Умм Сәләмадан жеткен: «Босанғаннан кейінгі қаны келген әйелдер қырық күнге дейін намаздан тыйылатын", – деген  хадисіне сай айтылған.  (Ахмад,  6/203.  Абу Дауд, 1/311. әл-Бағауи, 2/136).

Әлбәтте, оларға намаз оқуға тыйым салынған болса, онда ораза ұстауға да тыйым салынғаны. Пайғамбардың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сахабалары мен олардың ізбасарлары (табиғиндер) «әйелдер босанғаннан кейін қырық күн бойы намаз оқымаулары және ораза ұстамаулары керек, тек, егер олар (босанғаннан кейін келетін қаннан) ертерек тазармаса» дегенге бірауызды келісімде болған.    (“Нәйлюль-әутар” 1/274).

Рамазанның есігінен аман-есен аттай тұра ораза ұстамаған адамға Алла Тағаланың назары түспейтінін, ондай адамдар Алла Тағаладан алыстап қалатынын ұмытпайық.

ummet.kz

Бөлісу: