26
Бейсенбі,
Желтоқсан

һижри

Ораза ұстаушының бір күндік жоспары

Ораза ұстаушының бір күндік жоспары

Ораза

Әне-міне дегенше қасиетті Рамазан айына да 14 күн уақыт қалды. Көмекке, сүйіспеншілікке, құлшылыққа толы күнге, Жұмаққа апаратын күнге дайындығыңыз қалай? Көмек ретінде ораза ұстаушының бір күндік жоспарын ұсынамыз.

Сәресінің алдында тәһәжжудқа тұрып, дұға етіңіз!

Нәпіл намаздардың ішіндегі ең абзалы ол – түнгі тәһәджуд намазы.  «Тәһәджуд» сөзі «һужуд» түбірінен шығады, оның мағынасы ұйқы. Ал, «тәһәджуд» – ұйқыдан кейін ояну дегенді білдіреді  

Шариғаттағы мағынасы – Құптан намазынан кейін, бір ұйықтап тұрып, түнде оқылатын нәпіл намазды «тәһәджуд» дейміз.

Ел терең ұйқыда жатқан сәтте, тәтті ұйқысын бөліп, мамық төсектен Аллаға мінәжәт етуге тұрған мұсылмандарға Жаратушы жанында зор сыйлық бар. Құран Кәрімде Жаратушымыз мүмін пенделерін сипаттай келе былай деп өтеді:

«Олардың жамбастары төсектерінен ажырап, (түнде ұйқыдан тұрып,) Раббыларынан қорқа-дәмете жалбарынады. Сондай-ақ олар берген несібемізден тиісті орынға жұмсайды. Жасаған жақсы істеріне орай сақталған,  оларды қуантатын зор сыйлық барын ешкім білмейді» (Сәжде сүресі – 16-17 аяттар).

Ауыз бекітіп, Алланың бұйрығын орындаған кез келген мұсылман алдымен дайындығын сәресіден бастайды. Ораза ұстаған адамның күні бойы шаршамай, оразаны қиналмай өткізуінде сәресінің алар орны ерекше. Әсіресе, жұмыс жасап, күндіз бір сәт тынығып ала алмайтын жандар үшін. Алдымен ас мәзіріңізден ащы, тұзды, майлы, тым қою, қуырылған тағамдарды, кофе мен қою шайды, тәттілерді (кондитерлік өнімдер), фаст-фуд, газдалған сусындарды алып тастаңыз. Себебі бұлар ағзаңызды әлсіретіп, тез шөлдетіп, қарныңызды тез аштырады. Орнына тары, талқан, балғын көкөністер мен жемістер, күріш, сүт өнімдерін қолданыңыз. Суды тамақтанып болған соң ішкен абзал. «Күндіз шөлдеп қалмайын» деп таңертең суды тым көп ішуге де болмайды, тамақты да асықпай, аз-аздан жеңіз, қарным ашып қалады деп қатты тойып алмаңыз.

Дәретке ерекше ықылас танытыңыз!

Мұсылман адам таң на­ма­зы­на дай­ын­да­лып та­ха­рат (дәрет) алуы тиіс. Бұл тура­сын­да Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі бол­сын) бы­лай дейді: «Кім жақсылап дәрет ал­са, оның күнәлары денесінен ары­ла­ды, тіпті тырнақ ас­ты­нан бол­са да шығады» (Муслим).

Мүмкіндігінше мұсылман адам таңғы на­маз­ды оқып болған соң сол оқыған жерінде таң атқанша отырғаны аб­зал. Бұл уақытта ол Құран оқып, не­ме­се Аллаға жал­бары­нып, дұға тілеуіне бо­ла­ды.

Таңғы уақытты дұрыс пайдаланыңыз!

Алла Тағаланың сыйлаған тағы бір берекелі таңын дұрыс әрі тиімді пайдалануды әдетке айналдырыңыз. Арайлап атқан таңның шапағы берекелі уақыт саналады. Кімде-кім таң атқанда ояу болса, күнделікті несібесін молынан жинап алады деген сөз. Пайғамбарымыз  (оған Алланың игілігі мен сәлемі бол­сын) былай деген: «Таң намазын оқығаннан кейін ырыздықтарыңды табудан қапыда қалып ұйықтамаңдар» (Табарани). Әркім өз ырыздығын бір орында отырып табуы мүмкін емес. Ертерек тұрып, ертерек қамданса Алла Тағала нәсіп етіп, дегеніне қол жеткізеді. 

Құранды көп оқыңыз!

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі бол­сын) «Алла Тағала: «Құранмен шұғылдану (яғни, Құранды жаттау, мағынасын ұғу, арабшасын оқу, т.с.с.) себебінен зікір және дұға етуге уақыты болмаған адамға барлық дұға етушілерге бергеннен артық беремін», – дейді» деген  (Тирмизи). («Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи») Ибн Аббас (р.а.) айтады: «Расулалла (оған Алланың игілігі мен сәлемі бол­сын)  адамдардың жомарты болатын. Ал, Рамазанда Жәбірейілмен (а.с) кездесетін кезде ерекше жомарттық ететін. Жәбірейіл (а.с) Рамазанның әр түнінде Расулалламен (оған Алланың игілігі мен сәлемі бол­сын) жүздесіп, Құран оқитын». («Фатхүл-Бари» шарху «Сахихил-Бухари»)

Түскі на­маз бен екінті намазының аралығында тынығып алыңыз!

Осы уақытта мұсылман адам тарауих намазын өткізіп алму үшін және түнгі құлшылыққа ықыласты болу үшін тынығып алу­ы­на бо­ла­ды. Тіпті 10-20 минуттық ұйқының бір күнге жететін берекесі болады. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі бол­сын) бесін мен асыр намазының арасында ұйықтаған.

Мұқтаждарға қамқорлық етіңіз!

Рамазан қайырым мен қамқорлық айы. Адам нәпсі тәуелділігінен Аллаға құлшылық етуге құштарлық танытатын ай. Таң атқаннан күн батқанға дейін нәпсі бұғатынан босап, Аллаға жан тәнімен құлшылық етіп жүрген мұсылмандар осы айдың мүмкіншілігін барынша пайдалануға тырысады. Әсіресе, Құранда сенімді шынайылықтың белгісі болып есептелетін садақа, қайырымдылық жасау тұрғысында жарысып жатады. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі бол­сын) Рамазан уақытында оразаның құрметіне барынша жақсылық істеуге тырысып, бар уақытын дінді жеткізіп, мұқтаждардың қажетін өтеуге сарп ететін.

Иман келтіргендерге қуаныш сый­лаңыз!

Қолыңыздан келгенше жақыныңызға, тіпті танымасаңыз да мұсылман бауырыңызға жәрдем жасап, көмек қолын созыңыз. Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі бол­сын) бы­лай де­ген: «Ең игі істер: мұсылман бауырыңа қуаныш сый­лау – оның қарызын өтеу, оны тамақтандыру» (Байһақи).

Жамандыққа жақсылықпен жа­у­ап қайтарыңыз!

Мүмкіндігінше өзгеге тіліңізбен де, қолыңызбен де зиян келтірмеуге тырысыңыз. Пайғамбарымыз  (оған Алланың игілігі мен сәлемі бол­сын!) бы­лай де­ген: «...егер оны біреу балағаттаса, ол «менің аузым берік» десін» (Бу­ха­ри, Муслим).

Екінті на­ма­зына ертерек қамданыңыз!

Азаншының айтқан аза­нын тыңдап, сөздерін қайталау, азан­нан кейін жоғарыда ай­ты­лып кет­кен дұғаларды оқысаңыз болады. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі бол­сын) бы­лай де­ген екен: «Екінті намазының ал­дын­да төрт ра­кат на­маз оқыған адамға Алланың мейірімі бол­сын» (Тир­ми­зи).

Садақа беруде бірінші болыңыз!

Алла елшісі (оған  Алланың игілігі мен сәлемі бол­сын) бы­лай деді: «Кімде-кім садақа ретінде адал жол­мен тапқан бір түйір құрманы бер­се, Алла оны сен­дер құлыншақтарыңды өсіргендеріңдей етіп ол  садақаны да үлкен тауға айналғанға дейін өсіреді (Бу­ха­ри, Мус­лим).

Ауызашарға асығыңыз!

Алла Тағаланың: «Ораза ұстағандардың ішінде Менің ең жақсы көретін құлдарым – ауыз ашуға асығатындары», – дегеніне сай («Әл-Жәмиъус-Сағир»), күн батқаннан кейін ауыз ашуды кешіктірмеген дұрыс.

 – құрмамен не­ме­се су­мен ауыз ашу;

 – ауыз ашар дұғасын оқу;

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Шын мәнінде, ора­за тұтушының ауыз ашар­да сұраған дұғасы, жа­у­ап­сыз қалмайды» (ибн Мад­жа).

 

Ора­за тұтушылар үшін ауыз ашар жа­саңыз!

Бір жұтым су мен бір түйір құрманың қадіріне жеткізетін қасиетті айда аузы берік өзге де мұсылман бауырларыңызға ауыз ашар жасап екі есе сауапқа кенеле аласыз. Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі бол­сын) бы­лай деді: «Ора­за тұтқан адам­ды тамақтандырған адам ора­за тұтқанмен бірдей сауапқа кенеледі».

Азан мен қамат арасындағы дұғаны оқыңыз!

Азан мен қамат арасындағы дұғаны оқу арқылы сауап жинаңыз. Аб­дул­лах бин Муғаффал (оған Алла разы бол­сын) бы­лай айтқаны мәлім: «Бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі бол­сын!) бы­лай де­ген: «Әрбір екі шақырудың (азан мен қамат) ара­сын­да – намаз» деп үш рет қайталайды және үшіншісінде «бұл қалаған адамдар үшін» деп қосады (Бу­ха­ри, Мус­лим).

На­маз­дан кейінгі зікірлер айтыңыз!

Әбу Ума­ма (оған Алла ра­зы бол­сын) ба­ян­дай­ды: «Бірде Пайғамбардан (оған Алланың сәлемі мен игілігі бол­сын) бы­лай деп сұраған екен: «Қай дұғаға жау­ап алуға көбірек үміт бар?», сон­да ол: «Түн ішінде және па­рыз намаздар­дан кейін Ал­ла­дан жал­ба­ры­нып сұралған дұғалар» деп жа­у­ап береді»

Алла Тағала қасиетті айда жасайтын барлық құлшылықтарыңыз бен дұғаларыңызды қабыл етсін!

ummet.kz

Бөлісу: