25
Сәрсенбі,
Желтоқсан

һижри

18. Оразаның мустахабтары

Ораза

«Мустахаб» деп шариғат орындалуын оң көрген сүннәт амалын айтады. Мысалы, нәфіл намаз оқу, нәфіл ораза ұстау.

Мустахабтың үкімі: істеген сауапқа ие болады. Мустахаб-ты істемеген күнәһар да, жазалы да болмайды.

Ораза мәселесіне келер болсақ, оразаның мустахабына мына амалдар жатады:

1. Күн батқаннан кейін ауыз ашуға асығу.[1] Жаратушы Ие ауыз ашуға асығудың артықшылығына қатысты: «Менің ең жақсы көретін құлдарым[2] – ауыз ашуға асыққандары»,-десе,[3] Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Ауыз ашуды кешiктiрмеумен[4] адамдардың амандыққа кенелуi[5] жалға-сады»,-деген.[6]

Әбу Ъатыййа (родиял-лаһу ъанһу) айтады: «Мен және Масрұқ (родиял-лаһу ъанһу) екеумiз Айшаға (родиял-лаһу ъанһа)кiрдiк. Масрұқ (родиял-лаһу ъанһу): «Расулуллаһтың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) екі сахабасы жақсы iске алаңдайды. Олардың бiрi ақшам намазымен ауыз ашуға асықса, екiншiсi ақшам намазымен ауыз ашуды кешiктiредi»,-дегенде, Айша (родиял-лаһу ъанһа): «Ақшам намазымен ауыз ашуға кiм асығады?»,-деп сұрады.

- Абдуллаһ ибн Масъуд (родиял-лаһу ъанһу).

- Расулуллаһ та (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) солай iстейтiн».[7]

2. Ауызды құрмамен ашу.[8]Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтады: «Оразасын ашатындарың аузын құрмамен ашсын.[9] Себебі, құрма – берекет.[10]Құрма таппаса, сумен ашсын.[11] Өйткенiсупәк нәрсе».[12]

Әнас ибн Малик (родиял-лаһу ъанһу) айтады: «Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) намаз оқудан алдын[13] аузын жаңа үзiлген құрмамен ашатын. Жаңа үзiлген құрма болмаса, кептiрiлген құрмамен ашатын. Ол да болмаса, бiрнеше ұрттам су iшетiн».[14]

3. Ауыз ашу сәтінде көп дұға ету.[15]Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтады: «Ораза ұстаған адамның ауыз ашқан сәттегі дұғасы қабыл».[16]

4. Сәресі ішу.[17]Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтады: «Үш нәрсе пайғамбарлық әдетке[18] жатады. Ол: ауыз ашуды кешіктірмеу,[19] сәресіні кешіктіру және намазда оң қолды сол қолдың үстіне қою».[20]

5. Сәресіні кешіктіру.[21]Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтады: «Сәресiнi[22] iшiңiздер! Өйткенi сәресiде береке бар».[23]

6. Шомылатын жағдайда түнде шомылу.[24]

7. Құранды көп оқу.[25]Ибн Аббас (родиял-лаһу ъанһу) айтады: «Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) адамдардың жомарты болатын. Ал Рамазанда Жәбрәилмен (ъаләйһис-саләм) кездесетін кезде ерекше жомарттық ететін. Жәбрәил (ъаләйһис-саләм) Рамазанның әр түнінде Расулул-лаһпен (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) жүздесіп, Құран оқитын».[26]

Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтады: «Алла Тағала: «Құранмен шұғылдану[27] себебінен зікір және дұға еткенге уақыты болмаған адамға[28] барлық дұға етушілерге бергеннен артық беремін»,-дейді».[29]

8. Мұқтаждарға көп қамқорлық ету.[30]Бұл мәселеге жоғарыда келтірілген Ибн Аббастың (родиял-лаһу ъанһу) риуаяты дәлел бола алады.

9. Иғтикәф[31] ету.[32]Рамазан иғтикәфы – сауапты әрі өте маңызды амал. Айша анамыз (родиял-лаһу ъанһа): «Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айлардың iшiнде Рамазан айында, әрi Рамазан айының соңғы он күндiгiнде құлшылықта ерекше ыждағат-тылық ететін»,-дегеніне сай,[33] Рамазанның соңғы он күндігінде иғтикәф еткен адам мол сауапқа қол жеткізген болады.

Абдуссамад Махат

«Нұр Астана» мешітінің наиб имамы

 

 



[1]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[2] ораза ұстағандардың ішінде. («Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир»)

[3]«Муснадүл-Имами Ахмад». Себебі, бұл сүннәтқа сай. Имам Әл-Қари: «Бұл хадиске амал ету Жаратушы Иенің сүйіспеншілігін нәсіп етеді»,-деген. («Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир»)

[4] яғни, Пайғамбарымыздың с.ғ.с. ауыз ашуды асықтыру сүннәтін орындаумен. («Тухфатүл-Ахуази»)

[5] яғни, күн батысымен ауыз ашумен рахатқа кенелуі. Сонымен қатар, Пайғамбарымыздың с.ғ.с. сүннәтін ұстануына сай сауап та көбейе түседі. («Сахихүл-Бухари»)

[6]«Сахихүл-Бухари».

[7]«Сахиху Муслим».

[8]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[9] ауызды құрма немесе сумен ашу – мустахаб, яғни шариғат оң көрген сүннәт амалына жатады. («Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи»)

[10] Имам Әт-Тоййиби айтады: «Өйткені құрмамен ауыз ашуда мол сауап пен берекет бар». («Тухфатүл-Ахуази») Құрмамен ауыз ашу сауапты іс. Бұл – шариғат талабы. Құрманың мынадай қасиеті бар: адам құрмамен ауыз ашқан сәтте, құрма асқазан қыртыстарында қалып кеткен тамақтың қалдықтарын тазалайды». («Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир»)

[11] оразашыға ауыз ашқанға су да жеткілікті немесе сумен ауыз ашу сүннәт амалы болу себебінен. («Тухфатүл-Ахуази»)

[12] яғни, тазартушы нәрсе. Имам Әт-Тоййиби айтады: «Себебі су ғибадаттың дұрыс болуына кедергі болатын нәрсені кетіреді. (мысалы: нәжісті) Сондықтан да Хақ Тағала құлдарына суды нәсіп етумен жарылқаған». («Тухфатүл-Ахуази»)

[13] яғни, ақшам намазын оқудан бұрын. Бұл ауыз ашуды кешіктірмеу мустахаб екеніне меңзейді. («Тухфатүл-Ахуази»)

[14]«Таһзибу сунәни Әби Дауд». Хадис ауызды жаңа үзілген құрмамен, ол болмаса кептірілген құрмамен, ол да болмаса сумен ашу мустахаб екеніне дәлел. («Тухфатүл-Ахуази») Имам Ибн Әл-Қоййим айтады: «Ауызды сумен ашудың қолайлылығы мынада: ораза асқазанды босатқаннан кейін, бауыр денеден қоректене бастайды. Бұл өз кезегінде дененің қуаттылығына әсерін тигізеді. Осы себептен оразаны жаңа үзілген құрмамен ашқаннан қолайлы жолы жоқ. Жаңа үзілген құрма болмаса, кептірілген құрмамен де ашса жақсы. Ол да болмаса сумен ашқан жөн. Себебі су асқазанды сусындатып, оразаның қызуын басады. Әрі асқазанды ас қабылдауға әзірлейді». («Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир»)

[15]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[16]«Сунәну Ибн Мажәһ».

[17]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[18]яғни, пайғамбарларға тән әдетке.

[19] ханафи мазһабы бойынша Күн батқаннан кейін алдымен ауыз ашып, кейін ақшам намазын оқу – мустахаб. («Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи»)

[20]«Әл-Жәмиъус-Сағир». Ханафи мазһабы бойынша намазда оң қолды сол қолдың үстіне қою – сүннәт. («Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи»)

[21]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[22] араб тілінде сәресіні «сухур» деп айтады. Ал «сухур» деп таң атудан бұрын тамақтануды айтады. Ораза ұстайтын адамның сәресі ішуі мустахаб, яғни шариғат оң көрген амалына жатады. Бұл мәселеде ғалымдардың арасында ихтиләф, яғни келіспеушілік жоқ. («Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир») Сонымен қатар, сәресіні таң атқанға таяу ішу де мустахабқа жатады. («Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи»)

[23]«Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир».Имам Әл-Ъирақи айтады: «Берекеден мақсат: сауап». («Файдүл-Қадир, Шархүл-Жәмиъис-Сағир») Яғни, сәресі ішу берекелі іс. Мұның себептері мәселесіне келер болсақ, ол: қазақ «Ас – адамның арқауы» демекші, сәресі оразашыны қуаттандырып, күні бойы дәм татпай жүрудің машақатын жеңілдетеді. Тілек қабыл болатын тәһәжжүд намаздың уақытында тұрып дұға етуді нәсіп етеді. Сәресі ішкен адам Пайғамбарымыздың с.ғ.с. сүннәтін тірілткен болады. Сәресі құлшылыққа деген ықыласты пайда етеді. («Фатхүл-Бари» шарху «Сахихил-Бухари»)

[24]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[25]Бұл да сонда.

[26]«Фатхүл-Бари» шарху «Сахихил-Бухари».

[27] яғни, Құранды жаттау, зерттеу, оқу т.с.с.

[28] яғни, Хақ Тағала Құранды жаттау, оқу немесе мағынасын ұғыну ісімен шұғылдануы себебінен дұға, зікір т.с.с. ғибадат түрлеріне уақыт таба алмаған пендесіне.

[29]«Әш-Шаъб». Яғни, үнемі дұға етушілерге бергеннен абзал нәрсе береді. Бір адам тәтті немесе басқа бір жейтін нәрсені таратып жатқан уақытта сол нәрсені алатын біреу оған көмектесетін болса оның тиесілі ақысы сол нәрсені таратудан алдын бөлек алынып қойылатыны бәріне мәлім. Басқа бір хадисте: «Мен оған шүкіршілік етуші пенделеріме берген сауаптан да артық сауап беремін»,-делінген.

[30]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[31] иътикәф – ғибадат ниетімен мешітте болу.

[32]«Фиқһүл-ъибадат ъаләл-мазһабил-ханафи».

[33]«Сахиху Муслим».

Бөлісу: